Жаңалықтар

Бұқара қуанышы - басшының да қуанышы

Бұқара қуанышы - басшының да қуанышы

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл! Елдігіміз үшін елеулі той туралы айта бергің келеді. Өңір үшін тағы бір мақтаныш – осынау дүбірлі тойға арналған негізгі шаралар облыста өтетін болды! «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, бүгінде облыс әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, бірқатар республикалық сала мамандары тойдың қамын ойласуға кіріскен. 

Кезінде мәртебелі мерейтойды қай өңірде тойлау керектігі талқыға түскені белгілі. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұсынысымен, таңдау ақыры екі мың жылдан астам тарихы бар киелі Таразға түсті. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы: «Біз бұл бастамаға өзіміз ұсыныс айттық. Өйткені, біздің өлкеде осыдан сан жылдар бұрын Талас пен Шу өзені бойында, Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығын құрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осылай деген біздің ұсынысымыз басты назар аудартып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен той Таразда өтетін болды. Ал тарихи танымдағы ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция Астана төрінде өтпек. Қарахан мен Айша бибі секілді аңыз тұлғалары бар, көне Тараз сияқты жәдігері тарих қойнауынан аршылып жатқан біздің өңірде аталмыш тойды өткізудің өзі үлкен сый. Бұл бәрімізге зор жауапкершілік жүктейді. Бұл той елдігіміздің елеулі тарихы және осы салтанатты сәттің куәсі болатын біздің әрқайсымыздың тарихымыз» деді мұндай мәртебелі құрмет пен сенімге ие болған жүрекжарды қуанышын бөлісіп. Елдіктің ең басты тойының Таразда тойланатынын жамбылдық жұртшылық та жылы қабылдады. Осы орайда Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Рашид Бакиров: «Тараз қаласының ел тарихымен сабақтас мерейтойларды атап өтуде үлкен тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, Тараз қаласының екі мың жылдық тарихын кең көлемде атап өтті, Төле бидің 350 жылдығы, Батыр Бауыржанның 100 жылдығы да осында өтті. Сол торқалы тойлардың барлығы облыс орталығында өз деңгейінде тойланды. Бұл мерейтойларды еліміздің азаматтары ғана емес, шетелден келген қонақтар да ризашылықпен тамашалап кетті. Міне, биыл облысымыз еліміздің тарихы үшін тым айрықша мерейтойды атап өтуді өз жауапкершілігіне алып отыр. Мұны да өз деңгейінде өткереді деген сенімдеміз» дейді. Енді өңір азаматтарының алдында тарихи Тараз төрінде тойланатын тойға бірлікпен және біліктілікпен атсалысып, абыроймен атқару ісі күтіп тұр.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».