Мәдениет

Ән әуелеген әсерлі кеш

Ән әуелеген әсерлі кеш

Өнер өлкесінде өрнекті өлең, әуезді ән жазып, құйқылжыта шырқаған сазды дауысымен танылып жүрген Перизат Оспанованың «Ән мен жырым – қазынам» атты шығармашылық кеші өтті. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында ұйымдастырылған әдеби- сазды кешті орталықтың «Ерке сылқым» би үйірмесінің бишілері «Аққу» биімен ашты. Өнерге өз үлесін сазгерлігімен қосып жүрген Қалия Сейітхалыққызы және орталықтың «Асыл Ана» әжелер ансамблі аналық ақ тілектерін арнап, әннен шашу шашты.

Жалпы, Талас ауданындағы ат төбеліндей ғана ауылдан жиырмадан аса ақын, жазушы шыққаны көпке мәлім. Сол жолды жалғаған Перизат Шахабайқызы тумысынан берілген дарынын біліммен ұштастырып, «Абай атындағы гуманитарлық колледждің» хор дирижер бөлімінен білім алған. Сонымен қоса, Тараз институтының «Бастауыш сыныптар мұғалімі» мамандығын да меңгерді. Шығармашыл ұстаздың өлеңдері 2006 жылы «Алтын бесік», 2007 жылы «Жақсы жыр іздеп, шөлдеймін» атты жыр жинақтарына енгізілді. 2007 жылы айтыскер Әзімбек Жанқұлиевке арналған айтыста жүлдеге ие болды. 2013 жылы облыстық ақындардың жыр жинағына өлеңдері енгізілді. Бүгінгі таңда ақынның үш жүзге жуық өлеңі, 30-дан аса әні бар. Ол тек ақын-сазгер, ұстаз ғана емес, көпбалалы ана. Оның туындылары таныстырылған әдеби-сазды кеште шәкірттері әндерін орындады. Ал, өлеңдерін «Анаға тағзым» орталығының «Ана тілі – шешендік өнер» үйірмесінің қатысушылары мәнерлеп оқыды. Өзі де жанына серік еткен гитарасымен «Ауылды қимай кетемін», «Мейірімді ұстазға» әндерін шырқады. Айта кетейік, ол «Мейірімді ұстазға» әнін өзіне білім берумен қатар, анасындай мейір шуағымен баурап, білім нәрімен баулыған мұғалімі Сейсекүл Исматоваға арнаған. Кештің ажарын келтірген өнерпаздардың бірі – облысымызға белгілі жұлдызды жұп, Жаңабаевтар ансамблімен танымал Нұржан мен Нәзия Перизат Оспанованың сөзіне жазылған «Асыл жарым» әнін көптің назарына ұсынды. Әуезді ән тербеген әсерлі кешті өнерпаз Перизат Оспанованың ұстазы Сейсекүл Исматова мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және кеш кейіпкерінің достары, ақын Есет Досалы, журналист Гүлжан Рахман жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қорытындылады. Кеш соңында «Анаға тағзым» орталығы атынан Перизат Шахабайқызына құрмет көрсетілді.