Обал туралы ой
Обал туралы ой
...Ертеректе бір шет жатқан ауыл ортасындағы алаңқайда жылан ордасы болыпты-мыс. Әлгі жерді адам аяғы баспайды екен. Жылан ордасына тек Құсатай атты көзі көрмейтін қарт шал әр жұмада көк есегін жайына қойып, ұзақ отырады екен. Не істеп, не қояды, беймәлім. Болжам көп. Құсатайдың құсы, жыланы бар дейді екен ел-жұрт. Өзін мейлі, сыртынан келеке-мазақ еткендерге де түнде құсы мен жыланын жібереді екен. Құсы қанатымен терезені сабалап, жыланы қойнына кіріп, түні бойы жаныңды көзіңе көрсететін көрінеді. Құсатай сондай-ақ, кімнің не ойлап жүргенін де біліп қояды-мыс. Жаман пиғыл, бұзық ойы барларға да түнделетіп құсы мен жыланын жібереді екен. Тоқетері, жыланмен тілдеседі, сірә, өмірі жұмбаққа толы, құдіреті мол адам, деп ой түйеді екен көпшілік. Күндердің күнінде Құсатай соқыр мүлде із-түссіз жоқ болып кетіпті. Оның қыстағына барғандар жағаларын ұстап оралды. Шалдың тастан қалаған шағын тұрағы да ұшты-күйлі жоқ десті. Аузы аңқайған жұрттың айтары қалмады. Оқта-текте әркімнен әрқилы әңгімелер шығып жүрді: «Бәлен жерде жүр екен, түлен жерден көріпті...». Қайсыбірде сол Құсатай мұның түсіне кіреді. «Мені жоғалтып алдыңдар ма? – дейді ол. – Бекер, оларың. Тәубеге келмей опа таба алмайтындарыңды ескерту үшін, Құдіреттің бар екенін естеріңе салып отыру үшін мен мәңгі оралып соғып жүремін», дейді. Бір күні мамыражай ауыл тыныштығын қаптаған техника бұзады. «Көкорай жусан көмкеріп жататын жазалаң беті астаң-кестең, гүріл-сарылы дүниені көшірген техникалар топырағын тегістегенде, жылан ордасын да жым-жылас қылды... Алпыс жыл бойы күнде көріп жүрген жазалаң мен жылан ордасының орны дөңгеленген қап-қара топыраққа айналды». Оны көрген ауыл тұрғындары «Әттеген-ай, бекер болды-ау!» деп үрейленіп жағаларын ұстапты. Кеңес одағы ыдырасымен пысықайлар бар қалған дүниені бөлікке салып, жерге дейін иеленіп алғаны белгілі. «Жолы болып мына ауыл мен оның төңірегін жекеменшікке айналдырып алған жігіт ағасының айы оңынан туып, мыңғыртып мал өсіріп, тиынды – теңгеге, теңгені –долларға айналдырып, Алматыдан коттедж тұрғызып, дүкен мен тойханаларға дейін иемденіп, жегені – алдында, жемегені – артында болып жүргенде Құдай жарылқап Батыс Қытай мен Батыс Европаны жалғастыратын автобан атты жол құрылысы дәл осы жердің қақ ортасынан өтетінін білгенде алтын тауып алғандай қуаныштан жарыла жаздады. Қуанбай көр. Әсіресе, інісінде жан жоқ. Әдепкіден бірді екі, екіні үш етуге епті бауыры Алматыға қалай барды, солай табыс табатын талай шаруаның шаңын шығарған. Кең сарайдай коттеджі, супермаркеті, дәріханасы, жанармай станциясы, тағы біраз дүниесі. Әйелі де ақша жасау мәселесінде бір, айналайын екен. Шүкір, деп келеді, бұл масаттанып. Бермегенде немене, ендігі жерде қиырдағы Қытайдан, қияндағы Европаға ары да, бері де, күндіз де, түнде де автотранспорттар ағылып жатса. Ол адамдарға аялдап, ауқаттанып, көз шырымын алатындай жер керек. Енді қалай. Күншығыс жақ елсіз қу дала, батыс жақ асу, алты ай қыс ақ түтек боран, алты ай жаз аңыраған жел... Ал мына жер нулы-сулы, ықтасын, айналасы көз жауын алатын көкорай. Кафесі, шағын қонақ бөлмелері, жанармай және техникалық қызмет көрсету станциялары бар заманауи комплексті құрылысқа бұдан артық не керек? Айналасына ағаш егіледі. Бірнеше гүлзар және болады. «Сонда оның ана алаңқайды түгел ала ма?» деп сұраған бұл. «Енді ше». «Жылан ордасы бар емес пе?» «Ой, аға-ау, ол кімге керек...» «Құдайдың жанды қылып жаратқаны ғой...» «Құдайдың шаруасы – Құдайдың шаруасы. Біздің шаруа – біздікі, аға...» «Қой, өйдеме». «Енді қайт дейсіз?» «Құдайсыз болмайды ештеңе». «Аға-ау, бүгін жиырма бірінші ғасыр ғой». «Болса ше?» «Ескілікті әңгіме-ертегіге елти бермеу керек». «Япыр-ай, енді...» «Ендігі жерде ерік өзімізде. Бәрінен тәуелсізбіз». – Ағайдың көңіл күйі жоқ па? Не ойлап кеттіңіз? – Обал-сауапты. Бұл суық сөйледі. – Ол не еді? – Қазақбайшылық қой. Ол бізде бар әлі, – деп інісі сөзге араласты. – Бұл кісілерге бәрі обал. – Жандының барлығының обал-сауабы болады, – деді бұл демін терең алып. –Көке-ау, қияндағы Қытай мен қиырдағы Европаға заманауи жол түсіп, ол дәл алдыңыздан өтіп жатқанда, андағыңыз не сөз. –Өтіп жатқан жолдың соның айналасындағының барлығының амандығы ғой, менікі. –Жыланның ордасы ма, сондағыңыз. Оның бар-жоғы кімге керек?! – Өстіп бұзылады ғой, пиғыл. – Пиғылдың не қатысы бар бұл жерде? – Бар айналайын, бар. Обал-сауап жоқ жерде бәрі бұзылады. Дүниең сөйтіп жатқан жоқ па? Үркіп жатыр бәрі. Шашылып жатыр. Биыл ғой, осы өңірде жер үш рет сілкінді. Шорылдақтың аспанға атқылап жататын суы тартылып, тереңге кетті... Осының барлығы Құдайдың ісіне қарсылықтан болып жүрмесін де», деп жазушы Н.Дәутайұлы ағасы мен інісі арасындағы әңгімені аса шеберлікпен өріп, оқушысына бір сәт ой тастайды. « – Ордасында жылан көп болады екен ғой. Мылжа-мылжасы шығып, дымы қалмады. Әлде бірлі-жарымы қалды ма екен, тереңде. – Қалсын, қалмасын, похи, – деді інісі сөзіне орыстың бір сөзін қыстырып. – Алаңқайды түп-түгел цементтеп тастаймын. Астына биіктігі жиырма-отыз сантиметрдей қиыршық тас төсеп. – Қып-қызыл табыстың көзі. Осы заманның адамысың. – Вискиді шайқап ішіп, сырбазды тамсана жеп отырған анау бұған қараған. Солай әңгіме жалғаса береді. Ұйқы қашқан. Ойына не келіп, не кетпейді. Баяғыда Құсатай жоқ болып кеткеннен кейін, араға біраз жыл салып, мұндағы жұрт жаңа орталыққа көшті ғой. Жаман ой, арам істен аулақ жүретін ағайынның сол жаққа барғаннан соң, айдың аманында әдепкідегі ақ жолдан айнып бара жатқандарын естігенде «е, Құдайлайтын». Сонда тәубаларын ұмытқаны ма? Есінде ғой, олар осында тұрғанда, арагідік айтысып, жанжалдасқандай болса, жылан ордасы жақтан ысылдаған дауыс сумаңдап қоя беріп, салғыласып тұрғандар селк етіп, сап тиылатын. Енді келіп... Құлағына ысыл ма, сондай бір суық дыбыс жеткендей, басын көтеріп алып, тұрып отырды. Көзі бүгін түте-түтесі шыққан алаңқай жақта. Ай жарығынан байқайды, ол тұс қап-қара. Кенет соған қарай жарық саулағандай болды. О, құдай, әлгі жарық жерге қонғанда, арасынан адамның сұлбасы елес берді. Анау кім? Құса-тай... Сол ғой. Иә, сол... Көк есегі... Соқыр шал ер үстінде. Жан-жағына үңіле ме... Мұның басы айналып, көзі бұлдырады. Денесі қалшылдаған. Үш ұмтылып орнынан әзер тұрды. Алаңқай жаққа мойнын қайта созып еді, жарықты төбесіне көтеріп, қалқып бара жатқан жаңағы сұлбаны көрді... – Сәскеге дейін жата ма бұ, жұрт, – деген әйелінің даусынан оянған. Таң ағараңдағанға кірпігі әзер айқасып еді. – Төрежанды оятсаңшы, шай дайын, – деді әйелі. Екінші қабатқа көтеріліп, інісінің есігін ашқан. Сол мезет тоққа түскен адамдай, тіл-ауыздан айырылып, тұрған орнында тұншығып, құлап бара жатты. Інісінің мойнына сала құлаш қара бас ақ жылан оратылып қалыпты», деп қорқынышты көрініспен аяқталады әңгіме. Оны оқып отырып төбе шашыңның түбірлері шымырлап, демің тарылып, жүрегің қысылып, алпыс екі тамырыңды жиі-жиі соқтырып, жан дүниеңді астаң-кестең ететіні рас. Қазіргі сайқымазақ, дүрбелеңге толы мына аласапыран күндерде күндіз-түні дүние қуып, ақша табуды өмірінің басты кредосына айналдырған тойымсыз, тоғышар имансыздардың, құдайсыздардың іс-әрекеттерін, пиғылдарын және оның немен аяқталатынын көркем тілмен, ғажап шеберлікпен келтірген автордың еңбегіне аса риза боласың. Қазіргі қоғамдағы ардан безген, ақша табудың артына шам алып түскен пенделердің пиғылын, келбетін ашқан. «Обал дүние» – бүгінгі күнгі, өкінішке қарай, қоғамда жиі кездесетін кейбір пысақай адамдардың кескін-келбетін, адамшылықтан алыстаған, имандары әлсіреген, жүректері кірлеген, ұяттан безген тірліктерін көрсетуімен құнды әңгіме. Қазіргі қоғамда бірін-бірі көпе-көрнеу алдау мен арбау, жолын тауып «лақтырып кету» тіршілігімізге еніп, терең орын алып бара жатқаны көпшілікті терең толғандырады. Қазақ «обал» деген сөздің қадірін біледі. Сонау бала кезімізден ата-әжелеріміз «обал болады!» деген сөзді құлағымызға құйып өсірді. «Нанды жерге тастамаңдар, аяқасты етпеңдер, обал болады», «құмырсқа илеуін таптама, обал болады», «құстың ұясын бұзба, обал болады», «обалды біліп өссең – сауапқа кенелесің» деп жиі айтып отыратын, жарықтықтар. Енді ойласақ, сол сөздерімен бізді мейірбандыққа, әдептілікке, тазалыққа, шынайылыққа, табиғатты сүйіп, аялауды, қолдан келгенше оны күтуге, қорғап жүруге тәрбиелепті. Дала философтарына айналған қайран біздің қасиетті бабалар-ай! «Обал», «сауап» секілді тәрбиелік мәні зор ұғымдар бүгінгі қоғам үшін қажетсіз болып бара ма? Үлкендердің «обал болады», «сауабын аласың» деген сөздеріне немқұрайлы қарап жүргендейміз бе? Ол сөздердің мәнін түсіне отырып, орындау, бұл ұғым-нормаларды келер буын ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдану адамды жақсылыққа жетелейтіні сөзсіз. Аталарымыз адамға кері әсер ететін, жасауға болмайтын іс-әрекеттерге «обал болады» деп тыйым сала отырып, балаларды жаман әдеттен сақтандырса, «сауабын аласың» деу арқылы жақсы істерге жетелеген. Есімде, бала кезімізде келген қонақтардың қолына су құю біз үшін мәртебе болатын. Өйткені, бізді әке-шешеміз «қонақтың қолына су құйсаң, батасын аласың», деп жастайымыздан құлағымызға сіңіріп өсірді. Қариялардың «Бақытты бол, балам!», «Көсегең көгерсін!» деген баталары біздің бойымызға қуат, жігер беріп, мәртебеңді өсіріп, мерейіңді тасытып, биіктерге қанаттандыратын. Қазақ халқының ежелден келе жатқан қонақжайлығы, пейілі мен дастарқанының кеңдігі жайлы әдебиеттерде аз жазылып жүрген жоқ. Атадан балаға мұра болып келе жатқан осы салт-дәстүрлерімізді көпшілігіміз орынды мақтаныш етеміз. Ол туралы шетелдік азаматтар әр деңгейде таңғала айтып, сүйсіне жазып та жүр. Мысалы, қазақ прозасының дарабоз суреткері Тәкен Әлімқұловтың әңгімелері мен хикаяттарын чех тіліне аударған чех жазушысы Ұлы далада еркін өсіп жатқан қазақтың ұлттық салт-дәстүріне сүйсінгендігі соншама, ерекше әсер үстінде ол қазақ жазушысына төмендегідей хат жолдапты: «Сайын далада отырған елдің есіктеріне құлып салудың не екенін білмеуі, жол жүрген жолаушының жолында кездескен үйге, адамы болмаса да өз үйіндей емін-еркін кіріп, үйде бар тағамды жеп, сусын ішіп, шөлін басып, ине-жібіне де тимей, қолданған ыдыс аяғын тазалап, қайталап өз орнына қойып, өз жөніне кете беретіндігіне «Бұл қандай пейілі кең дархан халық?» деп таң болдым», деп ағынан жарылыпты. Шынында, қазақтың қанға сіңген ежелгі дәстүрі бойынша «Құдайы қонақпын» деп ауылына атбасын бұрған жолаушыны құрметті қонағындай күтіп, арнайы қазан көтеріп, ас-су беріп, демалдырып, тіпті астындағы көлігіне жем-шөп беріп, тынықтырып жіберетінін кім білмейді? Ал, қазіргі қазақтың мінезі, пейілі, ойы қандай? Қандай өзгерістерге ұшырады? Оған не себеп? Иә, ой қаузай берсең, санаға салмақ салатын дүние көп-ау, тегі. Кейде сонау алыста қалған, оралмасқа кеткен балалық шақтарың көз алдыңа көлбеңдеп келіп тұрып алатын, сағынышқа толы сәттері болады. Ондай кезде өзің туып-өскен атамекен, тау бөктеріндегі ауыл, табиғат көрінісі мен сол уақыттарда көз алдыңда жүрген адамдардың мінездері, кейбір қылықтары, жарасымды әзіл-қалжыңдары мен іс-әрекеттері есіңе түседі. Жалпы, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайы ол кезде ауыз толтырып мақтап айтатындай болмаса да, сол заманның адамдарының көңілдері мен мінездері, бауырмашылық пен татулықтары, бір-біріне деген адал, мөлдір ниеттері қандай керемет еді, шіркін! Айналайын, ауылдың адамдары-ай! Сендер барда бұзылар заман қалай?! Шуақ ұшып сендердің көңіліңнен, Ауатындай күн нұры маған қарай, – деп әркімнің алтын бесік – аңсар бұлағына көңіл бұрғызған Фариза Оңғарсынова қалай дөп басып жырлаған? Қазір біз «заман өзгерді», «заман талабы» деген сылтаумен қайда кетіп барамыз? Мына қоғамымызға енген урбанизация әлегі болашағымызды не қылар екен? Шіркін, ойын-қалжыңдары жарасқан, бірін-бірі ардақтай білген, құрметтей білген, еңбек десе жанып тұрар, көңілдері дархан, пейілдері кең, ниеттері адал, жүректері таза, қарапайымдылықтары мол, ар-намысын әркез жоғары қойған ауылдың қайран қариялары-ай! Сіздердің орындарыңызды бұл күндері кімдер алмастырып жатыр?!.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург.
Тараз қаласы