Тәрбие ошағында тағылым көп
Тәрбие ошағында тағылым көп
Ерназар ауылындағы сондай, мемлекеттік бөбекжай бақшасы спорт шебері, аударыспақтан екі дүркін ел чемпионы, бұл күнде бақилық болған Жәнібек Әбдікерімовтың есімімен аталады. Мұның өзі аталған ауыл тұрғындарының чемпион перзенттеріне деген құрметтері болса керек. Мектепке дейінгі мекемеде 44 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл тәрбие ошағынан педагогтар мен тәрбиешілердің жүйелі жұмысын көруге болады. 31 жыл тәрбиеші болып тер төккен Шарипа Өмірбаева, 21 жыл еңбек өтілі бар Айгүл Ертаева – жас мамандарға үлгі. Пернеш Тәжібаева мен Гауһар Төлебаеваның да тәрбиеші болып еңбек етіп жүргендеріне 12 жылдан асқан. Аспазшы Қалампырдың өзі 21 жылдан бері осы жұмыстың қиындығына төзіп, қызығына куә болып келеді. Бөбекжай меңгерушісі Үмітжан Жапарованың айтуынша, ауыл тұрғындары балабақшаның жұмысына дән риза. Мұнда бүлдіршіндердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ауылдың мақтанышына айналған Жәнібек Әбдікерімовті еске алу жиындары жиі өткізіліп, спортшының өмір жолы, отаншылдығы жас ұрпақ арасында кеңінен насихатталып келеді. Елдің мақтанышына айналған, ұлттық спорттың дамуына үлес қосқан азаматтың атындағы бөбекжай бақшасы көңілімізге ыстық сезілді. Бұл әулетті де біршама білеміз. Мұнда мектепке дейінгі тәрбиенің озық үлгісі бар. Біз бұл бөбекжайдан балалардың бақытты күлкісін естідік.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы