Әлеумет

«Даму» қорының қолдауы

«Даму» қорының қолдауы

Таразда алкогольсіз сусындар өндіретін зауыттардың қатары артып келеді. Соның бірі – «BDA trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына көп болған жоқ. Дегенмен, жұмысын бастаған үш жылдың көлемінде өндіріс көлемін еселей арттырған.

Компания жетекшісі Ілімдар Тұрановтың айтуынша, серіктестік минералды су мен лимонадтарды шығарумен айналысады. Тауарын көтерме және бөлшек сауда орталықтарында өткереді. Серіктестік 2022 жылы «Халық Банкі» акционерлік қоғамынан айналым қаражатын толықтыру үшін 19,5 пайызбен несие рәсімдеген. Сөйтіп бүгінгі таңда өндіріс көлемін арттырып отыр. – Кәсіп бастау да, оны жүргізу де оңай шаруа емес. Ол үшін мемлекеттің қолдауы керек. Жалпы, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау көп. Өз басым, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалына қайырылып, солардың қолдауымен құжаттарды «Халық Банкіне» тапсырдым. Банк қарағаннан кейін несие мақұлданды, жобаны «Даму» қоры «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның» екінші бағыты шеңберінде субсидиялау құралдары бойынша қолдады. Несие алу кәсіпкерге өнім өндірісін ұлғайтуға және нарықты сусындардың жаңа және сапалы түрлерімен толықтыруға мүмкіндік берді, – дейді ол. Серіктестіктің бас директорының көмекшісі Салим Шадимановтың айтуынша, кәсіпорын қазіргі таңда минералды газдалған сусын және газдалған лимонад өндіруде. Цехта екі бригадир, алты жұмысшы және бас технолог жұмыс істеуде. Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап өңірде «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» аясында 4769, «Кепілдендіру» құралы бойынша 4371 жобаға «Даму» қоры кепіл болған. Оның ішінде өткен жылы «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша 540 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 537 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба, «Кепілдендіру» құралы бойынша 500 жобаға кепілдік берілген.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ