Тараздағы төртінші автосалон
Тараздағы төртінші автосалон
Тұтынушыларына есігін ашты
Облыс орталығындағы «Hyundai Center Taraz», «Вираж», «БИПЭК АВТО» автосалондарының қатары тағы бір бірлікке артты – бұрнағы күні қазақстандық «Астер Авто» компаниясының Тараздағы филиалы ресми түрде ашылды. Мұнда қазірдің өзінде елуге жуық шетелдік автокөлік сатылымға қойылған. Құрылым бүкіл дүниежүзі бойынша көш бастап тұрған Nissan, Mitsubishi, Mercedes Benz, Volkswagen, Subaru, Джип, Reno секілді танымал маркаларды сауда айналымына шығарып отыр. Түр-түсіне, маркісіне, бағасына, басқа да ерекшеліктеріне қарай сатып алушылардың таңдаған жеңіл автокөліктерін бас қоймадан немесе дилерлік орталықтардан – еліміздің кез-келген өңірінен, тіпті Ресейден арнайы автотасымалдаушы техника көмегімен жеткізіп те бере алады.
– Жалпы мекемеміз былтырғы қыркүйек айынан бері жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін елу шақты жеңіл автокөлік саттық. Алармандармен арада мейлінше шынайы қарым-қатынас орнықтыруға күш салудамыз. Көлікті болудың түрлі нұсқалары да қарастырылған. Бізде автокөліктерді сатумен қоса сақтандыру ісі де қоса жүзеге асырылады. Бүгінде «Сбербанк», «Каспий банк», «Еуразиялық банктермен» автонесиелеу жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеудеміз. Аталмыш банктік құрылымдар өкілдерінің несие беру үдерісін тікелей мекемеміздің өзінде жүзеге асыруына мүмкіндік жасалды. Бастапқы төлемі он пайыздан жоғары несиелер бір жылдан бастап, жеті жылға дейінгі уақытқа есептеліп беріледі. Мерзіміне сәйкес пайызсыз несиелеу де бар. Оны бөліп-бөліп төлеуге де болады. Сақтандыру жарнасынан өзге ешқандай да үстеме қосылмайды. Біздегі баға барлық өңірдегі дилерлік орталықтардағымен бірдей, – дейді «Астер Авто» Тараз филиалының директоры Әбілхайыр Найманбаев.
Сатылымға қойылған брендтік көліктер бағалары – 13 мың доллардан 86 мың долларға дейінгі аралықта. Орташа бағаға – 35-40 мың «көк қағазға» құндалып жатқандары да бар. Бірер сағат мұғдарында бірнеше аларманның қалаған автокөліктеріне «сырға тағып», автонесиелеу жолымен алатын болып сауда жөніндегі менеджер Дәурен Әбдірахманмен қол алысқанының куәсі де болдық. Тағы бір тұтынушы азамат 40 мың долларлық «темір тұлпар» құнының жартысын өз қалтасынан, жартысын несие есебінен төлейтін болып келісіп кетті. Несие алу мұнда бірер күн ішінде-ақ шешілетін іс екен. Әйтеуір, алпауыт елдердің маңдайларына басқан «төлқұжаттары» іспеттес «темір тұлпарларына» көз сүзіп қызығушылар да, алушылар да баршылық. Ішкі бақылау қызметкерлері Шардарбек Әлібай мен Артығали Атамқұл да келушілерге салон ішін аралатып көрсетуден шаршар емес. Ең бастысы, автосалон қазірдің өзінде 7 тараздық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Мекеме басшысының айтуынша, алдағы уақытта автосалон желісі кеңейтіліп, қосалқы бөлшектер сату мен автосервистік қызмет көрсету қоса жүзеге асырылатын болады. Осымен байланысты жұмысшыларының саны әлденеше есеге артпақ.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.