Майдангерлерге құрмет жалғасуда
Майдангерлерге құрмет жалғасуда
Қарияларын қадірлеп, құрметтеп, оларды ардақтау – халқымызға тән тағылымды қасиет. Жуырда мұндай игілікті де иманды іс-шара қаладағы №2 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінен бастау алса, ол бұл жолы №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінде лайықты жалғасын тапты.
Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің бір топ өкілдері қарттар үйінде тұрып жатқан 92 жастағы соғыс және еңбек ардагері Надежда Озеранның бөлмесіне келіп, сәлем берді. Ел Президенті Н. Назарбаевтың Ұлы Отан соғысының ардагерін Жаңа жыл мерекесімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаған хатын тапсырып, сый-сияпатын ұсынды, гүл шоқтарын сыйлады. Қарт ана өз кезегінде Президенттің атынан құттықтап келушілерге шын көңілмен ризашылығын білдірді. Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков: «Қариясын қашанда қазынаға, ақыл кені – дарияға балаған халықпыз. Қарттарды сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңізбен, ақыл-кеңестеріңізбен, тәлім-тағылымдарыңызбен жас ұрпақ есейді. Талай жастарды тәрбиелеп, олардың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен» – деп тілегін жеткізді. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев та өзінің жүрекжарды жылы лебізін арнады. Ардагерлер кеңесі жағынан келген өнерпаз зейнеткер-аналар кездесуді ән шашуымен әрлесе, интернат-үйінде тұрып жатқандардың арасынан ұйымдастырылған ансамбль мүшелерінің өнерлері де басқосудың шырайын одан сайын аша түсті. Сөйтіп, көңілдері кірбің тартқан қарттарымыздың қас-қабағы жадырап, көңілдері бір серпіліп қалды. Қарттар үйіне арнайы әкелінген (теледидар және басқа да бағалы заттар) сый-сияпаттарды қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова табыс етті. Өз кезегінде интернат-үйінің директоры Өмен Байшығашев және қарттар үйінде тұрып жатқан зейнеткер-бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Надежда Леущина ардагерлер кеңесіне шын жүректен ризашылықтарын жеткізе келе, осы іс-шараны ұйымдастырушыларға көпшілік атынан алғыстарын айтты.
Алдаберді МАҚАШЕВ.
Тараз қаласы.