Жаңалықтар

Тараздан Польшаға дейін: Google компаниясында жұмыс істеу – әр IT маманының арманы

Тараздан Польшаға дейін: Google компаниясында жұмыс істеу – әр IT маманының арманы

Білім – қолымыздағы шырақ. Қазір осы шырақты ұстап, «оқимын, өсемін» деген жанға әлем көкжиегі айқара ашық. Әлемдік аренада қолындағы шырағымен көзге түсіп, еліміздің атын шығарып жүрген жандар аз емес. Осындай белсенді жастардың бірі – 26 жасында әлемдік Google компаниясының Польшадағы штабында жұмыс жасап жүрген Жантөре Орынбасаров. Ол – Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясының және қазақ-түрік лицейінің түлегі. Оңтүстік Кореяның «KAIST» университетінде білім алған. Әлемдік бренд Cisco-да тәжірибеден өткен. Қазіргі таңда Google-дің Польшадағы штабында software engineer позициясында жұмыс істейді. IT саласының майталманы атанған жігіт жақында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өз саласы бойынша тәжірибесімен бөлісіп студенттермен кездескен болатын. Біз де белсенді жаспен кездесіп, сұхбаттасқан едік.– IT саласына қызығушылығыңыз неден басталды?

– Мектепті бітірген соң Оңтүстік Кореяның KAIST университетіне оқуға түстім. Ол университеттің бір ерекшелігі – жоғары оқу орнына түскен кезде мамандық таңдамайсыз. 1 жыл қалаған курстарыңызды алып, қандай таланттарыңыз бар, соны анықтап, өзіңіздің ерекшелігіңізді көрсете алатын жағдай жасалған. Жоғары оқу орнына түсер алдында математика және биология қатты ұнайтын. Сол пәндерді сүйіп оқыған соң биоинженер боламын деп ойладым. Бірақ, 1-курстың 2-ші семестрінде «IT әлемімен таныстыру» курсы болды және ол курс питон тілінде өтті. Сол курстан кейін бағдарламалауға деген менің махаббатым ашылды. Өйткені, маған математика, логика ұнайтын. Ал, код жазуға келетін болсақ, код жазу кезінде қатаң математика мен логиканы қолдану керек. Бағдарламалау – өнердің бір түрі деп айтсақ та болады. Себебі, сіз белгілі бір мәселені шешер алдында өзіңіздің ойыңызда үлкен әлемді елестетесіз. Ол әлемде неше түрлі инструменттер бар. Сол әлемді компьютерге код ретінде енгізу ол да бір өнердің түрі. Содан кейін мен университетте код жазбаған күнім болмады деп айтсам да болады. Одан бөлек, АҚШ университеттерінің онлайн курстарын сатып алдым. Содан кейін 2-курста «Жүйелік бағдарламалау» курсын оқыдым. Ол курста математикалық логиканың қатаң қолданылуы, компьютердің қалай жұмыс істейтінін терең үйрендім. Осы курс та менің бағдарламалауға деген қызығушылығымды арттырды. Одан соң математиканың практикалық жағын көп оқып, жасанды интеллектпен айналыстым. Профессорлармен біраз жұмыс, жобалар жасап, көп іздендім. Солай бір профессормен бір жобаны қорғап, ең бірінші тағылымдамадан өткен Оңтүстік Кореяның Scalerator деген стартапта да жасанды интеллектпен жұмыс істедім. Ол жақта тағылымдамадан 2 ай ғана өткен соң, жобамды бітіре алмадым. Бірақ, маған жасанды интеллекттің теориялық жағы ұнағанымен, практикалық жағы қызық болмады. Содан кейін Web бағдарламалауға көп назар аудара бастадым. Web бағдарламалауға қатысы бар көптеген онлайн курстар алдым. Соның арқасында екінші тағылымдамадан АҚШ-тың Калифорния қаласында өттім. Оның ерекшелігі, Калифорнияда өткен бір жылдық тағылымдамадан көп нәрсе үйрендім. Бірақ, оны толықтай бітіре алмадым. Өйткені 2020 жылы ковид басталып кеткендіктен, шетелден келген студенттерді үйлеріне қайтарды. Содан кейін онлайн оқуымды бітіріп, 2021 жылы Тик-ток компаниясы Сингапур мемлекетіне мені шақыртқан болатын. Бірақ, сол жылы ковид қатты жүріп, Сингапурға барар алдында ол жақ мүлдем жабылып қалды. Мен оны 4-5 айдай күтіп, сол аралықта басқа жұмысты бастап кеттім. Одан кейін Сингапур ашылып, сол жаққа қайта шақырғанда бас тартып, өзімнің жұмысымды жалғастыра бердім. Сосын 2022 жылы Google-дің Польшадағы штабында бос жұмыс орындары ашық екенін көріп құжаттарымды тапсырып, сұхбаттасулардан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Сол жылы жазда мен Польшаға көшіп, Google компаниясында жұмысымды бастадым. Компанияның ерекшелігі – ол мүлдем басқа масштаб. Менің оған дейінгі жұмыстарымда сервистар жергілікті болатын, ал Google-дің масштабы бүкіл әлемдегі серверлермен, компьютерлермен, клиенттермен жұмыс істейді. Кез келген IT маманының арманы – Google компаниясында жұмыс істеу деп ойлаймын. – Google компаниясында нақты қандай жұмыс істейсіз? Сіз ол жерде қызметкерсіз бе? Әлде өзіңіздің жобаңыз бар ма? – Мен қызметкермін, software engineer. Ол қазақша инженер- бағдарламашы болып аударылады. Код жазамын, яғни қарапайым тілмен түсіндіргенде, сіз WhatsApp желісінде хабарламаны жіберуді басқан кезде, ол хабарлама келесі адамға қалай жетеді, сол біздің тапсырмамыз. Менің жұмыс істейтін командам ол – Google Cloud. Бұл енді-енді дамып келе жатқан өнім. Қазіргі таңда Cloud сервистердің арасында 3-орында. Ass және Microsoft Azure компанияларымен бәсекелеседі. – Мектепті бітірген соң неге Оңтүстік Корея университетін таңдадыңыз? Көп оқушылар мектеп бітірген соң Американың, Европаның университеттерін таңдауға асығады. – Оңтүстік Корея шетелден келген студенттерге қаржы жағынан көптеген көмек көрсетеді. Мысалы, оқу тегін және 300 доллар көлемінде шәкіртақы болды. Қарапайым отбасында өскен маған ол өте үлкен мүмкіндік болды. Сондай-ақ, «KAIST» университеті Оңтүстік Кореяның ең үздік техникалық университеті. Ол Азия мемлекеттерінің ішіндегі үздік үш техникалық университет қатарында. Ал, информатика факультетін алсақ, ол әлемдегі үздік 40 факультеттің ішіне кіреді. Бұл фактілер онда білім сапасының жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан, Оңтүстік Корея университеті мен үшін ойланбай таңдайтын мемлекет болды. – Оңтүстік Кореяда оқып жүргенде Калифорнияда тағылымдамадан өтіпсіз. Неге Оңтүстік Кореядағы бір компанияда тағылымдамадан өтпедіңіз? Әлде шетелге шығу оңай немесе ол жақта вакансия көбірек пе, әлде компаниялар жақсы болды ма? – Мен өзім жоғарыда айтқанымдай, Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан тәжірибем болды. Біздің адамдар «кореялықтар 12 сағат жұмыс істейді, жұмыстан басқа жеке өмірі жоқ» деп ойлайды ғой. Негізі біз қатты қателеспейміз, шындығында олар сондай. Ол жақта адамдар көп, жер көлемі кішкентай болғандықтан бәсекелестік те өте жоғары. Халқының 99 пайызы корей тілінде сөйлейді. Олар шетелден 1 адам келсе, ол үшін ағылшын тілінде сөйлегісі келмейді. Сондықтан, олар сізді жұмысқа алу үшін үлкен талант көрсету керек. Мен сол жақта тағылымдамадан өткен Cisco компаниясы да әлемдік бренд. Олар интернет нарығында 50-60 жылдан бері интернет стандарттарын жасайтын компания. Былайша айтқанда, АҚШ- та тағылымдамадан өтуге мүмкіндік болса, оны кім пайдаланбас?! – Әлемдік деңгейдегі ақпараттық технологиялар саласындағы ірі компания – Google-ға құжат т апсыру қанша уақыт а лды? Бәсекелестік үлкен болды ма? Қалай дайындалдыңыз? – Компанияға жұмысқа тұру үшін арнайы маусымды күтпейсіз. Вакансиялары кез келген уақытта ашыла береді. Қалай орналасқанымды айтсам, алдымен түйіндеме өткізесіз. Одан кейін бір сұхбат болады. Сосын инсайт-сұхбатқа шақырады. Оның өзінде 5 сұхбат болады. Оның төртеуі техникалық, біреуі тәртіпке, мінез- құлыққа қатысты сұхбат. Сол 6 сұхбаттың қорытындысымен олар коммиссияға жібереді. Егер жұмысқа аламыз десе, сізге процесс бойынша команда іздейді. Команда іздеу әртүрлі уақыт алады. Кейбір адамдарда ол 2 апта, кейбірінде жарты жыл. Мен команданы 1 ай күттім. Команда табылған соң сізге ресми түрде Job offer жібереді, яғни жазбаша жұмыс ұсынысы. Оның ішінде жалақыңыз, акциялар туралы барлығы жазылады. Егер берген оффер сізге ұнамаса, өзіңіздің ұсынысыңызды айтсаңыз болады. Google компаниясының сұхбаттарына 2-3 ай дайындалдым. Сол уақыт ішінде техникалық сұхбатқа дайындалған кезде көптеген есептер шығарасыз. Тағы бір айта кететін жайт, Google масштабты компания болғандықтан, сізге бөлінген жүйелер білімі өте керек болады. – Google компаниясында жұмыс істеу үшін неге Польша мемлекетін таңдадыңыз? – Польшадағы офис салыстырмалы түрде жаңа болды. Google компаниясы соңғы 2-3 жылда Польшадағы офисті қарқынды дамытты. Мен келгенде 600- 700 қызметкер бар еді. Қазір олардың саны 1400-ден асты. Тағы бір себеп – Google Cloud. Маған осындай жобамен жұмыс істеген ұнайды. – Жақсы IT маманы болу үшін университетті толыққанды 4 жыл қарқынды оқу керек пе? Әлде адамдар талпынса бірер жыл ішінде жақсы маман бола ала ма? – Күрделі сұрақ. Негізі IT саласында дипломсыз жұмысқа тұра аласыз. Бірақ, шетелге жұмысқа орналасуға мүмкіндік болса, виза үшін диплом керек болады. Шетелде білімін растайтын құжат болмаса, виза бергісі келмейді. Негізі IT саласында Web бағдарламалауды оқуға 2 жыл толықтай жетеді деп ойлаймын. Өзім де университетте оқымаған адамдармен жұмыс істедім. Дегенмен, университет жақсы білім іргетасын қалыптастырады. Мысалы, жүйелік бағдарламалау, операциялық жүйе сынды бастапқы білімді білмегені үшін оларда жұмыста біраз қиындық болуы мүмкін. Сондықтан, мен университеттегі 4 жылым зая кетті деп ойламаймын. – IT саласы бойынша әлемдік 3 университетті айта аласыз ба? – IT саласындағы рейтинг ғылыми мақалаларға көп қарайды. Рейтингте көбінесе американдық университеттер болады. МИТ, Карнеги-Меллон және Стэнфорд университеті әлемдегі үздік үштікке кіреді. – IT с а ласына қызығатын жастарға айтар кеңесіңіз? – Алғашқы кеңесім, жақсы IT маманы болу, ол – талант емес, ол өте үлкен жұмыс, дисциплина және де дұрыс принцип қою. Сондықтан егер сіз IT саласында оқып жүрсеңіз, бір нәрсе дұрыс жүрмей жатса, қолды бір сілтеудің қажеті жоқ. Бұл саланы оқудағы мақсатыңыз қандай болса, сол жолда талмай еңбектеніңіз. Көп студенттердің қателігі, бір нәрсені білмесе, сұрауға қорқады. «Білмеймін» деп айтуға ұялып, көмек сұрамай жүре береді. Ол өте үлкен қателік. Қауымдастық (коммьюнити) ашып, білгеніңізді бөлісіп, білмегеніңізді группаластарыңыздан сұрап, IT жағынан бір-біріңізге кеңес беріп жүріңіз. Яғни, коммьюнити дегеніміз – бір-бірімен интернет арқылы байланыс атын мүдделері ұқс ас адамдар тобы. Одан кейін ағылшын тіліне өте қатты мән беру керек. Өйткені, информатика дегеніміз – ол бүкіл компьютер, интернет, IT, Web бағдарламалау, мобильді қосымша, бәрін қамтиды. Бұл сала көбіне Америкада дамығаннан кейін, ағылшын тілінде көптеген мақалалар, курстар бар. Соның арқасында сізге көп мүмкіндіктер ашылады, сапалы білім аласыз. Тағы да айтқым келетіні, дисциплина. Кез келген курсты, саланы оқығыңыз келсе, ол саланың оқуына сіз жүйелі қарау керексіз. Жарты не 1 жылға жоспар құрып, мақсатыңызды айқындап, әр күнді жүйелі жоспарлап, өзіңіздің мақсатыңызға жету сол – тәртіп (дисциплина). – Қазақстанда IT саласында мамандар дайындау қандай деңгейде? – Қазақстанда IT саласы жақсы дамып жатыр. Мысалы, Google компаниясы КБТУ, СДУ, Назарбаев университетінен көптеген студенттерді жұмысқа алып жатыр. Ол біздің еліміздегі білім саласы қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Сондықтан, Қазақстандағы білім сапасыз деп ойлау дұрыс емес деп ойлаймын. Тіпті, біздің Тараздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті болсын, Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық- гуманитарлық университеті болсын, КБТУ, СДУ-да оқып жатқан студенттерден еш кемшілігіңіз жоқ. Былайша айтқанда, ол әр студентке байланысты. Жақсы оқысаңыз, жақсы IT маманы боласыз. Ал, университет сізге қалай оқу керек, жолын көрсетеді. Одан кейін университеттен басқа қауымдастықта жұмыс істеу. Өйткені, сіз білмейтін нәрсені басқа адам білуі мүмкін. Сол ортада өзіңізге көптеген білім ала аласыз. Одан басқа онлайн курстар бар. Ол курстардың көбісі тегін, ол жақта білім аласыз және практикалық жағынан жобалар жасайсыз. Ол да үлкен тәжірибе. Біздің университеттердің бір кемшілігі – ағылшын тіліне көп мән бермеулерінде. Ал, егер студенттер ағылшын тілін өте жақсы оқыса алдынан көптеген мүмкіндіктер ашылады. Өйткені, интернетте көптеген онлайн курстар тегін беріледі. Стэнфорд, Гарвард, МТИ сияқты атақты университеттердің курстары интернетте тегін тұр. Сол курстардың көбісін оқып, өзімді дамыттым. – Барлығына қызық шығар, сіздің жалақыңыз қанша? – Google компаниясында жалақыны айлық, акция және бонуспен аламыз. Одан басқа менде «on call» деген жұмыс бар. Ол дегеніміз – өз сервисіме кезекші боламын. Сервис сынса немесе басқа бір мәселелер туындаса, сол сервиске жауап беріп, 24 сағат бойы кезекші боламын. Былайша айтқанда, айлық 3500-4000 евро шамасында, акция жылына 16 мың доллардай, бонус жылдық айлықтың 15 пайызы және де «on call» үшін айына 400 мың теңгедей. – Бір жұмыс күніңіз қалай өтеді? Бос уақытта немен айналысасыз? – Таңғы 09:00-де офисқа келемін. Офиста бізде таңғы, түскі және кешкі ас береді. Таңғы астан кейін жұмысыма кірісемін. Кейде жұмыс барысымен кездесулер болады. Одан кейін өзімнің тапсырмама байланысты код жазамын. Күніне 7-8 сағатты жұмысқа арнаймын. Кешкі астан кейін үйге қайтамын. Бос уақытымда жүгіруді жақсы көремін, кітап оқимын, анда-санда шахмат ойнаймын. – Қазір әлемде жасанды интеллект қарқынды дамуда. Өзіңіз де осы салада тәжірибеден өттіңіз. Жасанды интеллект бізге не береді? – Шетелді алып қарасақ, жасанды интеллект ол E-mail хатты жазуды тездетеді. Сізге белгілі бір тақырыпта ақпарат керек десеңіз, мәтінін сізге шығарып береді. Ол сізге ұнамаса, мәтінді, тонды өзгертіп жаз дейсіз. Өзіңізге керек мәтін, сурет салып бере алады. Ол көп уақытты үнемдейді. – Қазақстанның цифрландыру саясатына қандай баға бересіз? Бізде халыққа қызмет көрсету орталықтарын цифрландырып жатыр. Дегенмен, елімізде интернет жылдамдығына, байланыс операторларының төмен болуына не кедергі деп ойлайсыз? – «Электрондық үкімет» дейді маған ұнайды. Көптеген анықтамалық қағаз, өтініш хаттар онлайн жасай аласыз. Банктен есепшот керек болса, 2 минутта ашып аласыз. Ол жағынан Қазақстан көптеген мемлекеттерге қарағанда дамып кеткен. Мысалы, Германияда болсаңыз, сіз жеке есепшот ашу үшін банкке бару керек, ол жақтан хат келеді. Ол хатты алып толтырып, қайтадан банкке жібересіз. Процестің өзі көп уақыт алады. Бірақ, көптеген байланыс компаниялары қалаға жақсы интернет тартады да, ауылдық жерлерге өте жай береді. Соны қолға алу керек деп ойлаймын. – Қазақстанға қайтып келесіз бе? – Әрине. Қазір мен алпауыт компанияда тәжірибе жинап жүрмін. «Өзіңіздің курсыңызды ашыңыз» деген ұсыныстар да түсіп жатыр. Шетелде болғандықтан, ол жағы қалай болатыны белгісіз. Еліме қайтып келіп, жасаймын деген жоспарларым көп. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Назерке СӘНДІБЕК.