Жібек мата өзімізде өндіріледі
Жібек мата өзімізде өндіріледі
Шараға ауылдық фермер-әйелдер, іскер әйелдер, ғалым, қолөнер әйелдер қауымы, қоғам белсенділері қатысты. Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Кейде сондай талшықтан тоқылған матаны да жібек деп атайды. Таза жібек матасына қай кезде де сұраныс жоғары. Алдағы уақытта аймақтың әр аумағында осы кәсіпті игеретіндер көбейсе онда облысты алға сүйреуші күшке айналар еді. Жалпы тұт талдар өсіру, жібек құртын өсіру және жібек мата өндіру пилоттық жобасы алғаш рет Байзақ ауданынан бастау алғалы отыр. Жоба 500 әйел азаматшаларды жұмыспен қамтитын болады. «Бүгінде барлық ауданда «Жер-Ана» ауылдық фермерлер Корпоративтік Қорының мүшелері жұмыс атқарады. Бұл бастама алдағы уақытта барлық аудандарда қолдау тауып, мыңдаған ауылдағы отбасыларға жұмыс орны табылатын болады. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға үлесімізді қосамыз. Табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүние жүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелген. Жібек құртын өндіру Қытай, Жапония, Үндістан елдерінде тиімді болғандықтан біз де қызығушылық танытып отырмыз» дейді «Жер-Ана» ауылдық фермерлер Корпоративтік Қоры төрайымы Роза Мұсабаева. Мамандардың пікірінше асыранды жібек құрты барлық жібектің 90 пайызын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан, жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады.
Гүлжан РАХМАН