Әлеумет

Сан саланың маманы

Сан саланың маманы

Өміріңді өзгертіп, жаның қалаған іспен шұғылдану ешқашан кеш емес. Степнойлық макияж және шаш үлгісін жасаудың шебері Гүлсара Мырзақұлова мұны жақсы біледі. Бала күтімінде отырған ол өзін түрлі салада сынап та көрген екен. Атап айтсақ, кондитер болып тәтті нан пісіріп, тігінші болып, көрпе құрап, киім де пішіпті. Дегенмен, бойжеткен кезде бар ынтасымен, үлкен сүйіспеншілікпен бастаған ісі оны тұрмысқа шыққан соң да қызықтырмай қоймайды. Сөйтіп, араға жылдар салып барып, Гүлсара сүйікті ісіне қайта оралған еді.

Дәлірек айтқанда, бұл істі Гүлсара Сапарғалиқызы 10 жыл бұрын бастаған. Ол уақытта өз бетімен үйренген білімімен құрбыларын, таныс-туыстарын бояндырып, шаш үлгісін жасап, той- жиындарға дайындайтын. Жоғарыда айтқанымыздай, бала күтімінде отырып та түрлі саланың басын шалып көрген еді. Алғашқы кәсібіне қайта оралған ол арнайы курстарда білімін жетілдіріп, make-up және hair- стилист болып кәсіби түрде айналыса бастайды. Клиенттерін үйде қабылдау ыңғайсыз болғандықтан, жұбайы есік алдына кішігірім сұлулық салонын салып береді. Ал, 2023 жылдың қазан айында Гүлсара Сапарғалиқызы «Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, сұлулық салонына қажетті жиһаз, құрал- жабдықтарды сатып алады. Қазіргі таңда жеке сұлулық салонында өзінен басқа тағы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірі – кірпік ұзарту шебері, екіншісі – тырнақ әрлеуші. Ал, Гүлсараның өзі визажист әрі hair- стилист. Сонымен қатар, ара-тұра әйелдер массажын да жасайды. – Мемлекет берген қаражатқа екі үстел және орындықт ар, шаштаразға арналған жарық шамдар орнатылған екі үлкен айна, құрал- жабдықтарды қоятын сөрелер және бір демалушыларға арналған орындық алдым. Кіріп келген қонаққа жағымды әрі жайлы болатындай бөлме жасағым келді. Қазір, шүкір, тұрақты клиенттеріміз баршылық. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесінің алдында қыз-келіншектер өте көп келді. Ал, қаңтар-ақпан айларында келушілердің саны азайды. Визажистің, шаш әрлеудің қыр- сырын үйренгісі келген қыздарды оқытып, өзім де тәжірибемді арттырудамын. Алдағы уақытта өзімнен де мықты шеберлердің курстарына қатыссам деймін. Бьюти индустрия бір орында тұрмайды ғой. Заман көшінен қалмай бет әрлеудің жаңа түрлерін үйренгім келеді. Жаңа білім бір жағынан өзіңе деген сенімділігіңді де арттыра түседі, – дейді ол. Гүлсара алдына келген арудың қандай бейнеде керемет көрінетінін және өзін жайлы сезінетінін біліп тұрады. Дегенмен, клиенттің қалауы ол үшін бірінші орында. «Менің боянғанымды ешкім байқамауы керек», дейтін клиенттерім де болады. Осы салада 10 жылдан астам тәжірибем болса да, әлі күнге дейін алдыма келген қыздарды бояндырарда, шашын әрлеуде жасаған жұмысымды ұнатпай қала ма, ойындағыдай шыға ма деп қатты уайымдаймын. Мен үшін тұтынушымның көңілін табу өте маңызды. Сондықтан, жасаған жұмысыма жоғары бағасын беріп, риза болып қайтқан қыз- келіншектерді көргенде ерекше қуанамын. Олардың алғысы маған шабыт береді, өзімді мамандығым бойынша одан әрі дамытуға ынталандырады», – дейді Гүлсара әңгімесімен бөлісіп. Гүлсара – төрт баланың анасы. Бұған дейін кәсіпкер ретінде мемлекеттің қолдауын сезінгенін айтты. «Менің мемлекеттен қайтарымсыз грант алғанымды естігендердің көпшілігі бірден «Танысың бар ма? Қалай алдың?» деп сұрайтын. Халық арасында қазір бәрі таныс-тамырмен ғана шешіледі деген жаңсақ пікірдің қалыптасып қалғаны көңіл қынжылтады, әрине. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы расымен де грантқа қол жеткізуге болады. Ең бастысы, сенің мақсатың айқын, бизнес жобаң дұрыс болуы қажет. Қазіргі таңда үміткерлерді қабылдау процесі де ашық жүргізіледі, әлеуметтік желіде тікелей эфир қосулы тұрады. Барлығы әділ. Сондықтан, ісін бастағысы келетін азаматтарға айтарым, жетістікке жалғыз талантпен не таныспен жете алмайсың. Бәрін жеңетін – еңбек», – дейді ол.  

Сауле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы