Тәркілеу кезеңіндегі жазба табылды
Тәркілеу кезеңіндегі жазба табылды
Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тақырыбы әлі күнге дейін тың. 2020 жылы Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасынан кейін бұл тақырыпта ізденетіндер қатары көбейді. Ата-бабасы туралы деректерін өздері тауып, зерттеушілерге қосыла ізденетін ұрпақтарының бары қуантты. Олардың сол кездегі оқиғаға қатысты көзқарастарының өзгергені де көңілді жұбатты. Бұрындары атамыз бай болған деп жалаң сөзбен мақтанған аға буын олардың басынан өткерген қасіреті турасында тереңірек біліп, ұрпағына шынайы ақпаратты ұсынғысы келетіні де жаңа заман сұранысы екенін көрсетті. Бұл тақырыпта Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына білгенімен бөлісуге, жаңа ақпарат алуға облыс жұртшылығы, ауыл ақсақалдары жиі келіп тұрады. Бірі ауласынан тапқан құнды жәдігерін әкелсе, бірі кезінде көрген-білгенін, елден көрген құнды кітаптары туралы ақпаратын айтып жатады. Кейбірі сондай кітаптарының көшірмесін, кітабын беріп те кетеді. Ол өлке тарихын зерттеп жүрген орталық мамандары үшін таптырмас олжа. Айтылғанға сай орталық мамандары да өз білгендерін құжатты деректермен дәйектеп, тың ақпаратты ортаға салады. Солардың қатарында Тереңөзек ауылының тұрғыны Асқар Бошайұлы да бар. Ол 1928-1929 жылдары бай-кулактардың тізіміне ілігіп (бізге мәлім ірі байлар тізімі емес), тәркілеуге ұшыраған әкесі Бошай Оразалыұлының деректері мен сол заманнан сақталған төте жазумен жазылған қойын дәптерін орталыққа әкелді. Бұған дейін ақсақал мекеме директоры, тарихшы Сауран Қалиұлымен хабарласып, сол құжатты оқытатын маман болса деген ниетін білдірген болатын. Орталықтың шақыртуымен құжатты зерделеген мамандар жазбалардың ішінде расымен де Бошай есімі бар екенін анықтап, растады. Асқар Бошайұлы әкесінен қалған мұраның тарихи құндылығын анықтап, кәдеге жараса жарыққа шығару ниетінің барын да жеткізді. Ол әкесінің және атасының бай-кулак ретінде тәркіленгенін дәйектеп Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарих архивінің құжаттары негізінде жарық көрген архивтік жинақтың көшірмелерін ұсынды. Расында кітапта құжаттардың сілтемесі, Сырдария округінен тәркіленген байлардың тізімі беріліпті. Соның ішінде Әулиеата өңірінен, оның ішінде Тереңөзек ауылынан тәркіленгендер тізімінде Асқар ақсақалдың атасы мен әкесінің есімі анықталған. Аталған тізімде аты-жөнімен қатар руы, меншігінде болған мал саны, ауылының нөмірі де жазылыпты. Мұндай тізімдерді 2015-2017 жылдары ұстазым, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен қазақтың тәркіленген ірі байлары туралы деректерді Түркістан облыстық архивінде, Алматының орталық архивінде іздестіргенде жиі кездестірдік. Көбісін көшірмелеп, жинақтап, 2018 жылы Жамбыл облыстық архивінен «Конфискация» деген атпен тың дерекке толы кітапты шығардық. Аталмыш кітапты жарыққа шығармас бұрын Мақұлбек Қайыпбекұлы баспасөз құралдарының көмегімен тізімде көрсетілген байлардың ұрпақтарын іздестіріп, олармен сұхбаттар жүргізді. Солардың ішінде 2016 жылы жасы 100-ге келген меркілік Бектен болыстың немересі, конфискацияның тірі куәгері Уазиха апамен де жүздескен. Ол кісі отбасымен түгел Оралға қалай жер аударылғандарын, тіпті бұл науқанның болатыны туралы Тұрар Рысқұловтан хабар келгені жайын да баяндаған еді. Соның бәрі аталмыш кітапқа енді. Бірақ, бұл кітапта тәркіленгендердің алғашқы легі, яғни науқан бойынша жіктелген байлардың 1,2-категориясына еніп, тәркіленіп, кейін туған жерден аластатылғандардың деректері кірді. Неге жер аударды?! Ол жайы жинақта тәптіштеп баяндалған. Расында сол кездегі саясат бай болғанынан бұрын, қазақ қоғамын ілгерілетер адуынды ақсақалдарының көзін, билігін жоюды мақсат еткені құжаттардағы жазбалардан-ақ аңғарылды. Алғаш рет жасалған мұндай ауқымды жұмыс үшін бұл кітап сол сәтте үлкен жетістік болатын. Тарихи құжаттар айғақтап тұрғандай, тәркілеу науқаны 1933 жылдарға дейін жалғасты. Дегенмен, олардың барлығы да жер аударылды деген сөз емес. Өкінішке қарай, ондай байлардың саны мыңнан асады. Сондай тізімдердің бірі өткен жылы Сырдария округі бойынша дайындалып, көпшілікке қолжетімді болғаны көңіл қуантты. Жинақ арқылы Асқар ақсақал әкесінен естігеніне құжатты дәйек тауып, қолындағы барын көпшілікке жария етті. Бұл ретте орталық мамандары құнды мұраны алдағы уақытта толығымен қазіргі жазбаға аударып, зерттейтін болады.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» бөлім меңгерушісі.