«Шешілмейтін мәселе болмайды»
«Шешілмейтін мәселе болмайды»
– Өзіңіз айтқандай, мен қасиетті Әулиеата өңірінің тумасымын. Шамам келгенше сол аймақта қызмет атқарғанымды білесіз. Мен Жамбыл облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып 2020 жылы 13 тамызда сайландым. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесімін. Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылады. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады және жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады. Тұрақты комитеттердің қызметі Тұрақты комитеттер өз құзыретінің мәселелері бойынша қызмет нысандары мен әдістерін таңдауға ерікті, мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды, қоғамдық пікірді зерделейді және ескеріп отырады. Тұрақты комитеттердің отырыстары қажеттілігіне қарай, айына кемінде екі рет өткізіледі. Сонымен қатар, Парламент Сенаты жұмыс жоспарына сәйкес «Үкімет сағатын» өткізіп отырады. «Үкімет сағаты» Сенаттың Қазақстан Республикасы Үкіметімен өзара іс-қимыл нысанының бірі болып табылады және түсініктемелер алу мақсатында өткізіледі. Сенаторлыққа сайланғалы бері әріптестермен бірге заң жобаларын дайындап, пысықтауда, сөйтіп, мемлекетімізге қызмет ететін сапалы заңды әзірлеуге бар күш-жігерімізді саламыз. – Соңғы кездері Конституциядағы өзгерістердің нәтижесінде Парламент жұмысының ашықтығына куә болдық. Депутаттарымыздың белсенділігі арта түсті. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат депутаттары өңірлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей бастады. Әр аймақтың әлеуетін зерттеп Парламент қабырғасында Үкімет мүшелерін тыңдап, талдап, шешімдер қабылдау қолға алынуда. Сіз сайланғалы бері халық қалаулысы ретінде қандай заңдардың жобаларын дайындауға қатыстыңыз? Өз тарапыңыздан бастамашыл болған заңдар бар ма? – Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы болғандықтан, Парламент қабырғасына келіп түскен барлық заң жобаларын жұмыс тобының комитет және кеңейтілген комитет отырыстарында талқыланып пленарлық отырыста қарауға шығарылады. Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдайды, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қаулылар мен өзге де актілерді қабылдайды. Рәсімдік мәселелер бойынша Сенаттың шешімдері отырысқа қатысып отырған депутаттар көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Өз тарапымнан бастамашыл болған және жүргізген заңдар болды. Өткен жылы біз үшін өте жауапты болды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаға байланысты салық және бюджеттік кодекске байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп отырып, бірқатар өзгерістерді енгіздік. – Өткен жылы Жамбыл облысында қаңтар айында табиғаттың қолайсыздығынан біраз мәселелер туындағанда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге бір топ Сенаторлар іс-сапармен келіп, табиғат апатынан зардап шеккен нысандарды көріп кетті. Сіздердің сол сапарларыңыз халықтың депуттарға деген сенімін арттырып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Биыл да Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен келдіңіз. Бұл жақсы үрдіс емес пе? – Әрине, өңірге шыққан сайын қордаланған мәселелерді айтуды атқарушы билік органдарынан ашық айтуды сұранамын. Сайлаушылардың әрбір ұсынысына ден қоямын. Өзіңіз айтқандай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың 2023 жылдың 10 қаңтарында Жамбыл облысына жұмыс сапарында: «Ауыл Аманаты», «Talas investment company» ЖШС – натрий цианиді зауытының екінші кезеңін салу жобасы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы «Жаңатас Су-Жылу» орталық қазандығын газға ауыстыру, Жаңатас қаласы «Құрылысшы» саяжайына су құбыры желілерін салу, Талас ауданы, Қаратау қаласындағы жол жөндеу және облыстағы үш ауыл аймағын орталықтан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілген болатын. Олар бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп, республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінуде. Бостандық ауылында жобалық-сметалық құны 453 миллион теңге тұратын Сауықтыру орталық кешенінің құрылысы биыл басталады. Оған қоса, Қаратау қаласындағы жылу орталығының екі қазандығын күрделі жөндеуден өткізуге тиісті қаржы бөлінді. – Осы сұхбатымызды пайдаланып, Талас ауданы, оның ішінде Қаратау қаласындағы жұртшылықтың көкейінде жүрген біраз сауалдарды қойсам деп едім. Жұртшылықты алаңдатып отырған үлкен мәселе – қаладан кәріз жүйелері арқылы қаланың сыртына шығып жатқан лас шайынды суларды тазалайтын арнайы құрылғы бекеті жұмыс істемейді. Соның кесірінен қаладан шыққан лас қалдық сулар ешқандай сүзгісіз Алтынкөлге құйылып, ауаны ластауда. Мұндай проблема Тараз қаласында да бар деп естиміз. Сол құрылғыны қалпына келтіру үшін жаңасын соғуға қыруар қаражат керек. Осы мәселені және де қаланың орталығынан шығыс бөлігіне жету үшін он шақты километр жолды айналып өтіп жүрміз. Бір кездері қаладағы базардың түбінен тікелей өтетін өткелекті жауып тастады. Егер оны қайтадан ашсақ ең болмағанда жеңіл көліктердің өтуіне жағдай жасалар еді. Бұл мәселелерді шешу күрделі қаржыны қажет етеді. Сіздің бұл мәселелер жөнінде хабарыңыздың бары анық. Ендеше, экологияны ластамау үшін осы мәселелердің оң шешімін табудың қандай жолы бар деп санайсыз? – Айтып отырған мәселелеріңіз өте орынды. Кезінде жобалық-сметалық жобалардың сапасыз дайындалуынан, тіпті дайын болмауынан оған қаражат қаралу мәселесі шешімін таппай қалды. Талас ауданының әкімдігі қазір ол нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауда. Егер құжаттар дайын болса, оған тиісті қаражатты облыстық, республикалық бюджеттен бөлдіруге ықпал етемін. Ал, базар төңірегіндегі өткелекті қайтадан ашу үшін оған да құжат дайындап, «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының басшылығына ұсынуымыз керек. «Қалауын тапса қар жанады» демекші, әркім өз міндетіне жауапкершілікпен қараса, шешілмейтін мәселе болмайды. Қаржы жоқ деп қарап отыратын заман емес. Мысалы, Қаратау, Жаңатас қалаларында ірі компаниялар жұмыс атқаруда. Олар да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экологияны сақтауға мүдделі екендіктерін ұғынулары керек. Жоба үшін қажетті қаражаттың бір бөлігін әлеуметтік әріптестік негізінде қарастырса дұрыс болар еді. Жалпы алғанда Талас, Сарысу аудандарының болашағы зор. Өндірістік өлкелер саналады. Ауылшаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі мол. Мемлекет басшысы да алдымызға зор міндеттер қойды. Өткен жылы жаңа экономикалық саясаттың негізін айқындап берді. Соған байланысты тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жергілікті атқарушы органдардың да мүмкіндігі күшейтілді. Қоғамды демократияландыру мықтап қолға алынды. Бір сөзбен айтқанда, реформаларды жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктері іске қосылды.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі.