Қытайлық инвесторлармен іскерлік кездесу
Қытайлық инвесторлармен іскерлік кездесу
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасының Шаньдун провинциясындағы бизнес-форум аясында әлеуетті инвесторлармен жеті кездесу өткізді. Нәтижесінде шетелдік компаниялар өңіріміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерге үлкен қызығушылық танытты. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы техникасын шығару, астықты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал азығын өндіру, қайта өңдеумен айналысатын және электр энергетикалық нысандар құрылысы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы компаниялармен бірге ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ, кездесулер барысында су үнемдеу жүйелерін енгізу және сусорғы құрылғыларын шығару мәселелері жан-жақты сараланды. Айта кетейік, қытайлық «GUOFENG» компаниясы жақын арада Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісін қолға алмақ. Ал, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуда тәжірибесі мол «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go., Ltd» компаниясының өкілдері бұған дейін өңірімізге келген десек, қазіргі таңда олар инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде «СиньФа» заманауи ауыл шаруашылығы және индустриялық паркіне барды. Ербол Қарашөкеев Шаньдун провинциясында интенсивті суару жүйелерін жобалаумен айналысатын компания өкілдерімен өткен кездесуде Жамбыл облысында су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты жоспарлы шараларға тоқталды. Сондай-ақ, іс сапар аясында «SHIFENG GROUP» (ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші), СиньФа» (құрылыс материалдарын өндіруші), «GAMBOL» (мал азығын өндіруші), «ZhongtongBus» (автобус шығарушы) секілді бірнеше ірі компаниялардың өкілдерімен кездесулер өтті. «GAMBOL» және «SHIFENG GROUP» компаниялары ынтымақтастық орнатуға ниеттестік білдірді. Облыс әкімі аймақтың инвестициялық әлеуеті және мүмкіндігімен танысу мақсатында қытайлық компанияларды өңірге шақырып, облыс экономикасына серпін беретін жобаларды жан-жақты қолдауға дайын екендіктерін баса айтты.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі