Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, өзгеге керегі не?
Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, өзгеге керегі не?
Нақты айтсақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының халыққа қызмет көрсету орталығының әр терезесіндегі тақтайшаларда көрнекі ақпараттардың барлығы тек орыс тілінде жазылған. Бұл ақпараттарды қазақ тіліне ауыстыруын тұрғындар талай рет өтінген екен. Өкінішке қарай, өтінішке ешкім құлақ аспаған. Тұрғындардың талап-тілегінен соң, аталған мекемеге барып, бәрін көзімізбен көрдік. Расында, есіктен ішке енгеннен бастап орыс тілінде жазылған тақтайшалардағы ақпараттар тұр. Бұл ақпараттарға мән бермей өту мүмкін емес. Мемлекеттік тілімізге деген құрметсіздікті айқын көрсетуде. Бұл ретте әкімшілік сұрақтар және менеджмент жүйесі бойынша бөлім бастығы Медет Мамасеріков: «Осы жылдың ақпан айында орысша жазылған ақпараттық тақтайшаларды қазақ тіліне ауыстырамыз. Тұрғындардың талап-тілектерін ескерусіз қалдырмаймыз», – деді. Демек, «ҚазТрансГаз Аймақ» басшылығына мемлекеттік тілдің мәртебесі аса маңызды емес пе деген ойға келесің. Оларға міндетті түрде халық тарапынан талап қойылуы керек пе еді? Осы орайда облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына да қайырылдық. Мұндағы тіл мамандары бұл мәселеге қатысты өз ойларын жеткізді. Олардың айтуынша, тілдерді дамыту басқармасының құзыретінде бақылау мен қадағалау функциясы жоқ. Тіл мамандарының бар мүмкіндігі Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заң талаптарын түсіндіріп, әдістемелік көмек көрсету ғана екен. Тіл мамандарымен тілдескен соң аталған басқарманың бас маманы Гүлнұр Әмірбекова «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мән-жайды анықтады. Сондай-ақ, ол мекеменің жауапты қызметкері Рахман Күшпеновпен бірге мекеме ішіндегі барлық көрнекі ақпарат мәтіндерін заң талаптарына сәйкес осы жылдың ақпан айында ретке келтіруге уәде бергенін жеткізді. – Жыл басынан бері облыс аумағында көрнекіліктер мен жарнамалардың тіл туралы заң талаптарының сәйкестігіне мониторинг жүргізу мақсатында 48 рейд жүргізіліп, 27334 көрнекі ақпараттар мен жарнаманың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі зерделенді. Оның ішінде, 1830 кемшілік анықталып, 55-і алынды, 330-ы заң талаптарына сәйкестендірілді, 1445-не түзетуге мерзім берілді. Өңір бойынша зерделеу жұмыстары жалғасын табатын болады, – дейді Гүлнұр Ескермесқызы. Қазақтың көрнекті ақыны Қадір Мырза Әли «Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл», дейді. Біз ұлт ретінде өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, өзгелер қайдан қадірлесін...
Нұржан ӘЛІШ