Әлеумет

Орамал – дін үшін емес, ар үшін...

Орамал – дін үшін емес, ар үшін...

Осыған дейін діни нанымға байланысты орамал тарту мәселесі көп қозғалды. Шынтуайтында, арын биік қойып, тазалыққа мән берген қазақтың қыздары ақ босаға аттаған сәттен бастап басынан орамалын тастамағаны бәрімізге белгілі.

Жақында әлеуметтік желілердің бірінде «Орамалды шештім» деп осыған дейін жабынып жүрген қыз жалаңбас суретін жариялапты. Тағы бір орамалды келіншектің такси жүргізушісімен ұрсысқаны көптің талқысына түсті. Осы жағдайлар орамал жайлы тағы да ой қозғауға түрткі болды. Осыдан оншақты жыл бұрын аудандық газетте жұмыс істеп жүргенімде ауылымызға жаңадан түскен келін редакциямызға бухгалтер болып орналасты. Ұжымда қыз-келіншектермен қатты әзілдесіп жүретін жас жігіт оған да қалжыңдағысы келіп қанша оқталса да бата алмайтын. «Бәріне әзілдесіп жүріп, осы бухгалтер келіншекке келгенде басындағы ақ орамалына қарап, бата алмаймын» дейтін әлгі әзілқой жігіт. Орамал жайлы сөз бола қалса, осы оқиға есіме түседі. Орамал тек діни көзқарас емес, әйелдің қорғанышы екенін осыданақ байқауға болар. Орамалдың әйел баласына артық сөйлеп, көп күліп, жеңілтек мінез көрсетпеуге салмақтылық сезіндіріп тұратын қасиеті бар. Басқалар да орамалды әйел көргенде иманды, әдепті, арлы адам деп қабылдап, оған құрметпен қарайды. Сондықтан да орамалды әйелдің бейәдеп сөйлегені, келеңсіз қылығы бірден көзге түседі. Әйтпесе, әлеуметтік желіде жалаңбас әйелдердің түрлі дөрекі қылықтары түскен видеолар бар, оларға орамалды келіншектің адуынды мінез көрсеткеніне бөлінгендей назар аударыла бермейді. Тіпті, алаяқтар да қоғамның иманды кісіге құрметпен қарайтын сенімін пайдаланып, орамал жамылып, намазхан болып көрініп, өз айласын асырып жүргендерін көріп те жүрміз. Осындайлардың кесірінен қазіргі қоғамда жалғыз Хаққа сыйынатындарға, орамалға деген пиғыл өзгеріп барады. Он тоғыз жасында теңін тауып, ақ босаға аттағанда басына салған ақ жаулығын бір сәтке де шешпеген Торғын Жақсыкелдіқызы есімді кейуана орамалды басқа бақыт шақырар қасиетке балайды. – Біздің жас күніміз кеңес өкіметінің билік құрған кезеңі болатын. Сол кездің өзінде кішкентай қыз балалардың өзі шағын ғана қызыл орамал тағатын. Ол уақытта бізді «Қыздың шашын қиғаны – басындағы бағын қиғаны» деген тыйыммен тәрбиелейтін. Сондықтан, бала күнімізден бәріміздің шашымыз ұзын болды, екі бұрым етіп өріп, басымызға шағын қызыл орамалды шаршылап тағатынбыз. Ал, келін болғанда жапқан ақ орамалды ешқашан шешпейтінбіз. Себебі, қайын жұрттың алдында келіннің жалаңбас жүруі өте ұят болып саналады. Әрі әйел адам тағам әзірлеп, үй шаруасын атқарғанда шаш түсіп кетпеуі үшін тазалықты сақтау мақсаты да бар. Сосын, шаштың шаңтозаңды тез қабылдайтын қасиеті барын білесіздер. Міне, осындай себептерге байланысты басымыздан орамалымызды тастамайтынбыз, әлі де солай. Қазір орамалдың түсіне қарамай таға беретін болды ғой. Негізінде қыз бала – қызыл, күйеуі бар әйел ақ түстісін тақса, күйеуі қайтыс болған жесір келіншек – көк, қайғылы жағдайға ұшыраған әйел қара орамал байлайтын. Жас келін білместікпен көк, қара орамал тақса, көреген енелер «жамандық шақырма» деп тыйып тастайтын еді. Бұрынғылар қыз-келіншектердің басындағы орамалына қарап, күйеуге шыққан-шықпағанын, ері бар-жоғын аңғаратын. Тіпті, оны байлау әдісіне қарай қай өңірдің адамы екенін байқауға болатын, – дейді Торғын әжей. Орамал әйел адамға үлкен жауапкершілік жүктейтіндігімен де қадірлі. Осыған қарап, орамалды әйелдің тәжі десек, артық болмас.  

Қамар ҚАРАСАЕВА