Құстай ұшқан Полторанин кезең жеңімпазы атанды
Құстай ұшқан Полторанин кезең жеңімпазы атанды
Италияның Тоблах қаласында өткен «Тур де Ски» жарысының кезекті кезеңінде қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин 10 шақырымдық классикалық жарыста қарсыластарынан қара үзіп кетті. Құстай заулаған қазақстандық спортшы алтыннан алқа тақты. Сочидегі олимпиада ойындарынан кейін мамандар тарапынан сынға ұшыраған Алексей Полторанин соңғы кездері өзінің бабына қайта келе бастағанын байқатып жүр. Ол айтулы аламанның кезекті кезеңінде10 шақырымды 22 минут 51,8 секундта жүріп өтті. Күмісті ресейлік Евгений Белов иеленді. Ол Полтораниннен 0,5 секундқа қалып қойды. Қоланы норвег Мартин Сюндбу қанжығасына байлады. Бұл Алексей Полтораниннің осы маусымдағы алғашқы ірі жеңістерінің бастауы. Ол 6 қаңтарда Швейцарияның Вал-Мустаир қаласында өткен «Тур-де-Ски» кезеңінде 1,4 шақырымдық жарыста 17-орыннан көрінген болатын. Дегенмен, алтыннан алқа тағынған соң Алексейдің екінші тынысы ашылғандай болды. Ол он бес шақырымдық масс-стартта мәре сызығын екінші болып кесті. Осы кезеңнен кейін Полторанин өзінің жағдайын біршама жақсартты. Дегенмен, алдағы додаларда тағы да биіктерден көрініп жатса, жоғары көрсеткіштерімен көңіл қуанта алса ғана ол фавориттердің қатарын толықтырмақ. Әзірге Полтораниннің жеңісі оның бар мүмкіндігін көрсете алмайды. Ендеше, қазақстандық шаңғышыға алдағы жарыстарда аянып қалмау қажет-ақ. Өзін дәлелдеу үшін спортшының барын салары анық.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».