Жеңілмейтін GGG
Жеңілмейтін GGG
Головкин кәсіпқой бокстан бес жылсыз кетпейді
WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин 2015 жылы 4 кездесу өткізгісі келетінін жария етті. «Ағымдағы жылы төрт мәрте рингке көтерілсем деп отырмын. Мартин Мюрреймен болатын ақпандағы кездесуден кейін араға үш ай салып барып, мамырда кезекті жекпе-жегімді өткізгім келеді. Проумоутерім Том Лефлердің биылғы жылға жоспары үлкен. Мен сол жоспарды орындауға тас түйін дайынмын», – дейді күрзі жұдырықты Генаның өзі.Сонымен қатар бокс әлемінде трипл жи (GGG) атанып кеткен Головкин өзінің боксшылық карьерасын кем дегенде бес жыл бедерінде жалғастыруды көздейтінін де сөз етті. Шынтуайтында, кәсіпқой рингтің королі атанып үлгерген қарағандылық оғланның қой жылында біріккен тұжырымдар кездесуін өткізгісі келетіні анық. Дэниель Гилмен, Метью Маклинмен болған жекпе-жектен кейін рингте тұрып берген сұхбатында ол: «Мен біріккен тұжырымдар кездесуін өткізуді қалаймын. Жанкүйерлерге керегі үлкен шоу, керемет жекпе-жек. Мигель Котто өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. WBC тұжырымының чемпионымен жұдырықтасуға дайынмын. Менің барлық мықтымен кездесу өткізбек ойым бар. Алдымен Коттомен міндетті түрде» деген еді. Жалпы Головкиннің проумоутері Том Лефлерді үлкен кездесу өткізе алмайды деп айыптайтындар көп. Оның бірінші қателігі кездесу өткізбес бұрын жекпе-жектің датасын күні бұрын жария қылатыны көрінеді. «HBO арнасымен шарт жасасқанда датаны бірінші белгілейтін пунктке қол қойғаны оның қателігі. Дәл сол мерзімде нағыз мықтылар өзге кездесуге дайындалып жатады» деседі мамандар Лефлерді айыптап. Тағы бір мамандар орта салмақта Генаға тең келетін қарсылас жоқ екенін айтады. Сонымен, Мюрреймен ақпанға жоспарланған кездесуде Головкин жеңіске жетсе, оны әрмен қарай не күтіп тұр? Бүкіләлемдік бокс кеңесі WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпион Головкинмен аталмыш белбеудің тұрақты чемпионы арасында кездесу өтетінін хабарлады. Бірақ, мамыр айында Сауль Канело Альварес пен Мигель Котто рингте кездессе, Головкиннің WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына тек күзге қарай ғана таласа алатыны анық. Генаның бапкері Абель Санчес: «Бізге кіммен кездесу маңызды емес. Басты мақсат –WBC белдігін жеңіп алу керек. Бір анығы Котто Головкинге қарсы әрі кетсе бес раунд шыдас берсе, Альварес сегіз раундтан әріге аса алмайды» дейді. Ал Головкиннің бұрынғы қарсыласы Марко Антонио Рубионың бапкері Роберт Гарсия болса: «Котто Альваресті жеңеді деп ойлаймын. Оның тәжірибесі мол. Үлкен чемпиондармен жұдырықтасқан. Дегенмен, бір фактіге анық көзім жетеді. Бұл екі боксшы да Головкинге қарсы тұра алмайды. Тек жақсы кездесу өткізуі мүмкін» деп өз ойымен бөлісіпті. Қалай болған күнде де биыл Головкинмен WBC версиясының чемпионы жұдырықтасуы тиіс. Олай болмаған жағдайда белбеуден бас тартуына тура келеді. Кезінде Дэниель Гил біздің чемпионнан сондай тәсілмен ат-тонын ала қашқан болатын. Ал біз өз кезегімізде Генаның ақпан айында Мартин Мюррейді қиналмай жеңетініне сенімдіміз. Айтпақшы, WBO тұжырымы бойынша Матвей Коробовқа қарсы кездесуде белдікті жеңіп алған Энди Ли әзірге Головкинмен жұдырықтасқысы келмейтінін мәлімдеді. Оның ойынша, Генамен биыл рингке көтерілгеннен гөрі алдағы жылдары жұдырықтасқан тиімді көрінеді. Головкиннің қарсыластары онымен өткізген кездесу үшін 600 мың доллардың айналасында сыйақы алатын болса, бірінші жартылай орта салмақтағы Флойд Мейвезердің қарсыластары 5-6 миллион доллардың көлемінде гонорарға иелік етеді. Демек, Головкин супер кездесу өткізу үшін проумоутерлері де қаражат мәселесінен таршылық көрмеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда Головкин жоғарыда аталған тұжырымдарды жеңу арқылы қарсыластарының қызығушылығын оятпақ. Бокс – спорт қана емес, бизнес.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».