Қыс қыстығын қылмай қоймас...
Қыс қыстығын қылмай қоймас...
Тараз қаласында 11-13 қаңтарда соққан жел екпіні секундына 15-20 метр, 12 қаңтарда түнде 23-28 метрге дейін жетті. Жарияланған дауылдық ескертулерге байланысты мектептерде бірнеше рет оқу уақыты қысқарып, оқушылар бірнеше рет қашықтан оқытуға да көшті. 11-12 қаңтарда қолайсыз ауа райына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде жолдарды жабу және шектеу шаралары жалғасып, 4 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың төрт учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Соның ішінде, 11 қаңтарда ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран) облыстың Жуалы ауданы аумағынан өтетін «Алматы-Термез-Ташкент» республикалық маңызы бар автожолының 534-593-ші километрінде қозғалыс шектеліп, жүк көліктері үшін шектеу енгізілген болатын. Бүгінде жолдар ашылып, барлық шектеу шаралары алынып тасталды. Ал, жексенбіден дүйсенбіге қараған түннен бастап жауған қар Тараз шаһарын ақ ұлпаға орады. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, таңнан қаладағы қарды күреуге 192 жұмысшы мен 47 техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, қала аумағындағы Абай, Көшеней, Сүлейменов көшелері мен Жамбыл, Тәуке хан, Төле би даңғылдарының қарын тазалаудан басталған жұмыс күні бойы толассыз жалғасты. Сонымен қатар, жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында әуежай маңы, саябақтар мен скверлер, сондай-ақ басқа да көшелер мен аялдамалар айналасында қар тазалау жұмыстары қарқынды жүруде. Осылайша, жексенбіден бері қала аумағынан 500 текше метрден аса қар шығарылып, күрелген қар тасымалдаушы техникалар көмегімен арнайы орындарға төгілуде. Мамандар қалада қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы кезекпен атқаруда. Жамбыл гидрометеорология орталығы 14 қаңтарда облыста қар жауып, ауа температурасының түнде және күндіз 4-9, облыстың солтүстігі мен таулы аудандарында 12 градус аязға дейін күрт төмендейтінін хабарлаған болатын. Ал ,16 қаңтарда облыстың солтүстік-шығысы мен таулы аудандарында жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні күшейіп, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында секундына 23 метрге дейін жетуі ықтимал. Міне, уақыт тоқтаусыз жылжып, қысты да орталап қалдық. Биыл еліміздің оңтүстігінде қыс жылы болады деген болжам айтылғанымен, желтоқсанның ортасындағы өңірде болған қатты суық пен оның жамбылдықтарға салған әбігері естен шыға қойған жоқ. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Ең басты және негізгі ереже – жол нашар көрінетін кезде және көктайғақта жолға шығудан бас тарту қажет. Егер сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмағанда, жүргізушілер жол нашар көрінетін жағдайда қауіпсіз жүрудің негізгі кепілі – жылдамдық режимін төмендету екенін есте ұстағаны жөн. Департамент мамандары екпіні күшті жел кезінде және қалың қар жауғанда қауіпсіз жүріс-тұрыстың жалпы шараларын білуге және орындауға кеңес береді. Ендеше, сіз бен біздің қауіпсіздігіміз өз қолымызда екенін ұмытпайық!
Жүрсінгүл ЖАҚЫП