Адамгершіліктен аттамау да азаматтық
Адамгершіліктен аттамау да азаматтық
Қамшының сабындай қысқа делінетін бес күн тірлікте адамзат баласының бір-бірімен сыйласып өткеніне ештеңе жетпейді. Қандай да бір жағдай болмасын, бір-бірінің сөзін тосып, біріне-бірі ойын қосып, сыпайы қарым-қатынас жасау бұл жалғандағы адамдықтың негізі. Нағыз мәдениет. Сыртқы келбет пен ішкі сананың үйлесімі. Бірақ, біз адамдар, кейде осы мәдениетіміздің қадірін түсіріп алып жүретінімізді қаншалықты сезінеміз. Мәдениетімізді мәдениеттен жалаңаштандырып жатқанымызды қаншалықты түсінеміз. Күллі адам баласының ермегіне айналған әлеуметтік желі соңғы күндері қазақ тілділердің ішін пыстырмайтын мәдениәдеби ортасына тағы бір тақырып тауып берген. Ол журналист Ая Өміртайдың жазушы Мұхтар Мағауинмен сұхбаты. Көлемді бейнежазба. Салқынқанды адам сабырлы тыңдаса, бір жеріне келісіп, енді бір жеріне келіспей, өзінше ой қорытуға болатын дүние. Бірақ қанша адам болса, сонша пікір бар. Faсebook-тің қай бетін ашсаңыз да осы сұхбат туралы посттар мен комментарийлерден самарқау өтіп кете алмайсыз. Сексеннің сеңгіріндегі Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің екі сағаттан астам уақыт бойы ақтарыла айтқан әңгімесінде негізінен қызықты деректер өте көп. Мұнда әлбетте, Түркияға арнайы іздеп барып, танымы терең тарихшы-қаламгерден сыр-сұхбатты сәтін тауып ала білген тілші қыздың шеберлігіне сүйсінбеске шара жоқ. Осы сұхбатты тамашалаушы көпшілік оқырманның жіптің бір ұшын ары, бір ұшын бері тартқыласып, бір-бірімен сөз жарыстырып отыруының өзегі жазушы шығармаларының төңірегінен табылса игі еді. Қоғамдық мәні бар, ұлттық мағынасы бар құндылықтар жайына ден қойылса болар еді. Жоқ. Қиыны да сол. Желідегі жұртшылықтың бар назары Мұхтар Мағауиннің Д.Исабеков, М.Шаханов, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Т.Рысқұлов, Н.Назарбаев, тағы басқалар туралы ойларына келіп ауған. Бейне бір, қазіргі қоғамда одан маңызды мәселе жоқтай, бірінен бірі іліп ала жөнелгендерді оқысаңыз, пендәуи дүниенің талас шатпағына белшеден батып кеткеніңізді өзіңіз де сезбей қаласыз... Қоғамдық пікір екіге емес, бірнешеге жарылған. Бір жағы, қазір көзі жоқ асылдарымыздың аруағын қозғап, елді дүрліктірген Мағауиннің жағасына жармасуда. Келесі жақ «шындық шырқырата айтылды» деп Мағауинді бас салып мадақтауға көшіп кетті. Кейбір қызық қуушылар трайбализм дәнін сеуіп, дауды ушықтыруға тырыспақ. Енді бір пікір иелері «Мағауин де, басқалар да көрнекті тұлғаларымыз, әрқайсысының да өзіндік орны бар» деп бейтараптықты ұстанады. Оңай жолы да осы шығар. Бейтараптық. Бірақ бұл немқұрайдылыққа жатпауы керек. Әйтпесе, «Мемлекеттегі ұлы тұлғаларды жамандап үлгі тұтатын ешкімді қалдырмау сионистердің арнайы қызметі» деген сөздермен кімді елең еткізбекпіз. Мұхтар Мағауиннің «баяғы Азаттықтың айналасында жүрген заманынан бастап соған іліккенін» тілге тиек еткенде ұтарымыз не? Дулат Исабековтің оны жеккөретіндігін, Мағауиннің ұлтына жаны ауырмайтындығын, безбүйректігін білетіндігін басқаларымыздың да білгенімізден жағдай өзгере ме? Сонау жылдары Шыңғыс ханнан басталған екі Мұхтардың арасындағы теке-тірестің әлі күнге дейін созылмалы дерттей дауа таппағанын кімнен көреміз?.. «Аласапыран», «Алтын Орда» сияқты кесек туынды тудырып, ұлы Абайды, ұлы Әуезовті, ұлы Есенберлинді, ұлы Кекілбаевты өзінен биік көрген Мағауинның жерді сатуға дауыс берді деген Шераға, Фаризалардың аруағына ренішін әлсіздік дей аламыз ба? «Шындық айтылуы тиіс» дегенді жалаулатып, өліге де, тіріге де Мағауиннің атымен топырақ шашу, қазақты екіге, үшке бөлу, дінге, руға, жүзге ажырату, Мағауиннен басқа қадірлі-қасиетті ештеңе қалдырмау, қырқыстыру кімге керек?.. «Бауыржан мен Рахымжан менен де биік, менен де батыр» деп, тұрғыластарын көтере сөйлейтін Қасым Қайсеновтердей аңыз адамдарымыздың іріліктері өздерімен бірге кетіп қалғаны ма деп өкінесің. Бір-біріне тас атудан атамыз қазақтың ауызы әлдеқашан күйіп болған жоқ па еді дейсің налып. Үлкенді құрметтеуден қалып, кішіге ізет көрсетпейтін ұрпаққа айналып бара жатқан жоқпыз ба, ағайын деп атой да салғың келеді. Хакім Абайдың «Бұл қазақта өлген кісінің жаманы жоқ. Тірі жүргендерінің өсектен аманы жоқ» деген сөзін ойыңа алғанда ғана сабаңа түсетіндейсің. Қоғам қайраткері, журналист Мейрамбек Төлепбергеннің жазбасымен желі беттеріндегі желсөздердің де екпіні баяу тартатындай. Мейрамбек Төлепберген әлемжелі қолданушыларға «Шерхан Мұртаза шығармаларынан» Шерағаңның «Өлгендер айтыса алмайды» атты үзіндісін ұсыныпты. Р.S: Соңғы күндері әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамда әртүрлі пікір туғызып отырған сұхбатқа жауап». Мейрамбек Төлепберген келтірген жоғарыдағы мысал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болған сияқты. Ендеше, біз де осыған тоқтасақ қателеспеспіз. Сөзімізді мына тәмсілмен қорытайық. Бір адам жайқалған бақшасы бар зәулім үй сатып алыпты. Жанындағы ескі үйде тұратын көршісі бұның бақытты өмірін көре алмай, күнде қақпасының алдына қоқыс толы шелегін тастап кетеді екен. Осы оқиға бірнеше рет қайталанады. Бір күні зәулім үйдің иесі әдеттегідей жақсы көңіл-күймен оянып, сыртқа шықса, есігінің алдында тағы да қоқыс толы шелек тұр. Жылы жымиған жақсы адам шелекті алып, қоқысын төгіп, ішін жуып, бақшасынан ең әдемі алмаларды теріп, шелекке толтырып, көршісінің үйіне беттейді. Келе жатқанын терезесінен байқап қалған іші тар көршісі: «Әп, бәлем! Шыдамың шегіне жетті ме?!.» – деп, білегін сыбанып, ұрсысуға дайын болады. Тек ақырын қағылған есікті ашқанда, ашулы емес, жылы жүзді көршісін, қолындағы алма толы шелегін көреді. Абдырап: «Мұны не үшін әкелдіңіз?», – дегенде, көршісі: «Кім не нәрсеге бай болса, сонымен бөліседі емес пе, алыңыз», – деп, алмасын ұсыныпты. ...Иә, жұмыр жердің бетінде бәріміз бір-бір шелекпен жүрміз. Ол шелекпен не тасып жүрміз, бір Құдайдың өзі біледі... Жамандық па, жақсылық па? Адалдық па, арамдық па? Өсек пе, өнеге ме? Өтірік пе, шындық па? Шаттық па, мұң ба?.. Шіркін, шелегіміз жақсылыққа толы болса ғой. Сонда адамдықтан ешқайсымыз ешқашан аттамас едік.
Үміт БИТЕНОВА