Білім

Батыр мұралары жаңғырды

Батыр мұралары жаңғырды

Бауыржан оқулары өз мәресіне жетті

Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында Кеңес Одағының Батыры, қаһарман қолбасшы, көрнекті қаламгер Б.Момышұлының туған күніне орай дәстүрлі қалалық V «Бауыржан оқулары» байқауы өтті. Байқаудың ашылу салтанатында гимназия директоры А. Ниязбекова Алаштың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ғұмыры туралы өнегелі сөз айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқауға қала мектептерінен таңдаулы деген дарынды оқушылар қатысты. Алдымен қатысушылар оқу кабинетіне отырғызылды. Мұнда мерейтой иесінің «Москва үшін шайқас» романынан алынған «Бір түннің оқиғасы», «Ана әмірі», «Мұғалима», «Жон арқа», «Таң атып, кеш батқанда», «Ұстаз», «Олар менің есімде» шығармаларынан құрастырылған тест тапсырмаларын орындады. «Жаралғанмын күркіреген дауылдан» атты бөлімде шәкірттер майдангер-жазушының төл туынды мәтінінен үзінділерді жатқа, мәнерлеп оқыса, «Ақ тұлпарым бар еді саған деген» бөлімде оқушылар өздерінің авторлық шығармаларын сарапқа салды. Ал байқаудың «Батыр ата Бауыржан» атты бөлімінде оқушылар шығарма жазды. Іс-шара жеңімпаздарға жүлделі орындар мен түрлі номинациялар ұсынумен аяқталды. Байқау қорытындысында «Жаралғанмын күркіреген дауылдан» бөлімі бойынша №39 орта мектеп оқушысы Аружан Өсер, «Ақ тұлпарым бар еді саған деген» атты авторлық бөлімі бойынша №26 орта мектеп оқушысы Ғайникен Райымбекова, «Батыр ата Бауыржан» бөлімі бойынша аталмыш гимназияның 9-сынып оқушысы Ұлдана Жұбай жеңімпаз атанды.

Гүлсана Өкенова, Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының қызметкері.