Денсаулық

Тақия тіккен қария

Тақия тіккен қария

Біршама жасқа жетіп, қарттыққа қадам басса да қоғамның тіршілігіне белсене араласатын адамдар бар. Соның бірі – тақия тігу шебері Миржан Асабаев. Бүгінде тігіншілік өнерді жанына серік етіп, кәсіпке айналдырып отырған ісмер алпысты алқымдаған шағында көпке үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Қазірде Қызыл Жұлдыз ауылында тұратын қолөнер шебері айына 500-дей тақия тіге алады. Айтуынша, бұл істе өз ұлдары да көп көмегін тигізуде.

Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, тігіншілікті кәсіп етуінің өзіндік себептері мен сырлары бар. 1961 жылы Түркіменстанда туылған ол мектепті аяқтай сала Қазақстанға білім іздеп келеді. Ондағы мақсаты – жеңіл өнеркәсіп саласының инженер-технолог мамандығына оқуға түсу еді. Ал, Кеңес үкіметінің тұсында мұндай сала мамандарын бүкіл одақ бойынша тек 3 қалада дайындайтын болған. Соның бірі – өзіміздің Тараз, сол кездегі Жамбыл қаласы. Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң Миржан ағамыз көп ойланбастан өз мамандығы бойынша шаһардағы үздік өндіріс ошақтарының бірі – тері өңдеу комбинатына жұмысқа орналасады. Осында біршама жылдар еңбек етіп, цехтың басшылығына дейін қызметте жоғарылайды. Сол аралықта комбинат жұмысымен қатар, Миржан аға өз әріптестерімен бірге аяқ киім тігуге қажетті материалдар дайындаумен айналысады. Бұл сол кезеңде жылына 2,5 миллион жұп аяқ киім шығаратын комбинаттың жұмысына едәуір қарқын қосқан іс болатын. Бірақ, Кеңес үкіметі ыдырап, фабрикалардың жабылуына байланысты ағамыз бұл кәсіпті тастауына тура келген. Сөйтіп, өз саласы бойынша тағы бағын сынап көрмекке ұмтылып, былғары күртешелер тігумен айналысқан. Онда да шикізаттың тапшы болуына байланысты сауда-саттыққа ауысады. – Қытай тауарлары базарларды жаулап алған соң, ол ісімнен де береке болмады. Ақыры көп ойлана келе, өзімнің қолымнан келетін іспен шұғылдануды жөн көрдім. Міне, солай тақия тігуді бастап кеттім. Әуелде бұл ісімді құптаушылар қатары тым аз еді. Көп кісілер «Ертең шетел өндірушілерінің қарқынына шыдас бере алмайсың, олармен бәсекеге түсу қиын» дейтін. Оның үстіне, тігіншілік ісі көбіне әйел затына тән болғандықтан да айналамдағылар бұл ісіме қарсы пікір айтып жүрді, – дейді кәсіпкер. Шынында көп ұзамай нарықтық экономиканың заңына сай шетелдік өндірушілер де елімізге сау ете қалады. Бір жағынан қытайлықтар, бір жағынан қырғыз ағайындардың тауары көбейіп, бәсекеге түсу оңай соқпаған. Уақыт өте өзге өндірушілердің тауары қанша арзан әрі көптеп өндіріліп жатса да нарықтан біртіндеп ысырыла берді. Мұндағы басты себеп – тауардың сапалы болуы ғана емес, оның дизайны мен ұлттық ерекшелігінің сақталуында еді. Қалай десек те, атадан мұра болып қанға сіңген өнер болғандықтан да Миржан ағамыз бұдан бөлек қаншама қиындықты амалын тауып, еңсеріп шыққан. Шебердің әкесі Абдурахман да, ағасы Қайыпназар да бірі – ұста, бірі – зергер болған. Абдурахман ақсақал өз кезегінде арба жасап сатумен, бұзылған арбаларды жөндеумен айналысса, ағасы Қайыпназар зергерлікпен қатар, көлік жөндеу шебері болған. Ол кісі, әсіресе, «Москвич» көлігін жөндеуге қатты қызығыпты. Жас шағында механиктер арасында жарыстарға қатысып, Одақ бойынша аталмыш көлік түрін жөндеуден 3 дүркін чемпион атанған. Міне, осы қасиеттер де Миржан ағамыздың бойынан табылған көрінеді. Кәсіпкерлік жолының алғашқы кезеңі туралы сұрағанымда ісмер өткенді еске ала отырып, тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон науқанының да тақия тігуіне себепкер болғандығын айтады. Айтуынша, сол уақыттарда атамекенге оралған қандастардың есебінен ұлтымыздың үлес салмағы да артып, қазақы салт-дәстүрге оң көзқарас пайда бола бастаған. Сөйтіп, ұлттық киімге де сұраныс артқан. Міне, сол мүмкіндікті өз мақсатына ұтымды пайдалана білген шебер бүгінгі қазақ қоғамының сыйлы азаматтарының біріне айналды. Бүгінгі қоғамда ұлттық киімге деген көзқарас та көңіл қуан-тарлық. Әсіресе, жастардың күнделікті өмірде де тақия киіп, сәнденіп жүретінін көріп жүрміз. Миржан ағамыздың сөзінше, қазақтың тақиясы бәле-жаладан сақтайтын қасиетке ие. Сонымен қатар, тақияны аяқ астына қалдыруға, біреуге сыйға тартуға да болмайтын көрінеді. Шебердің айтуынша, орыстардың «тюбетейка» деп жүргені түркінің «төбе» сөзінен шыққан. – Наурыз мерекесі қарсаңында сәукеле де тігеміз. Төл мерекеміздің тұсында сәукелеге сұраныс артады. Жыл сайын арнайы іздеп келіп, сәукеле, тақия тіктіретін тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Бұл халқымыздың салт-дәстүрге деген құрметінің арта бастаған көрінісі. Кез келген жұмыстың өзіндік машақаты болады. Сол секілді тігін тігу ісі үлкен ыждағаттылық пен таудай төзімді қажет етеді. Әрбір түймедей ғана деталь түйедей орын алып, үлкен мән-мағына береді. Сондықтан тақия тігуді де мол ізденісті қажет ететін өнер деп бағалаймын. Біз сол өнерді кәсіпке айналдыра білуіміз керек. Сонда ғана әрі құндылығымызды құнттап, әрі табысты бола аламыз. Кәсіпке қызығушылық танытып отырған жастарға да, қарияларға да іс бастау ешқашан кеш еместігін айтқым келеді. Мұнда тек таудай талап болса жеткілікті. Мысалы, менің тақия тігуді қолға алғаныма 30 жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта көптеген тәжірибе жинадым, жаңа дүниелер үйрендім. Мамандығым тері өңдеу ісінің технологы болғандықтан, алдағы уақытта тері мен жүннен дайындалатын ұлттық киімдерді шығаруды ойлаймын. Әйтпесе, қазір қойдың терісі мен жүні текке ысырап болып жатыр. Осыған бір қолдау болса, қанеки, – дейді Миржан Асабаев. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біршама қаржымен кәсіп бастаған шебер бүгінде өзімен қоса осы ауылдың екі тұрғынын да жұмыспен қамтып отыр. Негізгі кесіп-пішу жұмыстарымен өзі айналысса, көмекшілері ою ойып, соны бастырып, қолғабыс етеді. Қолдан шыққан өнімдері тек өз облысымызда ғана сатылмай, алыс-жақын өңірлерге де жөнелтіледі. Көбіне оңтүстік өңірлерден сұраныс басымырақ. Ісмер қария өз қолынан шыққан тақияларын өзгелердің киіп жүргенін көргенде, ерекше қуанатынын жасырмады. Болашақта орайы түссе, кәсібін кеңейтіп, ұлттық киімнің басқа түрлерін де тігуге ниетті. Амал нешік, тек бұған қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болып тұрса керек. Ағамыз біршама мекемелерді аралап, кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бағдарламаларға қатысуға да өтінім берген. Алайда, жасының сай келмеуіне байланысты ондай мүмкіндіктердің игілігін көре алмаған. Осы орайда ағамыз «Мемлекет тарапынан егде жастағы кәсіпкерлерге де қолдау қарастырылса екен» деген тілегін жеткізіп отыр. Қалай десек те, Миржан Асабаев өз ісінің майталманы екені анық. Үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып, жоқтан бар жасап отырған кәсіпкерге қалай разы болмайсың?! Қарамағындағы екі жұмысшы мен қос ұлын ұлттық қолөнерге баулып отырған қария бүгінгі қазақ қоғамына тірі мысал болары сөзсіз. Өйткені, еліміз жаңа экономикалық кезеңге өтіп, өндірісті жандандыруға бар күшін салып отырған сәтте технологияның тілін білетін кәсіби мамандардың қажеттілігі де артады. Мұндайда дана халқымыздың «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген нақылы еске түседі. Ендеше, осынау қоғам өміріне белсене араласып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қарттарымызға қолдау көрсетілсе екен дейміз…  

Нұрболат АМАНБЕК