Профилактикалық бақылау қайта күшіне енеді
Профилактикалық бақылау қайта күшіне енеді
Спикердің сөзінше, шағын және орта бизнесті тексеруге бағытталған мораторий мерзімінің биыл 1 қаңтардан бастап аяқталуына байланысты аталмыш басқарма енді профилактикалық бақылау орнату құзыреттілігіне қайта ие болды. Бұл дегеніміз – құзыретті орган кәсіпкерлік нысандарының сапасы мен қауіпсіздігіне сай талаптарды қайта қарай алады деген сөз. Ал, бұған дейін басқарма мораторий есебінен бақылау түрлері бойынша өз функцияларын қысқартып, тек тұрғындардың арыз-шағымы негізінде ғана құрылыс нысандарына бақылау орнатқан. Атқарушы орган басшысы Қайрат Әшірәліұлының мәліметіне сүйенсек, жүйелі тексерістер нәтижесінде былтыр облыс аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін «ЕРК-Астана» ЖШС, «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС сынды мердігерлер лицензиясынан айырылған. Сондай-ақ, басқарма тарапынан өткен жылы жауапсыз деп танылған мердігерлерге нақтырақ айтсақ, жалпы саны 17 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалып, шара қолданылған. Оның 16-сына қолданыстағы техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылып, қалған бір қадағалаушыға айыппұл салынған. Жиын соңында спикер журналистердің сақалды құрылыс пен қала көркіне нұқсан келтіріп тұрған нысандардың жай-күйі туралы сұрақтарына жауап берді.
Нұрболат АСАНҰЛЫ