Cауда сақал сипағанша...
Cауда сақал сипағанша...
Онлайн сауда дамығалы алаяқтықтың да жаңа түрі пайда болды. Тараздық Майя Сапармұратова Instagram желісі арқылы кешкі көйлекке тапсырыс береді. Бренд өнім болғандықтан, ақшасын алдын ала төлеуін сұрайды. Магазинін Шымкент қаласында деп көрсеткен алаяқ парақшаның иесі төлем жасалысымен ізін суытады. Сұрастырып көрсе, ондай мекенжай жоқ. Тіпті, шекара асып келетін интернет тапсырыстардың арасынан кейде кәдімгі тас, кірпіш сынықтары шығатын кез де болады екен. Бұл жағдай қазіргі атақты Pinduoduo, AliExpress сайттарына тапсырыс берушілердің арасында жиі кездесіп жатады. Жә, енді бұл жағдайларға қарап, онлайн сауда өтірік деп біржақты шешім шығара алмаймыз. Керісінше, ешқайда шықпай, үйде отырып-ақ саусақтың ұшымен сауда жасау қарқынды дамып, онлайн сауданың дәмін татып-ақ үлгердік. Электрондық коммерция жаһан бойынша жылдам дамып келеді. Былтыр әлемде 3 миллиард адам онлайн дүкен қызметін пайдаланыпты. Мұның ішінде қазақстандықтардың да үлесі бар. Әрине, аса көп емес, десе де, заманауи сауда-саттық қызметін қазірдің өзінде бізде 4 миллион 500 мыңдай адам тұрақты түрде пайдаланатын көрінеді. Біздің нарықта 1700-ден астам интернет дүкен жұмыс істейді, электронды сауда айналымында 270 миллиард теңге жүр. Отандастарымыз онлайн тапсырыстың тиімділігін бірте-бірте ұғынып келеді. Расында да, интернет дүкендер тұтынушы үшін өте тиімді. Біріншіден, виртуалды дүкеннен ұнаған тауарды үйде отырып-ақ сатып алуға болады. Түрлі супермаркеттерге, сауда орталықтарына барудың, уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ. Екіншіден, сатып алған затты үйге немесе алуға ыңғайлы мекенжайға жеткізіп салу қызметі де бар. Үшінші, тиімді тұсы, баға базардағыдан екі есе арзан. Ел қазір киімнен бастап, техника, косметика, тіпті азық-түлікке дейін онлайн тапсырыс беретін болды. Себебі мынау, тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, сәйкесінше баға да әр қолдан өткен сайын қымбаттайды. Ал, интернет арқылы тапсырыс берсеңіз, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі де, үстеме баға тек жеткізу қызметіне ғана қосылады. Таразға да әлемнің түкпір-түкпірінен интернет сәлемдемелер өте көп келеді. Оларды қабылдап алу, сақтау және иелеріне жеткізіп беру жұмыстарын жүргізеді. Мұндағы қызметкерлер күн сайын кем дегенде 2-3 мың интернет сәлемдемелерін қабылдайды. Дәл қазір орталықта 50-ден астам интернет дүкенінің тауарлары сақталған. Көбіне Қытай елінен, Ресейден келіп жатады. Интернет тапсырыстар негізінен – киім, парфюмерия, шағын тұрмыстық техникалар болып келеді. «Интернет сауда дамыған заман болды ғой. Тек тапсырыс берушілер алаяқтарға алданып қалудан сақ болуы керек. Жақында ғана бізге бір келіншек келді. Айтуынша, ол өзінің үйіндегі тігін машинкасын «Оlx» сайтына салған. Оған дереу Өскемен қаласынан бір жігіт хабарласып, машинканы алатынын айтады. Оны біздің пошта қызметі арқылы аламыз деп, ссылка жіберіп, ақша төлейтін кезде банкомат картасының екі жақ бетін толтыруды сұрайды. Толтырғаны сол екен, оның ішінде тұрған 45 мың теңгесінен айырылып қалыпты. Енді ол номерге хабарласса өшіп тұр. Жоқ. Бізге «Ол сайтта сіздердің логотиптеріңіз тұрды. Мен заңды сайт деп сеніп қалдым» дейді. Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін әркім өзіне сақ болуы керек. Жалпылама алғанда, онлайн сауда қазір қатты, қарқынды дамып келеді. Оның пайдасы да, кейде зияны да өте көп», – дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының бизнес жөніндегі бөлім маманы Жандос Атайбеков. Әлемдегі миллиардер азаматтардың көбі онлайн сауданың төңірегінде жүргендер. Америкалық «Amazon» компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос тарихтағы ең бай адам атанды. Оның байлығы 105 миллиард долларға бағаланып отыр. Қытайлық миллиардер Джек Ма ше? Ол да әйгілі «Alibaba» интернет дүкенінің арқасында ең бақуатты адамдардың тізімінде. Қарамағында 11 миллион жұмысшысы, 37 миллиард долларға тең байлығы бар. Қысқасы, қазір әлемде интернет саудасына арналған платформа құрып байыған 12 мыңнан астам кәсіпкер бар. Бүгінде біздің өміріміздің өзі тұтас ғаламтормен байланысты болып алды. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, мұның да пайдасы мен зияны бар. «Сауда сақал сипағанша» деген. Сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан, барлық жағдайды ескеріп, пікірлерге сүйене отырып тапсырыс беру маңызды. Кейін «қап» дегенмен қалыпқа келе қоймайтын дүниенің алдын алғанның айыбы жоқ.