Шыны өмір мен шын өмір
Шыны өмір мен шын өмір
Өзін жақсы көру дегеннен шығады, бразилиялық қаламгер Пауло Коэльо өзінің «Алхимигінде» де Нарцисс оқиғасының бір ұшын сонау Жүсіп пайғамбарға апарып қосақтайды. Нарцистің сұлулығы Жүсіптікі болғанымен, оның ессіз ғашықтығы Зылихада тұр. Екі көзі ащы жастан су қараңғы болып қалған Зылиха Жүсіпті көрдім деген жандарға бүкіл байлығын сыйлайды. Оның осындай ессіздігін түсінбей: «Жүсіп деген кім?» дегендерге: «Жүсіп – ол менмін» демей ме?! Əлем əдебиетін əрі қойғанда, қазақ əдебиетін қайда қоямыз? Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Мен» мемуары. Оны алғаш оқығанда жазушының «меніне» малшынып едік қой. Бірақ, ол үшін жазушыны кінəлау артық. Айтары да, жазары да бар қаламгер өзінің «менін» қалай суреттесе де жарасар еді. Біздің бүгінгі айтпағымыз, «мен» деген «мемуардың» мыңын жазып жүргендер жайында болмақ... Иə, қазір біз қатты өзгердік. Қоғам өзгерді. Адам да өзгерді. Жақсы жағына да, жаман жағына да. Алғашқысынан соңғысының бəсі артық. «Бұл – мен!» деген атақтың атын ерттеп мініп алдық. Бұл қатарда əншілер, əртістер, блогерлер, тіпті, екінің бірі бар деуге болады. Мəні бар ма, жоқ па, жаппай əн жазып, хайп қуғандарға да, бойына біткен баласын ағасы мен əкесіне жеткізіп, сүйінші сұрағандарға да сот жоқ қазір. Ар сотын айтамыз. Ер жігіттің тізерлеп тұрып əйелінің ішін сүйгені, баласын босандырып алуға бірге кіргені де жаңалық емес. «Бұл сипаттағы адамдар көп қой, оның қайсыбірін айтамыз. Бірақ, алғашқыда айтыскерлігімен танылған Төреғали Төреəлінің екі қарындасы да жүктілігін желіде ашық жариялап, əкесінен де, ағасынан да сүйінші сұрап, бір бірлерін құшақтап, мəре-сəре болды. Бұл не сұмдық?! Ибалы, иманды қазақ қызы мұндайға бармаса керек-ті. Ата-анасынан, ағаларынан ұялған қыз жүкті болған күннен олардың көзіне түсуге тырыспаған. Əрнені бір сылтауратып, төркініне баласы қатайғанда бір -ақ бармаушы ма еді? Осыған қатты қынжылдым», дейді ардақты ана Кəдірше Молдашқызы. Осының барлығы «мені» басым жұлдыздардың қылығы. Психологтар «мен сұлумын, маған мұны жасауға болады, себебі мен ерекше жаратылғанмын» деген сияқты өмір сүрудің жаңа формасы пайда болғанын айтып дабыл қағуда. Сəн, өнер, жарнама бағытындағы мамандар осы арқылы қыруар қаржы да таба алады. Бірақ, оның соңы бəрібір дағдарысқа апаруы мүмкін екен. «3-5 жас аралығындағы жан жарақатын «нарцистік жарақат» деп атаймыз. Бұл жан жарасы ең алдымен ана мен бала арасындағы қарымқатынаспен байланысты болады. Сосын бір ғана нақты ситуацияны алып, нарцистік жараның себебі деп айта алмаймыз. Жалпы алғанда ғана шынайы махаббаттың жетіспеушілігінен туатын ауру дей аламыз», – дейді психолог Жұлдыз Төлеу. Қазақ қоғамында тұңғыш баланы ата-əжесіне беру, абысындары тату болсын деп алмастырып беру, баласыз жүрген туысқа беру көп кездеседі. Оны туа салысымен басқа біреуге беріп жібергенде, «Мені ең жақын, ең сенімді, бəрінен артық жақсы көреді деген адамдарымның өзі қабылдамады. Мен басқа ешкімге де керек емеспін» деген сарындағы сезіммен өседі. Тіпті ата-əжесі, бағып алған отбасы бəрін берсе де, бұл туған ата-анасының махаббатымен еш теңеспейді. – Нарцисс ата-ананың баласы да нарцисс болып өседі. Қазір көптеген ата-ана баласына бос кеңістік қалдырмай, таңның атысы, күннің батысы түрлі үйірмеге қатыстырады. Қатарластарының алды болуын талап етеді, сырт келбетінің мінсіз болғанын қалайды. Осындай жарысқа толы өмірдің жетегінде жүріп баланың жан дүниесіне үңілуді, оның шын қалауын ескеруді ұмытып кетеді. Өзі ата-ана тарапынан шынайы махаббатты сезініп көрмеген бала оның не екенін білмей өседі, – дейді психолог. Міне, өз-өзін көрсету, өзін-өзі көрмеге қою ауруы психологияда өзіне көңілі толмаушылықпен, шынайы мейірімнің жетіспеушілігінен туындап отыр. Оны мойындайтын, аурумен күресетін қоғам бар ма? Жоқ! Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек: «Беталды суретке түсу əдеті пайда болды. Жөн-жосықсыз. Қазір тірі адамнан оның жансыз суреті қадірлі боп кетті. Адамдарды жаппай бейнеқұмарлық билеп алды. Сурет те өзіңді-өзің көрсетудің бір əдісі. Ақынжазушылардың суретке түсуде өз маскасы бар. Ол қатты ойланып-толғанып, бүкіл адамзаттың қамын жеп жүрген сияқты боп түсу. Яки, өте талантты бейне кейпіне кіріп не болмаса шексіз шабыт құшағында шалқып тұрғандай боп көріну. Бірақ, қанша фотосы керемет болғанмен, жұрт оны жазған дүниесіне қарап бағалайды ғой. Фотосыз ақын ақындықтан қалса, онда Бұқар жырау мен Махамбет ең байғұс шайырлар болар еді ғой», – дейді. Рас. Қазір автобусқа мінсең де, тіпті, тойға барсаң да барлығының қолында телефон. Дамыған заманда бұл дұрыс десек те, оны орынды пайдалана алмауды ауруға жатқызады мамандар. DataReportal порталының зерттеуіне сүйенсек, 20 миллион халқымыздың 12 миллионы Instagram желісінде отырады. 7,26 миллион жұрт TikTokта жүр. Ең ақылды 2,3 миллион адам ересектер арасында құрметке ие Facebook-ті пайдаланады. Интернетке қосылған смартфоны бар мектеп жасындағы балалардың 95 пайызы YouTube-ты тамашаласа, 67 пайызы Тік-Ток-та отырады. 62 пайызының Instagram-да парақшасы бар жəне осы желіні ұнатады екен. Ал, біздегі білім жүйесі əлі күнге дейін технологиялық игіліктерді оқушылардың білім беру нəтижелігін арттыру үшін жаратуға ұмтылмай отыр. Педагогтер сабақты, жаттығуларды қызықты етіп түсіндіріп, оны Тік-Ток, YouTube жəне басқасы арқылы таратуға тырысып отырған жоқ. Бірақ, барлық оқушы əлеуметтік желіге таңылып қалған. Демек, олар да бұл технологиялық жетістікті тек өзінің «меніне» ғана пайдаланудан аса алмай отыр. Сөзімізді Абайша аяқтасақ: «Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын көрсетпек, өзін өзі базарға салып, бар ақылы көзіндегі ақымақтарға «бəрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Мұнша əуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласқа қасиет бітеді». Шын өмір мен шыны өмірдің ара-жігін қашан айырар екенбіз?!
Гүлжан РАХМАН