Әлеумет

Қайраткер

Қайраткер

«Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деп ғибратты ғұмыр жолында әділдіктің туын жықпаған, ақтық демі қалғанша ақиқаттан айнымай, адалдықтың тұғырына айналған қаранар қайраткер, қайталанбас тұлға, ол – Дінмұхамед Қонаев. Егемен ел тарихынан өшпейтін оның есімі ерлікпен пара-пар еңбегімен ел жүрегінде алтын қаріптермен қаттала қашалып жазылып қалды. Қадірі Қаратаудай, абыройы Алатаудай асқақ қайраткердің өсиетпен өрнектелген өмірі қашанда өміршең ұлт пен өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болып қала бермек.

Небір нəубетті, астаң-кестеңді бастан кешкен еліміздің тағдырлы тарихында ақтық демі қалғанша Алашқа қалтқысыз қызмет еткен, перзенттік парызпарасатын адал ісімен абыройлы дəлелдеп кеткен тау тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына биыл, яғни 12-ші қаңтарда   112  жыл толады. «Мен Тəңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Еңкейіп отырмын деп, еңсемді түсірмеймін. Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат – халқыма қызмет ету еді. Ол ниет орындалды.  Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім жерім, саған қызмет етуден танбаймын. Менің жан баласына өкпем жоқ. Ал, менде кеткен өкпе, реніш, наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Тағы да баршаңызға бақыт тілеймін. Арайлап атқан əрбір таң сіздерге қуаныш əкелсін. Алдымыздан ақ жарылқап күн туа берсін, айналайын ақпейіл жұртым», – депті өзінің 1993 жылы жазылған естелігінде Дінмұхамед Ахметұлы. Саналы ғұмырын ұлтына қызмет ету жолында сарп етіп сарқыған қайраткердің екі жыл бұрынғы 110 жылдық мерейтойына орай қаланың қақ төрінде еңселі ескерткіші бой көтерді. Сол мерейлі сəтте Талас ауданынан мұражай ашылды. Көзі тірісінде жиһаз емес кітап жинап, елден алған сый-сияпаттарын жетімдер үйіне өткізіп, қарапайымдылықтың қайталанбас үлгісін көрсетіп өткен қайраткер жайында жыл сайын жарық көріп жатқан кітаптар да аз емес. Соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының, «Парасат» жəне Дінмұхамед Қонаев ордендерінің иегері, көрнекті ақын, белгілі жазушы Рафаэль Ниязбектің «Көсем» деп аталатын, мазмұн-салмағы мол тарихи романы толығымен қайраткерге арналғанын да айрықша атап өткен жөн. Көлемі бес жүз беттен асатын ауқымды жинақта қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында билікке келіп, соқаға өгіз жеккен тар кезеңнен туған еліміздің əл-қуатын арттырып, бедер-бейнелеп айтқанда, ғарыштық дəуірге көтеріп, ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Дінмұхамед Ахметұлының қым-қуыт күреске толы өмір жолдары шырайлы шындық арнасында шынайы суреттелген. Жазушының бұл туындысы эстетикалық көркемдік ерекшелігімен де, ұлттық бояуының қанықтығымен де, жан-дүниеңе рух беретін өжет оттылығымен де, ойлы, терең сезіммен тебіреніп, шебер жазылуымен де оқушы жүрегіне сара жол тапты. Жалпы, Дінмұхамед Қонаевтың кезінде сан салада іргелі істер қолға алынып, ілгерілеушілік іске асқаны тарихтан белгілі. Айталық, 1945 жылы Қазақстанда 14 жоғары оқу орны болса, Қонаев оны 1960 жылы 28-ге, 1985 жылы 55-ке жеткізді. 1955 жылы студенттер саны 70 мың болса, 1985 жылы 270 мың болған. Ол кезде жоғары оқу орнына түсіп оқитын қазақ жастары өте аз еді. Мысалы, 1955 жылы студенттердің 28 мыңы ғана қазақ болған, 1985 жылы олардың саны 151 мың болды. Дəл қазіргі таңда облыста ұлт қайраткерінің атымен аталатын бірнеше мектеп бар. Олар Қордай, Жуалы жəне екеуі Таластағы Қаратау қаласы мен Ойық ауылында орналасқан. Өңірде өскелең ұрпақты өркениетке жетелеген өнеге ошағы, даналық даңғылы – балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да қайраткердің атымен аталады. Дінмұхамед Қонаев ел басында отырған уақытта ұланасыр ұмтылыстар тіршілікке түрен салды, ауыр өнеркəсіп саласындағы ірі өнеркəсіп орындары жедел қарқынмен өсті. Қарағанды – Теміртау, Павлодар – Екібастұз, Жамбыл – Қаратау, Шымкент – Кентау кешендері құрылды. Мемлекет қоймасына 7 рет бір миллиард, 8 рет 900 миллион пұттан аса астық құйылды. «Панам да елім, данам да елім» деп басқарған Д.Қонаев 1964 жылы Өзбекстанға өтіп кеткен жерлерді қайтарды. Орал, Атырау, Маңғышлақ, Ақтау жерлерін Ресейге қосып, əскери аймақ жасаймыз дегенде қарсылық білдіріп, алып қалған да Дінмұхамед Ахметұлы еді. Павлодар қаласын Хрущевград деп өзгертуден, Маңғыстау облысын Түркіменстанға беруден сақтап қалды. Олжас Сүлейменовті қорғап, жазушы Ілияс Есенберлинге де қамқорлық көрсетті. Қазақстан картасындағы Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Талдықорған сияқты жаңа облыстардың ашылуы Дінмұхамед Ахметұлының еңбегімен тікелей байланысты. Ел үшін еткен тұсында  қазақтың тұңғыш екі сериялы фильмі, 12 томдық энциклопедиясы жарыққа шығып, Алматыда ғажайып архитектуралық ансамбльдер бой көтерді. Шиырып айтсақ, күрделі, тұсаулы қиын уақытта басшы болған қайраткердің қай істе де Қазақ елінің алдында сіңірген еңбегі талассыз. Ел үшін еткен қызметінің нəтижелері отандастарымыздың келесі ұрпағы үшін де жемісті болатыны анық. Қалай дегенмен, қылышынан қан тамған қаһарлы тұста Кремльдің саясатын табандылықпен тоқтатқаны үшін қазақ халқы  Д.А.Қонаевқа шексіз риза. Айта кету керек, əлем бойынша ең ұзын көше атанып, рекордтық көрсеткіш көрсеткен көше де елімізде Қонаевтың атымен аталады. Оңтүстік астана маңындағы Текеліде орналасқан ол көшенің ұзындығы 35 шақырымды құрайды. Ал, Тараздағы батыс бағыты Ілияс Жансүгіров жəне Сəкен Сейфуллин, ал қала орталығындағы бағыты Абай даңғылымен шектесетін көше 1993 жылға дейін Украинская деп аталып келді. Сол жылы қазан айының 4-і күнгі Жамбыл қаласы əкімдігінің қаулысымен көне шаһардағы аталған үлкен көшеге Қонаевтың есімі берілді.  Қаранар қайраткердің өзі айтпақшы, «мал бағып, қауға тартқан» ел-жұрты көзі тірісінде аңызға айналдырған Димаш Ахметұлының тұсында Талас ауданында 50 мың қаракөл қой бар болған екен. Ақкөлдегі Мəдениет үйі, кəсіптіктехникалық училищенің көпқабатты ғимараты, оқушыларына арналған жатақхана, совхоздардағы еңселі Мəдениет үйлері, көпқабатты мектептер, Ақкөлден Үшаралға дейінгі, Бостандық пен екі арадағы тасжолдар – осының бəрі жоспарда жоқ, Қонаевтың қолдауымен қосымша салынған құрылыстар деп еске алады көзкөргендер. 1992 жылдың маусым айында Дінмұхамед Ахметұлы атажұрты төменгі Талас еліне соңғы сапарын жасап, қашанда халқының жүрек төрінде қалар мəңгілік сөнбес сəулеге айналып кетті. Бұл күндері Қазақстанның əр қаласында Қонаевтың атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары көптеп кездеседі. Тіпті жержерлерде тұлға ескерткіші де қойылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді. «Қапшағай қаласы халқымыздың көрнекті қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер халық Қапшағайдың атын оның құрметіне өзгертуді ұсынса, мен де бұл пікірге қосыламын», – деген Президент, қазақ тарихының тұғырлы тұлғасына халықтың атынан айрықша құрмет көрсетті. Айта кетсек, Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған уақыт аралығында Ақтау, Арқалық, Екібастұз, Қаратау, Рудный, Кентау, Жаңаөзен, Қапшағай секілді 43 қала, 68 жұмысшы кенті бой көтерді. Атыраудан Алтайға, Қаратаудан Торғай даласына дейін ен жайлап жатқан елдің əлеуметтік тұрмысы, мəдениеті мен экономикасы өрлеу үстінде болды. Нақты мəліметтерге жүгінсек, 1955 жылдан 1985 жыл аралығында Қазақ-стан өнеркəсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есеге жуық өсті. Дінмұхамед Ахметұлы бой көтеруіне атсалысқан 43 қаланың 7-еуі Алматы облысындағы Есік, Қаскелең, Сарқан, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сосын Қапшағай, яғни қазіргі Қонаев қаласы еді. Қаланы қалыптастыру,  ГЭС пен су қоймасын салу – Дінмұхамед Қонаевтың тікелей еңбегі. Сондықтан, өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – лайықты құрмет һəм тарихи əділетті шешім болды. Дінмұхамед Қонаевтың қазақ халқына сіңірген еңбегі ұмытылар емес, қайта уақыт өткен сайын еселене түсуде. «Елі барда ер елеусіз қалмайды», демекші, тек қана Қазақстан емес, бүкіл дүние жүзінде үш рет Еңбек Ері атанған, оған қоса сегіз рет Ленин орденін алған жəне де «Алтын адам» қорының қоғамдық кеңесінің шешімімен «Ғасыр саңлағы» аталған адам жоқ шығар, сірə. Осылайша, қаранар қайраткер қазақ елін бүкіл əлемге танытқан кемеңгер басшы ретінде артына өшпестей жақсы сөз, қайталанбас із қалдырған ұлы тұлға болып тарихта қалды.  

Нұржан ҚАДІРƏЛІ