«Жебей сауу» деген қандай сауын?
«Жебей сауу» деген қандай сауын?
Бұл сөз сауын малдарына қатысты айтылады. Сауын малын бір сауып өткеннен кейін, ішінара немесе түгелдей қайтара қақтап сауу тәсілі. Жебей сауудың ұсақ малға қатысты мәні – аз ғана қой, ешкіден молырақ сүт алу мағынасында айтылады. Бұл ретте қозы, лағын енесіне жақындатып, идірмейді. Алдымен қосақталған саулықты толығымен сауып алған соң, бастапқы сауылған қойдан бастап қайтара сауады. Қой мен ешкінің төлін салмай, жебей сауу кезінде саулықтың желінін жұдырықтың бас бармақ жағымен ақырын ұра отырып, идіріп алады. Жылқы түлігінде жебей сауудың ерекшелігі болады. Бие шамамен екі сағат сайын саууға әбден дағдыланып кеткендіктен, кей кездері сауын уақытын өткізіп алған жағдайда, сауып болғаннан кейін ілешала қайтадан сауылатын жайт кездеседі. Баяу сауған кезде бие иіген сүтін бойына қайта тартып алады. Мұндайда құлынды желіден ағытып, енесінің бауырына салып идірген соң ғана қайтадан сауады. Ел аузында жебей саууға байланысты: Желің құтты болса, биең сүтті болады, Биең сүтті болса, жебей сау, – деген өлең жолдары бар. Жебей сауу ұғымы сиыр малына қатысты айтылмайды. Бұзауды бауырына салып идіріп алғаннан кейін, сиырды қақтап сауады. Бұзау енесінің әр үрпін бір еміп, бір уақытта біреуіне жабыса емуді бастайды. Бұл сиырдың қайтадан иігенінің белгісі. Бұзауды бастапқыдай тартып байлап, желін сүтін қайта қақтайды. Бұл «Идіріп сауу» деп аталады. Бұл жағдайларды мал ұстап отырған шаруа отбасылар жақсы біледі. Дегенмен, оқырманға түсінікті болсын деп, тағы да баяндап өттік.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясы бойынша дайындаған Есет ДОСАЛЫ.