Әлеумет

Интернет жылдамдығы артады

Интернет жылдамдығы артады

Қазақ даласында алғашқы мектептің іргесін қалаған ұстаз Ыбырай Алтынсарин сан жылдар бұрын айтқан «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» ғылымның озық пайдасы бүгінде айқын көрінуде. Әсіресе, цифрландыру жүйесі көптеген жұмыстардың жылдам әрі сапалы орындалуына сеп болып отыр. Уақытты ұтымды пайдалануға, көптеген істерді қолдағы ұялы телефон арқылы-ақ тындыруға мүмкіндік берді.

Цифрландыру жүйесін жетілдіру үшін ең алдымен интернет қуатын арттыру аса маңызды. Бұл тұрғыда айтылар сөз көп. Ғаламтор желісі жетпеген елді мекендердегі мұғалімдер мен оқушылар, әсіресе карантин кезінде онлайн режимінде оқығанда қиналып-ақ қалды. Одан бөлек, бірер күнге ғаламтор желісі өшірілгенде электронды төлем жасап үйренген халық күнделікті ас-ауқатын сатып ала алмай сабылғаны да есте. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, аймақтағы 367 елді мекеннің 57-сінде 2G, 66-сында 3G төмен жылдамдықты мобильді интернеті бар. Ал, 244 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамту 2022 жылы 54,6 пайызға, 2023 жылы 62,7 пайызға ілгерілеген. «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 27 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 23 елді мекенде жаңа базалық станция орнатқан. «Кcell» акционерлік қоғамы 23 елді мекенде 3G/4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 26 елді мекенде жұмыстарды аяқтапты. «Мобайл Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарлап, 28 елді мекенде көзделген істі жүзеге асырған. – Байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімімен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» жол картасы бекітілді. Осыған орай, 2025-2027 жылдары 198 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту, 170 елді мекенді, ондағы 455 мемлекеттік мекеме мен 8175 кәсіпкерлік субъектіні талшықтыоптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары 12 антенна-діңгек құрылысы көзделген, – дейді облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков. Болашақтың иелерін оқытып, тәрбиелеп отырған білім ошақтарында жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті арттыру, әсіресе бүгінгі уақытта өте өзекті. Облыстың 146 мектебінде интернет жылдамдығын жоғарылатуға байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктері анықталып, секундына 20-150 мегабитке дейін көтерілген. Ал, қалған 12 мектепте, яғни Қордайда 5, Мойынқұмда 3, Сарысуда 3 және Талас ауданындағы 1 мектеп бойынша байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктері болмай, StarLink спутниктік желісі арқылы қосып ұсынылып отыр. Сондай-ақ, Шу ауданындағы 7 мектепте интернет жылдамдығын жоғарылатуға өткен жылдың қараша айында конкурс ұйымдастырылған, аталған конкурсқа жалғыз «Қазақтелеком» компаниясы ғана қатысқандықтан, келісімшарт жасалмапты. Басқарма басшысының айтуынша, «Көне Тараз» этномәдени кешенінің аумағы, арбат, Т.Рысқұлов атындағы саябақ және орталық стадионды «Freedom Telecom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен Wi-Fi интернет желісімен және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба құны шамамен 200 миллион теңге көлемінде. Сонымен бірге, аталған серіктестік биыл жыл соңына дейін техникалық қолдау көрсетеді. Қорыта айтқанда, облыстағы цифрландыру жұмыстары мен елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету ісі жалғасады. Яғни, биылға жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде сапалы ғаламтор байланысына қолжетімділік артады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА