Саясат

Бір атаның балаларындаймыз

Бір атаның балаларындаймыз

Бүгінде халықаралық сарапшылар Қазақстанды құт дарыған, сан ұлттың өкілдерін бір шаңырақтың астында тату-тәтті ынтымақтастықта өмір сүруге ұйыстыра білген ел ретінде бағалайды. Әрі оның жаны да бар. 

Өйткені, Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан кең-байтақ республикамызды ата қонысы, құтты мекені санайтын жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тізе қосып, білек біріктіріп, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің санатына қосылуына үлес қосты, нақтылы кезеңде экономикасы барынша дамыған отыз мемлекеттің қатарынан табылуы үшін күш жұмылдыруда. Ал көпұлтты Қазақстан халқының өзара рухани келісім жағдайында өмір сүруіне, олардың арасындағы толеранттықтың қалыптасып орнығуына ықпал еткен, Елбасының бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл Республика Президентінің Жарлығымен жиырма жылдық торқалы тойын атап өтуге әзірлік үстінде. Бұл үрдіске облыс аумағында тіркелген аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі барлық этномәдени бірлестіктер, соның ішінде, біздің «Жамбыл облыстық грек қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі де атсалысып, алдын-ала жасалған іс-шаралар жоспары бойынша ауқымды жұмысты жүзеге асыруда. Республикамыздың халықаралық қауымдастықтың алдындағы беделін нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда және халқының әл-ауқатын жақсартуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі туралы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты күн тәртібімен өткен Ассамблеяның мерейтойлық ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалар біздің барлық азаматтарымыздың арасындағы этникааралық татулық пен келісімнің арқасында сәтті жүзеге асырылуда. Бейбітшілік пен тыныштық әр шаңыраққа орнады. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан дамуының ең басты бақыты мен жетістігі. Бұл біздер мен сіздердің және Ассамблея жұмысының басты нәтижесі болып табылады», - деп атап көрсеткендігі мәлім. Республика Президентінің осынау берген бағасы, бүгінгі таңда еліміздегі этностардың азаматтық келісімі мен ынтымақ, бірлігін нығайтуда бірден-бір конституционалдық институт ретінде танылып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына алдағы уақытта да үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы бері арада өткен 24 жыл уақыт аралығында тату-тәтті тыныштықта ғұмыр кешіп, елдегі саяси тұрақтылыққа үлес қосып келе жатқан Қазақстанның көпұлтты халқын қазіргі қалыптасып отырған ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұдан әрі баянды етуге жұмылуға жігерлендіретін болады. Баршаға белгілі, ағымдағы жыл — Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ретінде атап өтіледі. Міне, осы орайда мына бір басты мәселені ашық айтуға тиіспіз. Аталған айтулы датаға арналған шаралар құрылым ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанының 20 жылдығына емес, еліміздің ұлт саясатындағы жеткен жетістіктерін, республикамызда орныққан этникааралық келісімді, бейбіт қатар өмір сүру идеясын айшықтауға арналуда. Нақ сондықтан, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы және барлық этномәдени бірлестіктер биыл аумақтағы саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге, өздерінің ұлттық салт-дәстүр үрдістерін одан әрі дамытуға және насихаттауға күш жұмылдыратын болады. Бұл игі іске, біздің «Жамбыл облыстық грек қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің де тиісті үлес қосары сөзсіз.

Георгий Буюкиди, «Жамбыл облыстық грек қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.