Әлеумет

Ауласынан цех ашқан ардагер

Ауласынан цех ашқан ардагер

Жамбыл ауданының Көлқайнар ауылдық округінде сабын өндіретін цех бар. Кәсіпорынды ашқан Мырзабек Қошманов бар ғұмырын теміржол саласына арнаған құрметті ардагер.

Зейнеттік демалыста бекер қарап отырмайын деп ол алдымен немерелерінен әлеуметтік желінің тілін меңгереді. Мұндағы ойы әу бастағы мақсатын жүзеге асыру болатын. Ол интернеттен жаңа кәсіп ашудың және шикізатты қалай өнімге айналдырудың жолдарын мұқият зерттейді. Интернетті тиімді пайдалана білудің арқасында сабын шығару цехының иесі атанады. Ұлтжанды ақсақал жаңа өнімге «Қазақия» деп ат қойыпты. Еселі еңбегінің нәтижесінде қазір ол бір отбасының мүшелеріне жұмыс тауып беріп отыр. – Жаңа Қазақстанға қадам жасадық. Әрине, ол өте дұрыс шешім. Мемлекеттің әр бастамасын қолдаймыз. Сол арқылы біз жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаймыз, мүмкіндігі мол елде еркін, азат өмір сүруді ұғындырамыз. Бірақ, мен әрқашан өткенімізге көз жүгіртіп отырамын. Осы жетістікке жетудегі ата бабамыздың басынан өткізген әрбір қиын сәттерін бағалаймын, құрметтеймін. Қазақстан азаматы ретінде бас иемін! Тарихқа тағзым етуді өсіріп отырған ұл-қызыма, немерелеріме үнемі айтып, насихаттап жүремін. Осы мақсатта өз кәсібіме де ескіліктің бір сарқыншағын қосу үшін «Қазақия» деп атауды жөн санадым, – дейді қария. Сондай-ақ, ол «Қазақта «Қазыналы қария» деген құрметті ұғым бар. Әрбір ақсақал өзінің қарттық өмірін ұрпағын тәрбиелеп, оларға үлгі-өнеге беруге арнау керек», деген пікірде. Цехтың іші шағын ғана. Отбасылық бизнестің нағыз үлгісі. Тазалау, сабын шығару жұмыстарына ақсақал мен оның жұбайы әбден бейімделіп алған. Күнара ұл-қыздары келіп, қолғабыс етіп отырады. Мұндағы техникаларды Өзбекстаннан 2,5 миллион теңгеге сатып алған. Көп орынды алып та тұрған жоқ. Алайда, айына осы техниканың арқасында 700 келі сабын шығарылады. Жамбылдық өнім облыс орталығындағы ірі сауда нүктелеріне арзан бағада өткізіледі. Цехтан өздері келіп алып кететін тұтынушылар қатары да күн санап артып отыр. «Кез келген істі абыройға жасау керек. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп қазақ бекер айтпаған. Халықты алдап мен арманыма қол жеткізе алмаспын. Сондықтан, мен адалдықты басты орынға қоямын. Жасап жатқан өнімім берекелі болсын деп таза, сапалы өнім молырақ қосамын. Әрине, шикізат өзін ұстап тұруы үшін аз мөлшерде қоспа да қосылады», дейді Мырзабек Қошманов. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сабын тұрмыстық қолданысқа өте қолайлы. Сапалы өнімге сұраныс жоғарылап, тұтынушылар саны күннен-күнге артуда. Бұл туралы бізге әңгімелеп берген әріптесіміз Мархабат Көпбосынова кәсіп иесінің алдағы уақытта жаңа техникалар әкеліп, иіс сабын мен кір жуу ұнтағын шығаруды жоспарлап отырғанын да тілге тиек етті. Жалпы, кәсіп бастаймын деген адамға еш кедергі жоқ. Оған кәсіпкер қариямыздың ісі де дәлел. Тек шын ниетпен тәуекел ету керек. «Кім тәуекел етпейді – сол мақсатына жетпейді» деген де бар. Көрші Қытай елінде кез келген адам кәсіпкер немесе бір өндіріс иесі. Жоқтан бар жасайтын бұл мемлекет тұрғындары өзінің шағын ауласынан-ақ ауқымды тауарлар шығарып, шетелге экспорттайды. Ауласынан цех ашып отырған бүгінгі кейіпкеріміз көпке үлгі болса екен дейміз.  

Нұржан ӘЛІШ

Жамбыл ауданы