Кемелдік келешекке бастайды
Кемелдік келешекке бастайды
Сән көрсетілімінің салтанатты жиыны сәнқойлардың дизайнерлік киімдерінің көрсетілімімен басталды. Аталған іс-шарада ұрпақтар сабақтастығының белгісі айқын көрініс тапты. Себебі, халық шығармашылығы шеберлері клубының мүшелері өздерімен бірге жас жеткіншектерді ертіп келіп, түрлі қолөнер туындыларын, техникаларын таныстырып, еңбекке баулыған. Жиында клуб мүшелерінің шәкірттері жасаған бұйымдар да халық назарына ұсынылды. Сәннің салтанат құрған кешінде көрермендерге жергілікті дизайнерлер Саодат Шарипова, Бахыткүл Қонысбаева, Вера Майкович, Гүлжазира Құдайбергенова, Гүлнара Абдуллаева сынды шеберлердің қыстық киімдер топтамасы көрсетілді. Бәрінен бұрын көрерменнің көңілінен шыққан «Авто-апа» үлгісі болды. Клуб мүшесі Сәуле Төртбаева қазақтың дәстүрлі әйелдер бас киімінің топтамасын жасап, заманауи сәнге қайта келеді деген оймен кимешек киіп, көлік жүргізуге мүмкіндік беретін «Авто- апа» болашақ брендін ойлап тапқан. Дизайнердің бұл моделі коллекцияда алғаш рет көрініс тауып тұр. Жалпы, аталған кештің көрмесінде этникалық стильдегі топтамаға көрермендер ерекше қызығушылық білдірді. Сән көрсетілімінен кейін клуб мүшелері концерттік бағдарлама ұсынды. Кеште «Белсенді ұзақ өмір» орталығының хореографиялық тобы «Бабушки-Заюшки» биін ұсынса, Любовь Шахова мен Валентина Туренко ән айтып, өнерлерін ортаға салды. Жастары егде тартқанмен, көңілдері көктем қарттар бидің де түрлісін биледі. Гүлбахар Акилованың «Испан биі» көрерменнің көзайымына айналды. Жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева «Белсенді ұзақ өмір» орталығы мен халық шығармашылығы шеберлері клубы мүшелерінің мекемедегі әрбір іс-шараға белсене атсалысатынын алға тартып, алғысын білдірді. Іс-шара өз еңбегімен және шығармашылығымен әдемі әсерге бөлеп жүрген ең белсенді және дарынды қолөнершілерді марапаттау рәсімімен аяқталды.
Диас МАРАТҰЛЫ,
журналист.