Апатты мектептер азаятын болады
Апатты мектептер азаятын болады
Елбасының ауылдық жерлердегі апатты мектептерді жою туралы талабына сәйкес Қордай ауданында соңғы жылдары бірнеше мектепте күрделі жөндеу, құрылыс жұмыстары қатар жүруде. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында саман кірпіштен және қамыс каркастан салынған ескі мектептерден үшеуі қалған еді, олар жаңартылып жатыр. Оның бірі – Кенен ауылындағы мектептің жаңа салынған ғимараты жазда пайдалануға беріліп те қойды. Енді Қақпатас және Красный партизан ауылдарындағы ескі мектептер бұзылып алынатын күндер де алыс емес.
Өткен жылғы мамыр айында Қақпатас ауылында 250 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Оған облыстық бюджеттен барлығы 534 миллион теңге қарастырылып, бас мердігер «КА-Строй LТD» ЖШС биылға бөлінген 180 миллион теңгені игеру үстінде. Ауылдың орталығынан салынып жатқан үш блоктан тұратын жаңа құрылыстың қазір екі қабаты бой көтеріп қалды. – Біздің межеміз – үшінші қабатты да қалап, мектептің шатырын жауып үлгеру, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Рахат Қартабаев. – Ал құрылысты толық аяқтау осы жылдың күзіне белгіленген. Құрылысқа қажетті кірпіш пен құмды жергілікті жерден алып, ал сапалы цементті, арматураны Алматы мен Тараздан әкеліп пайдаланудамыз. Жұмысқа тартылған елуге жуық адамның жиырма шақтысы – жергілікті тұрғындар. Олардың ішінде дәнекерлеуші Амангелді Атамұратов, электрик Болат Заматқұлов, тас қалаушы Әділ Сәрсенбаев, ағаш шебері Жандос Камалов, кран машинисі Мырзахмет Назаров тәрізді өз ісіне тыңғылықты еңбеккерлер баршылық. Құрылысшылардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгеден екенін білдік. Осы құрылыс компаниясының тағы бір бригадасы Красный партизан ауылында 300 орындық мектептің құрылысын жүргізуде. Үстіміздегі жылы бұл нысандар пайдалануға беріліп, ауданда апатты мектептер мен үш ауысымды оқытуды жоюға сүбелі үлес болып қосылмақшы.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.