Басты жаңалық

Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беруді қажет ететін жастар арасында кешенді іс-шаралар ұйымдастыру аясында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы биыл қыркүйек айынан бастап бірнеше іс-шаралар өткізіп келеді.

Дамыған, өркендеген елде өрелі ұрпақтың өркен жайып, бәсекеге қабілетті болып өсуі аса маңызды дүние. Бұл тұрғыда ұрпағымыздың саналы, салиқалы болып жетілуіне әр ата-ана, елім деген әр перзент жауапты. Ал, баланың сау, еркін әрі мейірімге қанып өсуі оның болашағына жарық сәуле сыйлайды. Баланың бәрі бірдей емес. Әйткенмен, олардың балалығы бәріне ортақ. Олардың арасында ерекшелері де бар. Ерекше балаларға ерекше қамқорлық қажет. Қазіргі уақытта даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе – инклюзивті білім беру. Инклюзивті білім – мүгедек балаға өзінің құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі жас ұрпақ біздің болашағымыз. Бұл жас ұрпақтың ішінде қарапайым балалар да, даму мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы дамуы және бұзылысын түзету мақсатында жаңа компьютерлік технологияны, бала бойындағы кемістіктерді түзетуге бағытталған құрылғыларды қолдану қажеттілігін де ретін тауып шешкен жөн. Осы орайда жастар саясаты мәселелері басқармасы «Саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернаты, «Әркен» арнайы мектеп-интернаты, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты және №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернатында оқитын балаларға мүмкіндіктеріне қарай «Бәріміз бірдейміз», «Жан жылуы», «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық шараларын ұйымдастырған. Сонымен қатар, көзі көрмейтін және әлсіз көретін жастарға арналған заманауи көркем фильм және заманауи анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілде кәсіби дыбыстаушы және аудармашы мамандардың қатысуымен тифлоаударма форматында ұсынды. Балалар біздің болашағымыз екенін ескерсек, олардың бүгініне барынша жағдай жасауға тиіс екенімізді де ұмытпағанымыз жөн.  

Марина МОСАЛЕВА,

облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы.