Жаңалықтар

«Aq jol» газетінің қарт оқырманы

«Aq jol» газетінің қарт оқырманы

Т.Рысқұлов ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі, Қызылшаруа ауылының 85 жасқа қараған тұрғыны Шамса Демесінова 12 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана, «Алтын алқа» иегері. Өмірлік жұбайы бұл күнде бақилық болған Нұғман қария екеуі ауылға сыйлы, еңбекке адал болды.

Шамса әжеміз әлі де ширақ. Әлі күнге облыстық басылымдарды алдырып, оқып отырады. Оның ішінде «Aq jol» газеті де бар. Біз барғанда әжей қуанып қалды. «Балаларыма айтып газет-журнал алдырып отырамын. Облыстық «Aq jol» газеті маған ұнайды», деді. Шамса Демесінова жастайынан еңбекке ерекше араласқан. Әуелі қарапайым еңбекші бола жүріп, кейіннен 10 жыл ауылда құрылыс бригадасының бригадирі болыпты. Он жыл ауылдағы балабақшаны басқарыпты. Әжеге ұл-қыздары жиі келіп-кетіп, хал-жағдайын біліп тұрады. Үлкен ұлдары Рамазан мен Рахымжан, қыздары Маржан, Раушаннан бастап қарашаңыраққа аттың басын бұрып тұратыны бар. Ондайда әже: «Менің Бүбіжаным, Құндызым қайда? Азиз, Құралай, Әзімбегім қайда? – деп өзге перзенттерін де жанына жинап алатыны бар. Ұл-қыздары да еңбекқор. Әр салада тер төгіп, абырой биігінен көрініп келеді. Бәрі де аналарына келіп сәлем бергенше асығып тұрады. Құдайдың бергені ғой, ұл-қыздары, немерелері жинала қалса, әп-сәтте бір қауым ел болады. Шамса әже 12 ұл-қызынан 25 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Әженің немерелері арасында да жоғары білім алған, білім мен өнер додаларында көзге түскен үздіктері көп. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Осы ұлдарым мен қыздарым, ұрпақтарым келген сайын бір жасап қаламын. Адамға ең керегі – тыныштық пен бақыт, бейбіт өмір. Шүкір, еліміз бейбіт өмір кешіп жатыр. Осы бақытты, тыныш күндердің бағасын жас ұрпақ білуі керек. Болашағымыз – жастар аман болсын. Өмірде жастардың жолдары бола берсін, – дейді Шамса әже.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Т.Рысқұлов ауданы