Әлеумет

Тозған көпір, сұрықсыз ғимарат

Тозған көпір, сұрықсыз ғимарат

Қала келбетіне қаяу түсіріп-ақ тұр...

Тараздың шығыс жақ бетінен келетін күре жол бұрын сүреңсіз еді. жолаушы өзін облыс орталығына емес, үлкен бір елді мекеннің шетіне келгендей әсерде қалатын. Бұған қоса, кеш түссе-ақ қараңғылық басып, тек автобекетке келгенде ғана қала шамдары көрінетін.

Соңғы екі-үш жылдың бедерінде бұл күйкі көріністен құтылдық. Жолды екі бағытта жүретін етіп, темір қоршаулармен қоршады. Жол бойына жағалай орнатылған биік бағаналардан ымырт түссе-ақ самаладай жарық сәуле шашады. Ең бастысы, осында бой көтерген айшықты, еңселі қақпа өзіндік сәулетімен көз тартады. Енді уақыттың қай мезгілінде болсын, осы жолмен жүрген жолаушы тотыдайын таранған Таразға аяқ басқанын сезінетін болды. Хош, қалаға енді аспалы көпір арқылы өткен жолаушы әлгі әдемі көріністен айырылып қалады. Алдымен қашан соңғы рет жөндеу жұмыстарын көргені белгісіз көпірдің ойқыш-ұйқыш үсті, бордюрлері мүжіліп, әбден тозығы жеткен ернеулері, одан қала берді ескірген бағаналардан түскен сығырайған жарығы «ойпырмай, а» дегізеді. Енді көпірдің етек жағында орналасқан ескі сүт комбинатының қаңырап қалған ғимаратына еріксіз көзіңіз түседі. Онда да сұрқай көрініс. Есік-терезесі аңғал-саңғал, қанша жылдан бері жұмыссыз тұрған зауыттың әбден тозығы жеткен күйі «Тараздың сыйқы осы» дегендей көрінеді. Үлкен тойдың алдында осы сұрқай көріністі гүл-гүл жайнатып қойса деген игі тілек еді біздікі.

Әділбек Баққараұлы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.