Аналарға құрмет көрсетілді
Аналарға құрмет көрсетілді
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградтау рәсімі өтті. Жиында әуелі шаһар басшысы сөз алып, аналарға ақжарма тілегін жеткізді. – Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионға жетіп, демографиялық дамуға қол жеткізіп келеміз. Тараз қаласының тұрғындарының саны да артып, 430 мыңға жуықтады. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел адамзатының орны биік екенін айғақтайды. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы аналарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Жалпы, Тараз қаласы бойынша 2010-2023 жылдар аралығында 2753 көпбалалы ана «Алтын алқа» және 2516 ана «Күміс алқа» иеленген. Былтырдың өзінде 42 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 166 анаға «Күміс алқа» табысталды.
Нұржан ӘЛІШ
Тараз қаласы