Әдебиет

Жеңіс жалауы Отар гарнизонына жетті

Жеңіс жалауы Отар гарнизонына жетті

Елбасы-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың атынан Астанадан бастау алған «Жеңіске құрмет» марафон-акциясы кеше Қордай ауданындағы «Отар» 40-шы әскери базасына келіп жетті. Еліміздің астанасындағы 36-шы десантты-шабуылдаушылар бригадасының әскери қызметшілері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Достастық елдері ардагерлері жылына арналған айтулы шараны өткен жылдың соңында, 30 желтоқсанда, бірінші болып бастаған болатын. Акция шеңберінде қазақстандық әскери қызметшілер осы марафонға арнайы жасалған Жеңіс жалауын еліміздің өңірлерінде орналасқан әскери бөлімдерге жеткізуде. 

Қордайдағы салтанатты шара алдымен Отар ауылындағы соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысқан жиында соғыстан қайтпаған боздақтар рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді. Бұдан кейін акция Гвардияшылар гарнизонында 30212 әскери бөлімнің плац алаңында жалғасты. Мұнда лек-лек сап түзеген әскерилер маршынан соң, ортаға Астанадан жеткен Жеңіс жалауы әкелінді. «Отар» 40-шы әскери базасының бастығы полковник Дулат Адырбеков салтанатты митингіні ашып, бұл шараның маңыздылығы туралы сөз сөйледі. Аудан әкімі Қайрат Досаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Біржан Әлімбет, Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақов, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Сейітғаппар Нұсқабаев жетпіс жыл бойы аспанымызда Жеңіс туын желбіреткен аталар ерлігін қастерлеудің қаншалықты абзал парыз екендігін жалынды сөздерімен жеткізді. Ең тебіренерлік сәт – кешегі қан майданның қарт сарбазы тоқсан жастан асқан Керімқұл Қосақов ақсақалдың Жеңіс жалауын гарнизондық оқу орталығының үздік сардары, аға лейтенант Елдос Тайыров пен осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Бағлан Жандыбаевқа тапсыруы болды. Плац алаңда әскерилердің күшімен театрландырылған қойылым көрсетілді. Әскери қарулардан отшашу атылды. Бұдан соң эстафетаны салтанатты түрде Батыс өңірлік қолбасшылығынан келген өкілдер қабылдап алды.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».

Қордай ауданы.