Әлеумет

Түтінге тұншыққан тұрғындар аймақ басшысынан араша сұрайды

Түтінге тұншыққан тұрғындар аймақ басшысынан араша сұрайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды» деп баса айтқан болатын. Бұл ретте ел экономикасына үлес қосуды мақсат еткен өндіріс орындары да экологиялық мәселеге мән беруі қажет. Олай болмаған жағдайда, ұлт саулығы мен ұрпақтың келешегіне зардабы зор болмақ. Байзақ ауданындағы Көктал ауылының тұрғындары күнбағыс майын шығаратын өндіріс ошағының түтініне тұншығып, ауру тауып отырғандарын айтуда. «Ауыл табиғатының тынысын тарылтып, ауаны ластап жатқан өндірістің зардабынан бүгінде дертімізге дауа таппай отырмыз», – дейді олар.

Облыс орталығымен іргелес жатқан Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылындағы «Taraz Mai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл маңда 2018 жылы іске қосыла бастаған. Күнбағыс майын өндірумен айналысатын өндіріс оған дейін де аталған аудандағы Бурыл (бұрынғы Ровное) ауылдық округінде он жылдан аса ісін ілгерілетіп келген. Дейтұрғанмен, қуырылған күнбағыстың иісінен күнде ауру тауып отырған көкталдықтар әу баста ауыл аумағынан зауыт саларда ешкім рұқсат сұрамағанына наразы болған. Бірақ, жанайқайларына зауыт басшылығы тарапынан бірде-бір жан баласы мән беріп, құлақ аспаған. Осылайша байзақтықтар базынасын жеткізу үшін редакциямызға арнайы іздеп келді. – Осы ауылда туып-өсіп, өмір бойы тұрып келе жатырмын. Бұл зауыттың бізге пайдасынан зияны көп. Өндіріс салынатын кезде де бірде-бір ауыл тұрғынынан ешкім рұқсат сұраған жоқ. Осыншама зардабы болатынын біле тұра, қалайша тұрғындармен санаспайды? Іске қосылғалы бері аурудан-ауру тауып келеміз. Өндіріс ауыл шетінде де емес, тура менің үйіме тиіп тұр. Аула шарбағының арғы жағында орналасқан зауыттан шығып жатқан мүңкіген иістен қыстың өзінде демалу мүмкін емес. Жаздың аптап ыстығында тіпті қиын. Аудан басшылығы да, депутаттар да талай мәрте келіп, мәселенің шешімін табамыз деп уәделерін беріп кеткен. Бірақ, нәтиже нөл. Зауыт басшыларына ешкімнің әлі келмей ме, әйтеуір ауаны ластағанын үдетпесе, тыйылатын түрі жоқ. Бұл зауыт басында Бурылда еді, ол жақтағы тұрғындар да қудалап, наразылық танытқаннан кейін бізге келді. Алдын ала келіп, ешқандай ескерту болмады. Әлде пайда табуды ғана ойлаған кәсіпкерлерге ауылдың халқы адам емес пе? Халық ақымақ емес, сауаты жетеді, көзі қарақты кез келген адам май зауытының өте зиян екенін біледі. Одан көптеген экологиялық зардабы мол химикаттар бөлінеді. Ең қызығы, бұл зауыт ауылдың картасында да жоқ. Ал, аумағы өте үлкен. 45 жыл осы ауылда тұрып келе жатқан тұрғын ретінде зауыт жұмысының тоқтатылуын немесе басқа жаққа көшірілуін талап етемін. Балаларым, немерелерім есіктің алдына шыға алмайды. Мұрнымыз қаңсып, күнде басымыз ауырады. Зауыт басшыларына айтсақ, «өздерің тамақ істеп жүрген өнім, күйіп бара жатқан мәселе көріп тұрған жоқпын», – дейді. Мемлекет басшысы айтқан нағыз экологиялық проблема бұл. Балаларымызды қайта-қайта дәрігерлерге апарамыз. Мәдениет үйінде өткен әкім мен тұрғындардың кездесуінде де дәрігеріміз арнайы келіп, балалардың ауырып жатқанына осы зауыттың зардабы бар екенін ел алдында ашық айтты. Аллергиялық ауру болып жатқанын дәлелдеп шығарды. Зауыт басшылары қарапайым халықтың айтқанына да, дәрігердің сөзіне де құлақ аспай отыр. Енді кімге шағымданарымызды да білмей отырмыз. Осы мәселені облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы шешіп берсе екен,– дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Аганасова. Ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырғанын да жеткізді. Ал, зауыт басшылығы қолқаны қабатын бар мәселені жоққа шығаруды әдетке айналдырған сыңайлы. Ауыл тұрғыны Гүлияш Жаулауова: «Майдың иісі күнде кеудемізді тұтып қалып жатыр. Бас көтеріп, зауыт басшылығына барсақ «ешқандай иіс жоқ, оның зияны да жоқ» деп көзбе-көз алдайды. Бізді ақымақ көреді» десе, өндірістен едәуір қашықта тұратын Жаңыл Әміралиева: «Мен тіпті зауыттан әлдеқайда алыс, орталықтағы көпқабатты үйде тұрамын. Соның өзінде иісі шыдатпайды. Ал, оның жанындағы тұрғындардың жайы қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ аңғара беруге болады. Оған қоса, зауыт басшылары айтқандай анда-санда емес, екі-үш күнде майды қайнатып шығарады. Сол кезде иісі бүкіл ауылға тарайды. Астма, бронхымен ауыратын кісілердің тынысы тарылып, талайының халі нашарлап барады. Басында оны майдың иісі екен деп ойлаған жоқпыз. Көзден жас ағып, тыныс жолдарымыз удай ашып, басымыз солқылдап ауырып, дел-сал күйге түскенде қатты үрейлендік. Бір сөзбен айтқанда, тұншықтық. Май қайнайтын күні көзімізден жас тоқтамайды. Халықтың көз жасымен шығып жатқан бұл майдың пайдасынан зияны көп. Бетін аулақ, онкологиялық аурулардың туындауына душар етсе, оған кім жауап береді?», – дейді. Тұрғындардың мәселесіне орай, аталған өндірістің басшылығымен байланысқа шығып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Тұрғындар атап өткендей, «Taraz Mai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Болат Есенбаев өндірістің қоршаған ортаға зияны жоқ екенін алға тартты. – Иіс тек күнбағысты буға, яғни арнайы парға қуырған кезде ғана шығады. Тәулігіне жүз тоннадай күнбағыс өткеріледі. Бірақ, күн сайын қайната бермейміз. Бұрын бұл жер құс фабрикасы, кейін гараж болды. Жалпы, бізге дейін де бұл орын өндірістік мақсатта пайдаланылып келді. Күнбағыс майы да күнделікті осы халықтың өзі тұтынатын өнім. Ол ешқандай да қоршаған ортаға зиян емес. Зиян болса ең алдымен жұмысшыларымыз ауыратын еді ғой. Оның үстіне біз бұрын күнбағысты Павлодардан алып келіп, осында қуыратынбыз. Қазір сол жақта қуыратын өндіріс салып жатырмыз. Яғни, бұл жақта енді май көп қайнатыла бермейді, – дейді «Taraz Mai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Маратұлы. Ал, ауыл тұрғындары бұл ретте экология, медицина салаларының мамандарынан арнайы комиссия құрылып, өндіріс жұмысы жан-жақты зерделенсе, зардабы бұдан да көп екені анықталар еді деп отыр.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ