Дінаралық келісім - жеңісің
Дінаралық келісім - жеңісің
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Рождество күні Тараз қаласындағы Успения Божьей матери шіркеуіне барып, облысымыздағы православ христиандарын мерекелерімен құттықтады. Кәрім Нәсбекұлы Рождество мейрамы дүниежүзінің 145 мемлекетінде тойланатынын, бұл күні қазақстандықтар әлемдегі барлық православ христиандарымен бірге Рождество мерекесін атап өтетінін айтты. — Бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңызға жарқын болашақ, баянды ғұмыр тілеймін. Еліміздегі тұрақтылық пен облысымыздың даму көрсеткіші Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы деп білеміз. Әлемде, көрші елдерде қандай жағдайлар орын алып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз сол тыныштықты бағалай білуіміз керек. Еліміздің дінаралық саясаты түзу екені баршамызға аян. Татулыққа көз алартқандарға жұмылып жол бермейміз деген сенімдемін. Достықтың қадірін түсінетін қала тұрғындарын және қонақтарын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі құттықтау лебізінің соңында. Шіркеудің протоиерейі Георгий әкей де өз тарапынан жиылған жамағатқа жылы лебізін білдірді. Христиан дінінің өкілдерін бұл күні «һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев та құттықтап, елімізде дінаралық көзқарастың қайшылығы жоқ екенін жеткізді. Барлық дінге бірдей жағдай жасалғанын сөз етіп, әрдайым татулық жолында жұмылған жұдырықтай болуға шақырып, елімізге береке мен бірлік тіледі.
Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.