Алысты жақын ету - Жолдаудың ең басты түйіні
Алысты жақын ету - Жолдаудың ең басты түйіні
Жол - қазынаға
жолықтырады
Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыққан жоқ. Сондықтан да бірқатар мемлекеттерде мүйізі қарағайдай ірі кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық белең алуда. Қаржы тапшылығын бастан кешіріп жатқан мемлекеттер де бар. Еліміз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал әрі салиқалы саясатының нәтижесінде қаржылық қиындықтарды сезінбеуде. Елбасы ықтимал қиындықтарды еңсеру үшін жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын өткен жылдың қарашасында жариялады. Жолдауда «Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.
Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс», деген жолдар бар. Облысымызда кейінгі кезде құрылыс саласына қарастырылатын қаржы жыл сайын артып келеді. 2013 жылы бұл салаға 32600 миллион теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 36 миллиард 82 миллион 571 мың теңгені құрады. Өткен жылы бөлінген қаржы 99,8 пайызға игерілді. Облысымызда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша былтыр жоспардағы 258,1 мың шаршы метр орнына 260 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үйлер салумен қатар Қаратау және Жаңатас қалаларындағы ескі үйлерді қайта жарақтандырып, іске қостық. Осы мерзімде жалға берілетін 5,7 мың шаршы метр орнына 19,7 мың шаршы метр үй ел игілігіне берілді. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру нәтижесінде таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер қатары көбейіп келеді. Қазірге дейін облыстағы 373 елді мекеннің 210-ы орталықтандырылған, 157-сі орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алты елді мекен суды тасып ішеді. Бағдарлама бойынша былтыр 2200 миллион теңге бөлініп, 18 елді мекенде құрылыс жүргізілді. Оның 13-і өткен жылы пайдалануға берілді, қалғандары үстіміздегі жылы іске қосылады. Биыл Жамбыл ауданындағы Шайқорық, Танта және Қапал ауылдары топтастырылған су торабы арқылы таза ауыз суға қол жеткізеді. Луговой стансасына да топтастырылған су торабының құрылысы жүргізіледі. Үстіміздегі жылы жаңадан 7 нысанның құрылысы жүргізіледі, оның екеуі келесі жылға өтпелі. Талас ауданындағы Ақкөл ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келгені белгілі. Оған әуелгі кезде жобалық-сметалық құжаттардың шала дайындалуы себеп болды. Бұл мақсатқа қайта қаржы қаралып, жобалық-сметалық құжат жасалды. Биыл ауылға Бөріқазған аумағынан 27 шақырымға су құбыры тартылады. Ауылдың ішіне осыған дейін құбыр тартылып қойды. Биыл ақкөлдіктер таза ауыз суға қол жеткізетін болады. Білім саласына да орасан қаржы бөлінуіне байланысты мектеп, балабақша салу қарқынды жүргізілуде. Мәселен, аймақта 2012 жылы 8 мектеп, 4 балабақша салсақ, 2014 жылы 15 нысан іске қосылды, оның 5-еуі мектеп, 5-еуі балабақша, бір 600 орындық колледж және білім беру нысандары. Жалпы, былтыр жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде 41 нысанда құрылыс жүргізілді. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Денсаулық сақтау саласында да көңіл тоғайтар игі тірліктер көп. Салаға 2013 жылы 5,1 миллиард теңге қарастырылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 5,9 миллиард теңгені құрады. Соның нәтижесінде 11 нысан ел игілігіне берілді. Таразда 300 орындық көп салалы аурухана құрылысы және 200 орындық төсектік перинатальдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Олар биыл жыл соңына дейін тапсырылады. 2014 жылы Меркі ауылы және Қаратау қаласында 2 емхананың құрылысы басталды. Әрқайсысы 250 келушіге арналған нысандар биыл іске қосылады. Таразда 200 төсектік онкологиялық диспансердің құрылысы биыл қолға алынады. Оның құрылысы 2017 жылы бітеді. Шекаралық аймақта Шу өзенінің жағалауын нығайту 2012 жылы басталған болатын. Осы мерзімде 45 шақырымда құрылыс жүргізілді. Бұл мақсатқа былтыр 2620 миллион теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы саласында 17 нысан салуға 174 миллион теңге бөлініп, игерілді. Өткен жылы Таразда жүйке аурулары интернат үйі пайдалануға берілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 495 миллион теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы: «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жол мәселесіне ерекше көңіл бөлгені белгілі. Өңірде бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай іргелі істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 2013 жылы 6,1 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы 6,8 миллиард теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде 8,8 шақырым жол күрделі жөндеуден, 116 шақырым жол орта жөндеуден өткізілді. Былтыр Қарасай ауылының тұрғындарын алаңдатып келген «Қаракемер – Қарасай» автомобиль жолы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Таразда Жамбыл даңғылын күрделі жөндеу қолға алынды. Облысымызда 2011 жылы облыстық және аудандық мәндегі жолдардың 47,5 пайызы қанағаттанарлық дәрежеде болса, былтыр бұл көрсеткіш 70 пайызға көтерілді. Аймақта 2011 жылы қанағаттанарлықсыз деген жолдың деңгейі 46 пайыз болса, қазір ол 32 пайызға төмендетілді. Жолаушылар тасымалдайтын автопарктердің техникасын жаңарту жүйелі жүргізілуде. 2011-2015 жылдары 465 жаңа автобус сатып алу жоспарланса, қазірге дейін 435-і алынды. Биылдың өзінде 70-80 жаңа көлік алу жоспарлануда. Мұның өзі автопарктердегі көліктердің 30 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді. Елді мекендерді автобус қатынастарымен қамту кестеге сәйкес жүргізілуде. Өткен жылы облыстағы 373 елді мекеннің 335-сі автобус қатынастарымен қамтылды. Биыл Мойынқұм ауданындағы Ақсүйек, Ақбақай, Қияқты және Мирный елді мекендерінің аудан орталығымен қатынасын дұрыс жолға қоямыз. Бұрын бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік сатып алу конкурстарының уақтылы өткізілмеуінен ақсап келгені белгілі. Кейінгі кезде жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы әзірлеуге ерекше көңіл бөлінуде. Мұның өзі істі наурыз айларында бастап кетуге игі ықпалын тигізуде. Мердігерлерге қойылатын талап та күшейе түсуде. 2013 жылы нысан құрылысын құрылыс нормативі және ережелеріне сәйкес жүргізбегені үшін 20 мердігерге шара қолданылып, оларға 264 миллион теңге айыппұл салынды. Өткен жылы 16 мердігер тарапынан 66,9 миллион теңге айыппұл төледі. 2013 жылы 5 мердігерді жосықсыз деп танып, оларды мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысудан шеттеттік. Құрылыс жүргізушілер арасында жергілікті мердігерлердің үлесі артып келеді. 2014 жылы 186 мердігер жұмыс ұтып алса, оның 87,1 пайызын жергілікті компаниялар құрады. Олардың арасында бұл істе мол тәжірибе жинақтаған, міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын «Тараз құрылыс дизайн», «Құлагер», «Тараз құрылыс инвест», «Сенім» корпорациясы», «Арайстроймаркет» және «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өткен жөн. Осыдан он жыл бұрын құрылыс материал-дарының 30-40 пайызы ғана өзімізде өндірілетін. Қазір бұл көрсеткіш 60 пайызға жетті. Кейінгі кезде әйнек, битум, әрлеу жұмыстарына қажетті материалдарды ғана сырттан әкелеміз. Аймақта 16 асфальт-бетон зауыты бар. Құм-шағал жергілікті жерден алынады. Мұның өзі нысанды салуға жұмсалатын шығын мөлшерін біршама азайтуға мүмкіндік беруде. Кейінгі кезде аймақта құрылыс саласында жұмыс істеуге 10 мыңға жуық адам тартылған. Облысымызда үстіміздегі жылы да бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылады. Биыл 256 мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу жоспарланса, қазірге дейін оның 56-сы жарияланды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі облысымызда өткізілетініне байланысты республикалық бюджеттен 20 миллиард теңгеге сұраныс жасалуда. Бұл қаржыға үлкен монумент салынады және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бірқатар маңызды жолдар күрделі жөндеуден өткізіледі. Үстіміздегі жылы Таразда «Достық» үйі салынады. Құмшағал ауылында мектептің құрылысы қолға алынады. Бұдан басқа да көптеген ірілі-ұсақты нысандардың құрылысы жүргізіледі. Рахманқұл Байтелиев, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.