Баға бағамы қадағаланады
Баға бағамы қадағаланады
Департаменттің Жедел дирекциясы мен Талдау орталығы бірлесіп, сауда компаниялары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде ең жоғары үстеме бағаны қойып, талапты бұзу фактілерін анықтаған. Мысалы, кәсіпкер жалғыз сатып алушы бола отырып, өндірушінің сүт өнімдерін әртүрлі сатып алушыларға 25-60 пайыз аралығындағы үстемемен саудалаған. Облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Медеу Ауғамбаевтың айтуынша, «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабында көзделген шекті сауда үстемесінің белгіленген мөлшеріне қарамастан, кейбір кәсіпкерлер облыста жоғары бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатқан. – Тұрғындар арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында, өндіріс орындарының басшылығына тиімсіз делдалдардың қатысуынсыз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сату қажеттігі туралы тапсырмалар берілді. Осылайша өндіріс орындарының басшысы сауда үстемелерінің талаптарын сақтауды және өндірушіден сатушыға делдалсыз тікелей жеткізуді өз міндетіне алды. Сондай-ақ, тікелей сауда орындарына 10-15 пайыз төмендетілген бағамен жеткізуге жауапты болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және қажетсіз делдалдар бойынша талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 шаруашылық субъекті бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға 7 сұлба әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз қымбаттатқаны туралы шағым жолданды. Бұл жайттар бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық комиссияда қаралды және 5 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында облыс аумағында тауық жұмыртқасын көтерме саудада өткізу нарығындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілер арасында тиімсіз делдалдардың схемасы анықталды. Талдау барысында Байзақ ауданында тіркелген өндірушілер және басшысы арқылы үлестес тұлғалар анықталды. Сондай-ақ, 2021 және 2022 жылдары соңғы тұтынушыға сату үшін дүкендерге сатуды тікелей өндірушілер өздері жүзеге асырған. Бірақ, 2023 жылы еншілес кәсіпорыны түрінде жасанды делдал құрылып, сатудың негізгі үлесі тиімсіз делдал арқылы сатыла бастаған. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер арасында бағаны жөнсіз өсіріп, жұмыртқа сату фактілері анықталды, – дейді жедел уәкіл Медеу Маратұлы. Оның берген мәліметіне сүйенсек, аталған субъектілердің іс- әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы белгіленген шектен тыс делдалдық тізбегі мен талапты бұзушылық белгілері бойынша материалдар жинақталған. Оларды қарап, жауапкершілікке тарту үшін облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданыпты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудағы заңсыз әрекеттерді анықтау мен тиімсіз делдалдарды жою бойынша талдау жұмыстары жалғаса бермек.
Қамар ҚАРАСАЕВА