Халық қалауы – басты назарда
Халық қалауы – басты назарда
Егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген бағамен берілетін дизель отынын таратушы оператор «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынылған калькуляциясына сәйкес, дизель отынының литрі 240 теңгеден таратылыпты. Бүгінгі күнге белгіленген 660 тонна кепілдендірілген жанармайды ауылшаруашылық тауарын өндірушілерінің сұраныстарына қарай оператордан алып, дизель отынымен қамтылған. Биыл аудан аумағында 550 гектар қант қызылшасы егіліп, оның 467 гектары табиғи техногендік апаттан жарамсыздыққа ұшыраған. Қазіргі таңда қалған 83 гектар қант қызылшасы қазылып, 1907 тонна өнім жиналған. Оның 1744,3 тоннасы Меркі қант зауытына өткізілген. Ауданда егістік алқаптарының жалпы көлемі 148,8 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,6 мың гектарға артық, масақты дақылдар 122,5 мың гектар, яғни өткен жылдан 9328 гектарға артық орындалып отыр. Сол секілді былтырғы көрсеткіштен дәндік жүгері 31,9 гектарға, майлы дақылдар 2302 гектарға, қант қызылшасы 170 гектарға, картоп 157,3 гектарға, көкөніс және бақша дақылдары 457,6 гектарға артық себілген. – Аудандағы егістік жерлердің құнарлылығы мен шығымдылығын арттыру – дихандарымыздың басты назарында. Биыл 5409 тонна тыңайтқышқа сұраныс беріліп, 2905 тоннасы алынды. Қосымша 2100 тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс берілді. Жыл соңына дейін 71500 гектар егістікке, яғни келер жылдың егістік жерінің 48,7 пайызына сіңірілетін болады. Көктемгі далалық жұмыстарға дайындық мәселесіне тоқталсам, 2024 жылға 57500 гектар жаздық арпа, 100 гектар дәндік жүгері, 10800 гектар майлы дақылдар, 200 гектар қант қызылшасы, 720 гектар картоп, 1140 гектар көкөніс, 130 гектар бақша дақылдарын себу жоспары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бекітіліп берілді. Тұқым сапасын анықтау мақсатында зерттеулер жүргізу санын айқындау үшін комиссия құрылып, оның шешімімен аудандық тұқым зертханасының 2024 жылға зерттеулер саны бекітіледі. Тексеруден өтпеген тұқым себілмеуі керек. Барлық ауыл округі әкімдіктеріне және шаруа қожалық басшыларына ескертілген. Шаруашылықта өнім табысты болуы үшін техникалардың қосар үлесі зор. Ауданда 1105 ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның ішінде 207-сі комбайн, 445-і әртүрлі маркадағы трактор, 453-і басқа да техникалар. Соңғы 11 айда 1,5 миллиард теңгеге 210 ауылшаруашылық техникасы алынып, техника паркі 13,7 пайызға жаңаланды. Мал басына тоқталар болсам, 11 айда мал басы 771,2 мыңға жетіп отыр. Ауданда 53 пада, 9036 мүйізді ірі қараның аналық басы бар. Онда 53 асыл тұқымды, 16 тауарлы бұқа қосылған. Одан бөлек, бүгінгі күнге 785 мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылды. Өздеріңізге белгілі, 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба аясында 5 ауылдық округте 3,1 миллиард теңге игеріліп, бүгінгі күнге 22 147 мал алынды. Оның 19 178-і қой, 1164-і мүйізді ірі қара, 1805-і жылқы. Пилоттық жобамен 22 әртүрлі техника алынды. Жалпы 655 жоба жүзеге асып отыр, – дейді аудан әкімі Ернар Есіркепов. Аудан бойынша 2022-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,9 миллиард теңгені құрайтын 195 ірі және шағын инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Оның 6,5 миллиард теңгені құрайтын 70 жобасын биыл жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 637 жұмыс орны, оның 381-і тұрақты, 256-сы уақытша ашылады деп күтілуде. Атап айтсақ, «Құлан Солар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 гектар жеріне күн электр энергиясын өндіру жобасы, Малдыбай ауылындағы «Кірпіш зауыты», «Пенгар-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құм блоктар және өрнектас өндіру цехының жобасы, «Парус-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің минералды су құю зауытының жобасы және «Бауырсақ» кемпинг құрылысы жобасы. Бүгінгі күнге 732,9 миллион теңгеге 27 жоба толық іске асырылып, 84 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Қорыта айтқанда, бұл ауданда жоспарланған инвестиция 100,9 пайызға орындалған. Ауданда жүргізілген құрылыс та атап өтуге тұрарлық. Биылғы бірінші жартыжылдықта аудандағы 3 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, ел игілігіне берілген. Қазақ ауылына 430 миллион теңгеге, Сәлімбайға 370, Жаңатұрмысқа 525 миллион теңгеге салынған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Көкдөнен ауылдық округінің Жақсылық ауылынан 75 орындық балабақша ашылды. Шолаққайыңды ауылына табиғи газ құбыры тартылды. Аудан тұрғындарының жүйелі спортпен шұғылдануын және инфрақұрылымды дамыту мақсатында құны 856,5 миллион теңге болатын 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені басталып, Көгершін ауылындағы нысан пайдалануға берілді. Көгершіндегі кешен 281,8 миллион теңгеге, Ақыртөбеде 306,4, Р.Сәбденов ауылында 268,3 миллион теңгеге тұрғызылды. Қалған екі ауылда жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Көгершін ауылында 90 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Ақыртөбе ауылынан 345 миллион теңгеге мәдениет үйінің және Жаңатұрмыста 330 миллион теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған, бұлар келер жылға өтпелі. Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй салу жұмыстары да жүргізілген. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы көпқабатты үйлердің алғашқы нүктесі ел игілігіне берілсе, екінші нүктесі жыл соңында өз иелеріне табысталмақ. «Асар» жобасы аясында 3 жаңа тұрғын үйдің құрылысын, құрылысы бітпей тұрған 8 үйді салып беру жұмыстары жүргізілуде. Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің 20 пәтері күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға берілді. Жыл соңына дейін ауданның 180 азаматы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына сұранысқа ие мамандардың тізбесі қалыптастырылып, 34 маманға бекітілген. Атап айтсақ, білім саласынан 16 маман, денсаулық сақтау саласынан 4, спорттан 2, агроөнеркәсіп кешені саласынан 3, мәдениет саласынан 6 маман және 3 мемлекеттік қызметші. Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредитке 22 маманға 113,8 миллион теңге қарастырылған. Биыл көтерме жәрдемақыға 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 345 мың теңгеден 30 маманға 10350 миллион теңге қарастырылып, бүгінде 26 маманға 8 миллион 970 мың теңге төленіп берілген. Бүгінде ауданның 32 ауылдық елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы 1,3 миллиард теңге бөлініп, 3 елді мекенде сапалы ауыз суға қол жеткізу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабынан салына бастаған жаңа ауыз су ғимаратының құрылысы келесі жылға өтпелі. Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай ауданның 42 елді мекенін 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарлануда. Биыл халық саны аз 6 елді мекенге (Әбілқайыр, Сұмқайты, Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар) кешенді блокты модульдік қондырғысын орнату арқылы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Тиісті құжаттары мен баға ұсыныстары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолданыпты. Тамыз айындағы нақтылауында 76,6 миллион теңгеге Әбілқайыр және Сұмқайты ауылдарына кешенді блокты модульдік қондырғы орнатуға қаржы бөлініп, жұмыс басталған. Сұмқайтыда орнатылып, пайдалануға берілген, ал Әбілқайырдағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Мамай, Сөгеті, Шөңгер ауылдарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, республикалық бюджетке өтінім берілген. Қаржыландыру 2024 жылға жоспарланыпты. Малдыбай және Жалпақсаз ауылдарына жобалық- сметалық құжат әзірленуде. Аудандағы 34 елді мекендегі 63,5 мың адам табиғи газбен қамтылған, тұрғынмен есептегенде 98,5 пайызға жетеді. Шолаққайыңды ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда аталған ауыл газбен қамтамасыз етілген. Аудан бойынша орталықтандырылған газ торабынан алшақ орналасқан немесе халық саны аз табиғи газбен қамтылмаған 7 елді мекен бар, олар Қорағаты стансасы, Аққайнар, Мамыртөбе, Тойқұдық, Сұмқайты, Құмарық разъезді, Қосапан елді мекендері. Қорағаты стансасы мен Сұмқайты ауылына 2024-2025 жылдарға жобалық-сметалық құжат әзірлеп, қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолдау жоспарланған. Ал қалған Тойқұдық, Аққайнар, Мамыртөбе, Құмарық разъезді, Қосапан ауылдарының орталықтандырылған газ торабынан алшақ орналасуы және халық санының аздығына байланысты газ тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қазіргі таңда су мәселесі өте өзекті. Бұл тұрғыда айтсақ, Т.Рысқұлов ауданында 18 канал бар. Олардың жалпы ұзындығы 173,75 километр, суармалы жер көлемі 5783 гектар. Оның ішінде 8-і жер каналдары, жалпы ұзындығы 92,85 километр, суармалы жер көлемі 1548 гектар, 10-ы бетон құрсаулы каналдар, жалпы ұзындығы 80,9 километр, суармалы жер көлемі 4235 гектар. Аталған каналдардың 11-і аудан әкімдігінің теңгерімінде, екеуі «ҚазСуШар» РМК-ның, бесеуі ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде. Одан бөлек, Құмарық ауылдық округінде орналасқан «Шал-Су » каналы бар, оның бас тоғаны «ҚазСуШар» РМК-ның теңгерімінде, су ағатын бетонды құбыры жеке тұлғаның иелігінде. Бүгінгі күнге Құмарық ауылдық округінің елді мекендерін ақылы түрде сумен қамтып отыр. Суармалы жер көлемі 537 гектарды құрайды. Жоғарыда аталған каналдардың тозығы жеткендіктен, бекітілген суармалы алқаптарының көлеміне су жетіспей тұр. Қазіргі таңда нақты суғарылып жатқан алқап көлемі 2329 гектар, ал су жетпей тұрған жер көлемі 3991 гектарды құрайды. 2020 жылы ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміндегі 2 каналға – Жарлысу және Сарыбұлаққа механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған. 2021 жылы Талды-Су, Мамай-Қайыңды жер каналдарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 203 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған. Былтыр аудан теңгеріміндегі Қарақат каналын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс бөлімі тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық экономика басқармасына 1060 миллион теңге бюджеттік өтінім жолданған. Биыл аудан теңгеріміндегі 5 каналға жобалық- сметалық құжаттама әзірлеуге 50,5 миллион теңге қаражат қарастырылып, қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Келесі жылы қалған 5 каналға, 19 ұңғыманы қайта жаңғырту үшін жобалық- сметалық құжаттамасын әзірлеуге 100,6 миллион теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Жайылым жерлермен қамтамасыз ету мақсатында елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 143 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін өткен жылдан бастап 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданның жайылымы бойынша қажеттілігі жалпы 143 мың гектарды құрап, бүгінгі күнге 238,5 мың гектарға 487 шаруа қожалықпен меморандум жасалған. 2022 жылы ауылдық округтерге 8,9 мың гектар жер берілген. Ал, биыл қосымша елді мекендердің жайылымын ұлғайту үшін 9 мың гектар жер учаскесі қосылып берілмек. – Биылғы 11 айда ауданның әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштерінің барлық бағыттары бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Кірістер 109,1 пайызға, оның ішінде өзіндік кірістер 3,9 миллиард теңгеге орындалып, 117,9 пайызға артты. Өзім қызметке тағайындалғаннан бері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсем, ауданда соңғы екі жылда шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – қоғамдық көліктің жайы еді. Осы орайда ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша демеушілерді тарта отырып, Құлан-Луговой бағытында 6 автобус жүргізілді. Ауыл тұрғындарына қолайлы болу мақсатында жолақысы төмендетілген бағада, ересектерге 60 теңгеден, балаларға 30 теңгеден меже белгіленді. Екі ауылдық округтегі тұрғындар саны 30 мыңнан аса халықты құраса, оның 6 мыңға жуығы мектеп оқушылары. Оқушылар мен колледж студенттерінің оқуларына қатынауы тиімді болатыны сөзсіз. Құлан ауылының тұрғындарымен өтетін кездесулерде жиі көтерілген мәселенің бірі – И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу. Бүгінгі таңда аталған тұрғын үйлердің шатырына «Bat Consalt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үш жүзге жуық тұрғыны бар бұл көпқабатты үйлердің іргетасы 70 жыл бұрын қаланып, 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Осы жылы Панфилов көшесі тұрғындарының сұранысы бойынша көппәтерлі 4 үйге де ауыл шырайын аша түсетін сәулеттік жобалардың бірі «Тұрғын үйді модернизациялау» бағдарламасы аясында толығымен заманауи үлгіде жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Аудандық этномәдени бірлестіктерінің сұранысы бойынша «Достық үйі» пайдалануға берілді. Қысқа мерзімде бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуге 3 миллион теңге бөлініп, жұмыс істелді. Луговой елді мекеніндегі бос тұрған бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлеріне 65,4 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған мұқтаж отбасыларға берілді. Демеушілер есебінен Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз елді мекенінде теміржол өткелі ашылды. Сонымен қатар, «Арай» массивіндегі көппәтерлі тұрғын үйге демеушілерді тарта отырып, 6 миллион теңгеге 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан дендро саябағындағы су ұңғымасынан ауыз су жүйесі тартылды. Жақсылық ауылында ауысымына 15 келушіге және Жаңатұрмыс ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге де тиісті иелері қоныстанды. Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай елді мекендері таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Биылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында жалпы 61 жеке қабылдау өткізіп, 227 тұрғынды қабылдадым. Оның ішінде, жеке қабылдауды 21 мәрте өткізіп, 96 азамат 107 мәселені көтерді. Кездесу барысында 40 қабылдау өткізіп, қабылданған 131 азамат 136 мәселені айтты. Көтерілген мәселелерге қатысты жалпы 243 хаттамалық тапсырмалар берілді. Олардың 68-і шешілді, 49-ы бақылауға алынды, 119-ына ауызша және жазбаша түсінік берілді, 7 мәселе қаралуда. Маған кез келген өзекті мәселе ешбір сүзгіден өтпей, қаз-қалпында ұсынылады. Әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы жазбалардың әрқайсысы бойынша жеке танысып отырамын. Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде алдымен қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек деп білемін. Шешім қабылдарда олардың ой-ұсыныстарын, пікірлерін ескеру маңызды. Сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайды. Біз өзара түсініскен жағдайда ғана қандай да бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Жүзеге асырылған жұмыстар да тұрғындармен бірлесіп атқарылған еңбектің арқасында, – дейді аймақ басшысы Ернар Серікәліұлы. Аудандағы автомобиль жолдарының жағдайы орта есеппен 96,5 пайызды құрайды. Биыл жол саласына 948,5 миллион теңге қарастырылған. Осы қаржы есебінен Ақыртөбе-Тереңөзек-Қайыңды аралығындағы 15 километр жол және 9 округтегі, яғни Қорағаты, Абай, Ақыртөбе, Қайыңды, Тереңөзек, Құмарық, Ақниет, Өрнек, Луговой, Көкдөнендегі 28 көше жолы жөндеуден өткен. Аудан аумағында жер қатынастарынан туындаған даулар да өз шешімін тапқанын аудан әкімінен білдік. Қорағаты ауылдық округіндегі «Қорағаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өз жер үлестерін бөліп ала алмай жүрген 63 жер үлескеріне талдау жүргізілген. Осы 63 азаматтың 47-сінің жер үлестері шаруашылықтарда тіркелген, қалған 13 азаматтың жер үлестері еш шаруашылықта тіркелмеген, ал 3 азаматқа мүлдем жер үлесі тиесілі болмағаны анықталған. «Қорағаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пай үлескерлерінің жер үлестері нақтыланып, cеріктестіктің пайдалануындағы жер телімдерінің нақты көлемін бекіту туралы өтініші аудандық жер қатынастарын реттеу туралы комиссиясында қаралып, оң қорытынды берілген. Аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, жер дауы толығымен шешілді. Сол секілді Өрнек ауылдық округіндегі «Күнту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жер дауы Т.Рысқұлов аудандық сотында қаралған. Соттың шешімімен 5 пай үлескерінің жер үлестерімен «Күнту» серіктестігіне мүше болғаны туралы ұйғарым және пай үлескерлердің өтініші негізінде жалпы ауданы 360,7 гектар жер телімі аудан әкімдігінің қаулысымен рәсімделді. Серіктестіктің пай үлескерлерінің жер дауы толығымен шешілді. Ал Қайыңды ауылдық округіндегі «Қайыңды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жер мәселесімен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі аппеляциялық инстанциясына талап арызбен қайырылған. Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Қайыңды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің уақытша өтеулі пайдалануындағы жер телімдерін «Атлах» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беру туралы ұйғарымының күші жойылып, пай үлескерлердің пайдасына шешіліпті. Құлан ауылдық округіндегі «Октябрь шаруа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы 122 пай үлескері есебінен жалпы ауданы 2 725 гектар жер телімімен құрылған. Пай үлескерлерінің наразылығы жер үлестерін рәсімдей алмағандықтан және жер үлестері жетпегендіктен туындаған. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі тарапынан пай үлескерлеріне Жер кодексінің 40-бабына сәйкес, уақытша пайдалану құқығы бар азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы азаматтық заңдарда көзделген тәртіппен мұраға қалдырылатындығы түсіндірілген. «Сұлутөр» өндірістік кооперативінен бөлініп шыққан шаруа қожалықтардың пай үлескерлеріне қатысты зерделеу жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы