Әлеумет

Ерлігі елге мәңгі аңыз

Ерлігі елге мәңгі аңыз

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Даңқ» залында «Бауыржан Момышұлының әскери қызметтегі ерлігінің тәрбиелік мәні» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияны «Бауыржантану» ғылыми орталығының меңгерушісі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл кіріспе сөзімен бастап, жиынға қатысушыларды таныстырды. Батыр туралы зерттеп, ол жайлы ғылыми шығармалар жазып жүрген қатысушылар жеке-жеке сөз тізгінін алды. Атап айтсақ, Шымкент қаласынан келген Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің PhD докторанты Бақыт Амалбекова қаһарман тұлғаның ерлігі жайында әңгіме өрбітті. Жаудан Мәскеуді қорғаған ерлігін Кеңестік билік мойындамағанын тарихи деректермен жеткізді. Аңыз адам – Момышұлының өмірі мен шығармашылығын, қаһармандығын кітапқа түсіріп, өзімен тілдескен жазушылар жайында да сөз қозғады. Сондай-ақ, конференцияға келушілердің барлығы ғылыми бағытта баяндама жасап, түрлі тақырыпта өз ойларын жеткізді. Батыр ерлігінің тәрбиелік мәнін терең ұғынып, ұрпақ санасына сіңіру – басты мақсат екені айтылды. Жиын соңы сұрақ-жауаптармен жалғасын тапты.    

Нұржан ӘЛІШ