Жаңалықтар

Димекеңнің даналығы мен

Димекеңнің даналығы мен

Қалтайдың қалжыңы

3 4Бір сапарымда Алматыдағы бір беделді кісіден қазақтың қалаулы екі перзенті Дінмұхамед Қонаев пен Қалтай Мұхамеджановтың арасынан кезінде «қара мысық» өтіп кетіпті деген әңгіме естідім. Көңілім кәдімгідей жабырқап қалды. Бірақ, неге екенін қайдам, көңілім Қалекеңді жамандыққа қимады.

Сөйтіп он ойланып, жүз толғанып жүргенде «Қалтайдың қалжыңдары» деген кітапты сатып алайын. Оқып отырып мұндай қуанбаспын, өйткені Димекең мен Қалтайдың бір-бірімен сыйлас болғанын, Қалекеңнің, тіпті, ағасына еркелейтіні сонша еркін әзіл айта беретінін де білдім. Білдім деймін-ау, өз аузынан естігендей болдым. Өйткені ол бұл әңгіменің бәрін өзі сыйлайтын қаламгерлерге өз аузымен айтып берген. Әрине, жылдардан шатасып, кейде толық айтпауы да мүмкін. Кітапты құрастырушылар осы жағын да ескеріп, бір әңгіменің бірнеше нұсқаларын да беріпті. Сонымен Қалекең аталмыш кітапта бүй дейді. «Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметінен кетейін деп жатқан кезім. 1984 жыл. Дінмұхамед Қонаев қабылдауына шақырды. – Қалтай, сен, анау, әлгі, Олжас екеуіңнің басың піспей жүр екен. Сені басқа қызметке ауыстырайын. Анау, Кинокомитеттің бастығы Ләйлә Ғалымжановаға орынбасар болып барсаң қайтеді? – Ой, Димеке, мен екі қатынға қатар қалай орынбасар болам? Димекең күлді. – Ол қалай, екі әйелге бірдей орынбасар болатының?.. – Енді, Димеке-ау, үйге барған кезде келініңізге орынбасар, жұмысқа келгенде Ләйлаға орынбасар болғанда менің нем қалады? Димекең сол жымиған қалпы: – Онда ертең хабарласшы, – деді. Ертеңіне, сөйтіп мен Қазақстан Кинематографистер одағына бастық болып тағайындалдым». Қараңыздаршы, керемет әңгіме емес пе, аға мен іні арасында бұдан артық қандай жақындық, бұдан артық қандай сыйластық, бұдан артық қандай жылылық болуы мүмкін. Сол кездегі тәртіп бойынша қатардағы жай ғана коммунист білдей бір елдің білдей бір ҚК ОК бірінші хатшысына қысылмастан, қымсынбастан емін-еркін әзіл айтып отыр. Егер Дінмұхамед Қоневтың орнында басқа бір хатшы болса (Юсупов, Камалиденов және т.б.) олар қайтер еді, әрине, Кремль басшылары болған Сталин, Хрущевтардың стиліне салып, түсін суытып, Қалекеңе әзіл айтқызбақ тұрмақ, оны тыңдамақ тұрмақ, екі аяғын бір етікке тығып, тарының қауызына сыйғызып жіберер еді ғой. Ал Димекең өйтпеген, інісінің әзілмен айтқан арзасын асықпай тыңдап, тіпті, бағалап, райынан қайтқан. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы. Димекеңді әлі күнге дейін көтеріп тұрған да осы кішіктігі ғой. Қалжыңбас Қалтай аға мұндай жылы сезімін барлық басшыларға арнай бермеген. Мысалы, Қалағаң бірде ЦК-ның хатшысы Марат Меңдібаевтың қабылдауында болады. – Иә, Қалеке, Сіз Меңдібаевта болыпсыз. Екінші хатшымен орысша тілдестіңіз бе, әлде қазақша сөйлестіңіз бе? – дейді тұстастары. – Орысшаға өзі ағып тұр екен сабазың. Дегенмен менің қазақшама да түсінді. – Сонда қазақша білмейді ме екен? – Білмейтіні білмейді енді. Бірақ, аңшының иті сияқты әккі неме емес пе, түсінеді екен, – депті. Ал мына мысалдан Қалағаңның Димекеңнен басқа басшыларды аямай шымшитыны анық байқалады. «Шыңғыс Айтматов елуге толды, – деп жазады марқұм Серік Әбдірайымов, – Редакция «Адамзаттың Айтматовы» деген арнайы бет әзірледі. Түрлі түсті бояумен шыққан бірнеше данасын ертең жүргелі отырған Қалағаңнан, Қалтай Мұхамеджановтан беріп жіберетін болдық. Бояуы кеппеген газеттің жүз данасын кешкілік редактордың орынбасары Сағат Әшімбаев екеуміз алып бардық. Кең аула, биік үй. Сағат марқұм: – Бұрынғы бірінші хатшы Юсуповтың үйі болған, – деп бір сырдың ұшын шығарды. – Көшіп жатқан Юсупов көшіп келгелі жатқан Қалағаңды қолтығынан алып, тауық қора жаққа алып барыпты. Күркені көрсетіп тұрып: «Су жаңа күйінде қалып барады. Едәуір шығындалып едім. Соның пұлын берсеңіз дұрыс болар еді» – депті. Қалағаң әлгі тауық күркені бір айналып келіп: «Исмайыл әкә, жап-жаңа екен. Көп шығындалған сияқтысыз. Бірақ менің тауығым түгілі, үрерге итім де, сығарға битім де жоқ. Күркеңізді обалды қылмай тік көтеріп алып кетсеңіз қайтеді» – деп салыпты. Көрдіңіздер ме, Қалағаң бықи-тықилар емес, ел басқарған бірінші басшылардың арасында да өте ұсақ-түйекшілі болатынын астарлап жеткізіп отыр. Мынау соның мысалы. Ал Қалекең қалай қалжыңдаса да Димекең туралы әңгімесін әдемі әуенмен, жақсы ауанмен аяқтап отырған. Сонымен Қалекеңнің Димекең туралы тағы бір әңгімесін тыңдап көрелік. «Дінмұхамед Қонаев 1983 жылы мені кабинетіне шақырды. Ертесіне секретариатта менің мәселемді қарамақшы. Себеп біреу – үстімнен арыз көп түскен. «Жақын туыстарын қызметке көбірек алады. Өйтеді, бүйтеді... ді-ді-ді...» Димекеңмен әңгімелесіп отырып қалдық. Әңгіме аяғында сөз әлгі арызға ауысқан тұста: «Осы Қалтай, сен қай жүзге жатасың?» – деді. «Димеке, менің оңбай жүргенім сол, ешбір жүзге жатпайтындығым». «Сонда сен кімсің?». «Қожамын». «Осында ең жақын туысың кім?». «Морис Симашко». «Қалай?». «Жақындығым – Ыбырай пайғамбардың Сара деген қатынынан – Симашконың аталары, Ажар дейтін қатынынан – арабтар, біздің ата-бабаларымыз туған». Бұл қысқа қалжыңның кітапта тағы бір нұсқасы бар. Құрастырушылар оны да жариялапты. Димекең мен Қалекеңнің мінсіз мінез-құлқы, міне, осы қалжыңның аясында әдемі ашыла түседі. «– 1972 жылы мені бірде Қонаев шақырды, – дейді Қалтай аға. – Кабинетінде отырмыз. Екеуміз ғана. Маған ол сабырлы, салқын қарай отырып. «Сен осы қай жүзденсің?» деді. «Мен сол ешбір жүзге жатпағандықтан да сорлап жүрмін ғой» дедім. «Қалай?» деді Димекең таңданған сыңайда. «Солай, аға... Мен қожамын ғой. Қожа ешбір жүзге жатпайды». «Ім-м, менің құдам да – қожа ғой», – деп ол кісі Мұхтар Әуезовті еске алды. «Менің осы Алматыда жалғыз ғана туысым бар. Сол кісімен ғана өте жақынмын», – дедім жымиып. «Ол кім?» – деді Димекең. «Морис Симашко деген жазушы». «Ол қалай саған туыс?». «Ол – еврей, мен – қожамын. Қожаның түбі араб. Араб пен еврей – бір Абрамның баласы емес пе» деп едім, Димекең күліп: «Саған сөз жоқ екен, Қалтай» деді. Сосын телефон трубкасын алып: «Валентин, мен Мұхамеджановпен сөйлестім, ол мәселені енді ортаға салудың қажеті жоқ» деді. Валентині – екінші хатшы Месяц қой», – деп Қалекең бір күліп алды. Осы қалжыңдарды оқып отырып өзімнен өзім оңашада мен де күлдім. Әрине, Қалекеңнің тапқырлығына, Димекеңнің кеңдігіне, кешірімшілдігіне, уәлі сөзге тоқтай білетін кемеңгерлігіне. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген ата-аба өсиетіне адалдығына. Сөз қадірін білетіндігіне. Димекеңнің өзі де «Менің атым Бөлтірік, сөз сөйлеймін өлтіріп» дейтін, кезінде аузы дуалы билердің кесімімен «Жеті жарғы» атанған шешеннің ұрпағы емес пе?!.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тараз қаласы.