Жамбылда жарқын жобалар жүзеге асады
Жамбылда жарқын жобалар жүзеге асады
– Барлықтарыңызға белгілі, биылғы жыл әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қиын жыл болды. Су тапшылығымен байланысты ауыл шаруашылығы саласында біраз қиыншылықтар болғанымен, жалпы облысымыздағы экономиканың дамуының оң динамикасын сақтап қалдық. Жыл аяғына дейін оң динамика сақталады. Келесі жылға жоспарларымыз көп. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облысқа шамамен 411,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға өсім бар. Негізі облыста индустрия жағы, химия, ауыл шаруашылығы өндірісі, энергетика жағынан потенциал өте жоғары. Жыл қорытындысына сәйкес, негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте – 0,1 пайыз, құрылыста – 0,5 пайыз, пайдалануға берілетін тұрғын үй – 0,7 пайыз, инвестициялар – 28,3 пайыз және бөлшек сауда 3,3 пайыз деңгейінде қалыптасады деп жоспарлануда. – Жамбыл облысы жыл сайын дотациялық аймақтың қатарына кіреді. Облысымыз орташа жалақы көрсеткіші бойынша республикада 19-шы орында тұр. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдайтын боласыздар? – Бұл кеше-бүгін емес, онжылдықтар бойы қалыптасқан динамика. Жамбыл облысының меншікті кірістері барлық шығындарының орта есеппен 20 пайызын ғана жауып отыр. Осы ахуалды өзгертудің бір-ақ жолы бар. Ол өзімізде өндірісті мейлінше дамыту, жаңа кәсіпорындарды, жаңа жұмыс орындарын құру. Ол үшін инвестицияларға қолайлы жағдай жасау керекпіз. Жүз күннің ішінде біраз ауқымды жұмыс атқарылды. Жүйелі түрде реформаларды бастап кеттік. Инвестицияларды тарту мәселесін де қолға алып жатырмыз. Облыс бюджеті негізінен республикалық трансферттерден құралады. Төмен жалақы жағдайында республика бойынша бір жарым есеге дерлік төмен (Жамбыл облысында орташа айлық жалақы 2023 жылдың 3 тоқсанында 257,7 мың теңге, Қазақстан Республикасында – 350,5 мың теңге), облысымыздың тұрғындары, негізінен жастар жақсы жалақы алатын жұмыс іздеп, еліміздің көрші қалаларына кетіп жатыр. Өз кезегінде көші-қон білікті еңбек ресурстарының тапшылығын арттырады. Жеке кірісті арттыру үшін экономиканың барлық салаларында тұрақты өсуді қамтамасыз ету қажет, оның ішінде жаңа өндірістерді құру үшін инвестицияны көбірек тарту қажет. Өңірдің өндірістік әлеуетін кеңейтіп, бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға баса назар аудара отырып, өңірдің дамуына тың серпін беруіміз керек. Бүгінгі таңда жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету аса маңызды іс. Жұмыс орындарын құру, Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде жалпымемлекеттік міндет болып табылады. Жалпы, өңірде өндірістік каркасты қалыптастыру керек. Нәтижесі болады деген сенімдеміз. – Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру дегенді қалай түсіндірер едіңіз? – Бүгінгі таңда облыстың химия өнеркәсібі Қазақстандағы химия өндірісі көлемінің 30 пайызға жуығын құрайды. Атап айтсақ, облыста фосфориттердің баланстық қорының 72 пайызға жуығы шоғырланған, сонымен қатар, фтор, кварцит, алтын, мыс, темір кен орындары да бар. Жалпы, фосфор, темір қышқылынан жасалатын, литий қосылатын ең тиімді аккумулятор болып саналады. Бізде фосфориттің кен орындары жеткілікті. Соған жаңа технология алып келетін болсақ, бес жылдық мерзімде өзімізде осындай батарея жасауға барлық мүмкіншілігіміз бар. Ондай аккумулятор жасайтын болсақ, электр қуатымен жүретін көлікті жасауға да мүмкіншілігіміз болады. Бастапқыда дұрыс технология алып келу, инвесторларды ынталандыру, көмек көрсету маңызды. Сол секілді құрылыс индустриясы бойынша да әлеуетіміз өте зор. Цемент зауыттары бар, гипс, бетон, басқа да заманауи материалдарды шығаруға да әлеуетіміз жетеді. Өңірде гипс, бетон, гипсокартон, құбыр, автоклавты газдыбетон блоктары және басқа да құрылыс өнімдерін шығаратын 110 шағын және 5 орта кәсіпорын бар. Бұл саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 10 пайызға жуықтайды. Оған қоса іргемізде Қонаев қаласында құрылыс қарқын алып, жаңғырып жатыр, Түркістан облысы да дамып келеді. Ендеше біз болмасақ, олардың негізгі құрылыс материалдарын жеткізушісі кім бола алады. Қытайдағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, химиялық өнімдерді тұтынушылар шығыс жағалаудағы аймақтардан орталық және батыс провинцияларға, яғни, біздің шекарамызға жақынырақ бірте-бірте көшу тенденциясының қарқын ала бастағанын ескерсек, облысымыздың жақын арада Қытай нарығына химиялық өнімдермен кіруге нақты мүмкіндіктері бар. – Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп саласын дамытуға қандай жоспарлар жасап отырсыз? – Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Жамбыл облысы бүгінде пияз өсіруден бірінші, мал басы бойынша екінші орында, бұдан бөлек, Қазақстанды қантпен қамтамасыз етіп отырған екі облыстың біріміз. Облысымызда 20-25 мың гектар пияздың егістік алқабы бар. Соның тең жартысы су үнемдеу технологияларын қолданып жатыр. Біз соның барлығын тамшылатып суару технологиясына көшіретін болсақ, 1 миллион емес, 3 миллион тонна пияз шығара аламыз. Облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуда әлеуеті зор. Мемлекет басшысының қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын ескере отырып, біз көкөністерді консервілеу, шырын, томат пастасы, аралас жем өндіруге баса назар аударуды көздеп отырмыз. Облыс көп жылдар бойы елімізде пияз өндірісі бойынша көшбасшы болып қалыптасқанын ескере отырып, біз өнімді одан әрі Қытайға, Жапонияға, Үндістанға және сұраныс жоғары басқа елдерге экспорттау үшін пияз кептіру өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Биыл облыста суармалы судың тапшылығы болып, егін шығынға ұшырады. Суаруға шамамен 740 миллион текше метр қажет болғанымен, шын мәнінде бар болғаны 460 миллион текше метр ғана суға қол жеткізе алдық. Құрғақшылық салдарынан 392 шаруа қожалықтың жалпы көлемі 9,2 мың гектар алқапты құрайтын егістігіне зиян келді. Бүгінгі таңда қуаңшылықтан зардап шеккен 358 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне келтірілген шығынды өтеу үшін еліміздің төтенше резервінен 2,7 миллиард теңге көлемінде материалдық көмек бөлінді. – Өңірдегі су тапшылығын жою үшін өз тарапыңыздан қандай шараларды жоспарлап отырсыз? – Бүгінгі таңда судың өндірістік емес шығындарын азайтуға және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті төмендетуге бағытталған шаралар кешені қажет. Бұл мәселені шешу үшін біз 3 бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі – жерасты суларын пайдалану. Осы орайда 700-ге жуық ұңғыманы қазу жоспарлануда. Бүгінге дейін қазылған 103 ұңғыма 3,8 мың гектарды сумен қамтамасыз етуде. Екінші бағыт – суды үнемдейтін технологиялар – тамшылатып және жаңбырлатып суарылатын аумақтарды кеңейту. Биыл су үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы суармалы жер көлемін 57 мың гектарға дейін ұлғайттық. Бұл әлі де жеткіліксіз. Жыл сайын қарқынды суарылатын алқаптарды қазіргі 3 мың гектардан 10-15 мың гектарға дейін арттыруымыз керек. Үшінші бағыт – каналдар арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын азайту, сондай-ақ, су қоймаларын салу және қайта жаңарту. Көлемі 46,2 миллион текше метр болатын 13 жаңа ірілі-ұсақты су қоймаларын салу, сонымен қатар қуаттылығы 816,5 миллион текше метр болатын 4 су қоймасын қайта жаңарту көзделіп отыр. Жалпы, ұзындығы 1,2 мың шақырымды құрайтын 257 каналды жөндеу жоспарлануда. Жоспарланған шаралардың нәтижесінде өнімділігі жоқ су ысыраптарын азайту және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті төмендету күтілуде, бұл өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін береді. – Бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бағытында қандай шаралар қабылдануда? – Бірінші кезекте кәсіпкерлерге көмектесетін жүйені реформалау керек. Мен осы үш айдың ішінде отызға жуық инвесторлармен кездесу өткіздім. Олардан «Қандай көмек керек?», «Қандай мәселе алаңдатуда?» деп сұрағанымда, олардың бірінші кезекте айтатыны жерді қалай алу, басқа да көмектерді алу қиын екенін айтуда. Жалпы, Жамбыл облысы экономикаға инвестиция тартуға айрықша мән беріп отыр. Сондықтан ең алдымен, саладағы кедергілерді азайтып, инвестиция тарту бойынша жұмысымыздың тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Біз инвесторлармен жұмыс істеуде «бір терезе» қағидатын іске қосамыз және инвестиция тарту үшін бизнес-процестерді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Осы бағытта біз қазірдің өзінде әр аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, инвестиция тарту бойынша белгіленген мерзімде орындауы тиіс нақты міндеттемелерді белгіледік. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін негізгі факторлардың қатарында инфрақұрылыммен жабдықталған дайын жер телімдерінің жоқтығы да бар. Бұл мәселені шешу үшін келесі жылы Тараз қаласындағы индустриалды арнайы аймақтың инфрақұрылымын салуға кірісіп, Қаратау қаласындағы қосалқы аймақтың инженерлік желілерінің құрылысын аяқтаймыз. Т.Рысқұлов, Меркі аудандары мен Жаңатас қаласында жаңа шағын аймақтарды құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ең қолайлы жерлер таңдалып, инфрақұрылым бойынша алдын ала тұжырымдамалар дайындалып, жер телімдері тіркелуде. Жаңатас қаласындағы шағын аймақтың басты айырмашылығы – оның аумағында жеке кластерлердің дамуы болмақ. Біз қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан «Қазақ содасы» және «Еврохим» зауыттарының жанынан ілеспе тауар өнімдерінің шағын және орта өндірісін құруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, кәсіпкерлерге барынша жағдай жасау арқылы біз қосалқы өндірісті дамытып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратын боламыз. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында шағын және орта кәсіпкерліктің 11 жобасына қатысты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге шамамен 450 миллион теңге бөлінеді. Мен ірі инвесторлардың барлығын жинап, алдымыздағы 5 жылдың ішінде іске асырылатын зауыттарға қандай маман қажет екенін зерделедім. Қажет болатын екі жарым мыңға жуық маманның тізімі жасақталды. Енді осы тізімді білім беру мекемелеріне көрсетеміз. Осындай тәжірибелі мамандар қажет болады, жаңа мамандарды даярлайтындай мүмкіншілік жасаңыздар дейміз. Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыздан шетелдік инвесторлармен кездесулеріңіз туралы жиі оқимыз. Осы орайдағы кездесулердің алғашқы нәтижелері қандай? Жақын арада облысымызда қандай инвест жобалар жүзеге асады? – Осы уақытқа дейін жоғарыда атап өткенімдей, инвесторлармен 30-ға жуық кездесу өткіздім. Келіссөздер нәтижесінде құны 200 миллион АҚШ долларынан асатын 4 жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл жобаларға жүк көліктерін құрастыру (Ченгли-ҚХР), егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ететін жүйелер өндірісі (Водар-ҚХР), шыны өндірісі (Шуту-ҚХР) және болат өнімдерінің өндірісі (Қазтемірпро-Өзбекстан) кіреді. Сондай-ақ, облыстың транзиттік-логистикалық әлеуетін барынша пайдалану жоспарлануда. Осы мақсатта Қордайдағы Индустриялық сауда-логистикалық кешенінің құрылысы зерделенуде. Өнімді жинау, өңдеу және одан әрі теміржол торабы арқылы Қытайға экспорттауды қамтитын кешен жобасын жүзеге асыру үшін қытайлық «Шуту» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Болашақта бұл жоба Шу ауданы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, Шу – Қазақстан – Қытай бағытындағы барлық жүк тасымалдарын жинайтын хабқа айналады. – Жаңа жылдан бастап жергілікті бизнес өкілдері үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады? – Бүгінгі таңда өңірімізде балық шаруашылығын дамыту үшін жеке бағдарлама әзірленуде. Аталған бағдарлама 2024 жылы іске қосылатын болады. Бұл бағдарлама тауарлық балық өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға және еліміз бойынша бұл салада көшбасшылардың бестігіне кіруге мүмкіндік береді. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде балық өндірушілер үшін айналым капиталын толықтыру мақсатында жеңілдікпен қаражат беру жоспарлануда. Ал, келесі кезеңдерде шаруашылықтар үшін күрделі шығындарды қаржыландыру көзделетін болады.Сонымен қатар, орта бизнеске де көп көңіл бөлінеді. 2024 жылы орта бизнеске арналған жеке бағдарламаны іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл жергілікті бюджет есебінен «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында қаржыландыруды 500 миллион теңгеден 1,4 миллиард теңгеге дейін яғни, 2,5 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл қаражат көптеген азаматтарымызға «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемелерге кепілдік беру мен субсидиялау тетіктері бойынша жеңілдікпен қаржы алуға мүмкіндік береді. – Өңірде сапалы білім беру мен медициналық қызметтер көрсетуде өзекті мәселелер аз емес. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар? – 2024 жылға арналған облыстың даму бюджеті 82,3 миллиард теңгені құрайды (РБ – 66,3 миллиард теңге, ОБ – 16 миллиард теңге). Оның 19 миллиард теңгесі 19 білім беру нысанының құрылысына (17 нысанның 12-сі жыл соңына дейін аяқталады, 5-і мектепке қосымша құрылыс) бағытталуда. Сондай-ақ, 12 (жыл соңына дейін 5 нысан іске қосылады) денсаулық сақтау нысанын салуға 4 миллиард теңге қаралған.Келер жылы 2 қосымша құрылыс (Меркі ауданының №21, №48 ОМ) салу арқылы және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу (Қордай ауданының Қарасу ауылында 300 орындық мектеп, Тараз қаласының 13 шағынауданында 1200 орындық) есебінен үш ауысымда оқытатын 4 мектептің мәселесі шешілетін болады. Ал, апаттық мектептер мәселесі 2 жаңа мектеп салу және мектепке қосымша құрылыс жүргізу арқылы шешілетін болады (Мыңарал ауылында Қ. Қасымов атындағы орта мектеп үшін 120 орындық, Қарабөгет ауылындағы А. Байтұрсынов атындағы орта мектеп үшін 80 орындық жаңа мектеп салынады. Сондай-ақ, Ғ.Мұратбаев атындағы мектепке қосымша құрылыс аясында спорт зал, асхана, акт залы қосылады), аталған екі нысан бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталып кетті.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінің өзектілігін ескере отырып және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қайта қарауға айрықша басымдық беріп отырмыз. Бұл тұрғыда біз білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлері қатарынан кадрлық резерв құрдық. Ендігі кезекте мектептер, ауруханалар, спорт кешендері басшыларының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарды әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде жүргізетін боламыз. Сала ардагерлері мен белсенді азаматтардан тұратын Комиссия аталған резервтегі кадрларды іріктеумен айналысады. – Елді мекендерді сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін қалай шешіп жатырсыздар? – Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз 2025 жылдың аяғына дейін ауыз су мәселесін толықтай шешуіміз керек. Газ мәселесін де 2027 жылдың аяғына дейін шешуіміз қажет. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар жүруде. Бұл бағытта ағымдағы жылы 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асуда, жыл соңына дейін 47 нысанда (7 нысан 2024 жылға өтпелі) жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша ауылдағы халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 94,8 пайыздан 96,5 пайызға дейін (667 мың адам, 321 ауылдық елді мекен), қалалардағы тұрғындардың үлесі 93,6 пайыздан 97,5 пайызға дейін (513,5 мың адам) жетеді. Ал, көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 36 елді мекенде жалпы 11,8 миллиард теңгеге 16 жоба іске асуда. Жыл соңына дейін 11 елді мекенде 9 мың адам газға қосылады. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың үлесі 91,1 пайызға жететін болады. – Өңірдегі қоқыс полигондары жергілікті тұрғындардың айтарлықтай наразылығын тудыруда. Жалпы, бұл мәселені шешу жолдары қандай? – Аймағымызда 163 полигон болса, оның 5-і жеке меншікте, қалған 158-і коммуналдық меншікте. Айта кетейік, бұл полигондардың ешқайсысында қоқыс сұрыптайтын әрі салмақ өлшейтін құрал-жабдықтары жоқ. Іс жүзінде қалдықтарды жинау және сақтау экологиялық Кодекске түбегейлі қайшы келетін сұрыптаусыз жүзеге асырылады. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста 132 мың тонна қоқыс жиналды. Ал, мұның барлығы бір полигонда орналасқан. Сондықтан, облыс үшін халықаралық стандарттарға сай келетін қоқыс өңдеу зауыттарын салу мәселесі өзекті болып отыр. Сол себепті, біз осындай жобаларды іске асыруда табысты тәжірибесі бар бірқатар шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізуді қолға алдық. Жақын арада серіктес таңдау туралы нақты шешім қабылданатын болады. – Сіз қоғамдық көліктерге жиі мініп, қызметін тексеріп, тұрғындармен пікірлесіп жүрсіз. Аялдамадағы тұрғындардың автобустарды ұзақ күтіп тұруына қатысты мәселе сізге таныс деп ойлаймын. Тараз қаласының әлсіз жарықтандырылу тақырыбы да сізге белгілі шығар. Бұл мәселелерді жақын арада шешу мүмкіндігі бар ма? – Жалпы, Тараз қаласында 37 бағыт бойынша 350 автобус қатынайды. Қала маңындағы шағынаудандар мен елді мекендерді толық қамтамасыз ету үшін тағы 15-16 маршрут қосу маңызды.Тағы бір мәселе – автобус паркінің тозуы. Бүгінде бұл – өте өзекті. Мәселен, Тараз қаласының автобустарының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне 5-7 жыл мерзімді құрайды. Автопарктердің D санатындағы жүргізушілерге деген қажеттілігі де жоғары, бүгінде қалада 250 жүргізуші жетіспейді.Қоғамдық көлік мәселесі – өңір үшін жедел шешуді талап ететін мәселе.Менің тапсырмам бойынша 35 көлік сатып алынды. Тест режимінде 5 автобус №60 бағытта іске қосылып үлгерді, 10 көлік құралы №38 бағытта қызмет көрсете бастады, тағы 5 автобус №55 және 2 автобус №23 бағытта жолаушылар тасымалын бастады. Сондай-ақ, 8 бірлік автобус №17 бағыттағы автобустар қатарын толықтырса, қалған 5 автобусты «JAC» маркалы ескірген автобустардың орнына №30 және №19 бағыттарда іске қосу туралы шешім қабылданды.Жыл басында 38 жаңа автобус сатып алынған десек, жалпы биыл қаланың автобус паркі 73 көлік бірлігіне жаңартылуда.Сондай-ақ, үш жыл жоспарға сәйкес, Тараз қаласында 120 автобус аялдамасын орнату көзделген, оның 42-сі биыл аяқталады. Сонымен қатар, 200 автобус сатып алып, қосымша 15 жаңа бағыт ашу жоспарланған. Бүгінгі күні 4-і іске қосылды (№10, 20, 56, 17). 2024 жылы қоғамдық көлікті субсидиялауға 2 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Тараз қаласының көшелерін жарықтандыруға келетін болсақ, мұнда 500 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. – Қатты аяздың салдарынан өткен аптада аймағымызда төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл күндері он мыңдаған автокөліктер қар құрсауында қалды. Жергілікті билік осы жағдайдан қандай қорытынды шығарды? – Менің тапсырмама сәйкес, 13 желтоқсанда өңірлік жедел штаб құрылды. Ал, 14 желтоқсанда Қордай және Шу аудандарының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар кезең-кезеңімен жабылды. Төтенше жағдай кезінде жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерінің, полицейлер мен әскерилердің, қарапайым жолшылардың көмегімен қар құрсауында қалған 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Адам шығыны тіркелген жоқ.Біз төтенше жағдай барысында өз мүмкіндіктерімізді ескере отырып, жақын арада іс-қимыл алгоритмін қайта қарайтын боламыз.Қазіргі таңда тиісті салалық министрліктермен сөйлесіп, облыс қызметтерін тиісті байланыс құралдарымен және қар тазалау техникаларымен жабдықтауды барынша жақсарту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.