Әлеумет

Тәлімгер профессор Спартак Смайылов жайлы ой-толғау

Тәлімгер профессор Спартак Смайылов жайлы ой-толғау

Ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен мына беймаза дүниеде қақ-соқпен ісі жоқ, бар ойы мен мақсаты адамдарға адал болсам, соларға жақсылық жасасам, көмектесіп қол ұшын берсем деп тұратын үлкен жүректі жандар болады. Солардың бірі тәлімгер-профессор Спартак Смайылұлы болатын. Ол ел айт­қандай, нар тұлғалы нағыз азамат еді. Мына өмір­дің мәні де, сәні де осындай адамдармен ашыла түсетіндей.

Осыдан 7 жыл бұрын Спартак ағадан ойламаған сәтте көз жазып қалдық. Ол кетті келместің кемесіне мініп. Өмір заңдылығы осы. Бүгін барсың, ал ертең... Мына жарық дүниені артқа қалдырып, тіпті, ең жақыныңмен қош айтыса алмай жұмбақ фәни әлемге аттанасың. Одан бай да, кедей де, жарлы да қашып құтыла алмайды. Өмірге келу бар да кету бар. Дегенмен, жақсы адамдар ортаңнан жасы шау тартпай, мезгілсіз кетіп жатса, күні кеше әзіл-қалжыңы жарасып бірге жүрген замандастарыңның қатары селдірей бастағанын сезініп, көңілді еріксіз мұң басып, жаның жабырқап, жүрегің сыздайды екен. Әйтсе де, тағдырмен тайталасуға бізде күш жоқ. Әрқайсымыз пешенемізге бұйырғанын көреміз. Басқа амал жоқ. Рахымсыз тағдыр алдымызға не тосарын бір Жаратқан біледі. Қанша адам бар болса, тағдыр да сонша әрқилы... Сәкеңменен (Спартак Смайылұлымен) 30 жылдан астам таныс болып, өмірдің ыстық-суығын бөлісіп, сәлеміміз түзу, ойымыз орайлас болып, біріміз іні, екіншіміз аға болып сыйластықпен бір қалада тіршілік еттік. Таныстығымыз облыстық аурухананың дәрігер-хирургі Көлбай Әзбекұлы Үсенов (марқұм) арқылы сонау өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдарының соңына қарай, егер қателеспесем 1976 жылы басталған-ды. Батыл мінезді, келбетті, ер тұлғалы, жайсаң азамат Сәкең нағыз қазақы мінезді, дархан пейілді болатын. Қызық тақырыпқа пікір айтып, тереңнен сөз қозғағанда, кісіні үйіріп әкететін ерекше қасиеттің егесі еді. Әңгімелескенде оның педагогикадан (сол шақта Сәкең Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсіп технология институтында оқытушы еді) ғана емес, тарихтан, өнерден, шежіреден, әдебиеттен, тіпті, ұлттық фольклордан хабары бар, білімі телегей теңіз екенін аңғаратынбыз. Сөйлесе бүкпей, беріле, шешіле сөйлейтін. Қолы қалт етсе бізге соғып, ағынан ақтарылып емен-жарқын әңгіме-дүкен құрамыз. Сол кезден өзара сыйластық пайда болды. Спартак ағамен 1986-1987 жылдары КСРО-ның астанасы болған үлкен шаһар Мәскеуде күз бен қыста жиі ұшырасып қалып жүрдік. Екеумізді де Мәскеуге жетелеп келген үлкен арман білім болды. Біз жан-жағымызға қарауға уақыт таппай, білім қуып, кандидаттық диссертация мәселесімен «білім гранитін мүжіп» жүрдік. Ол – педагогикадан, мен – медицинадан. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон деген атымен жоқ. Үлкен қалада бір-бірімізбен хабарласу мұң. Өйткені, қаланың екі бұрышында орналасқан студенттер мен аспиранттар жатақханасында тұрамыз. Соған қарамастан, Сәкең біз сияқты «сары уыз балапан» (Сәкеңнің өз сөзі) інілеріне ағалық ақылын айтып жүретін. «Жігіттер жексенбі күні сағат 10.30-да Қызыл алаңдағы Минин-Пожарский ескерткішінің алдында кездесейік. Бір мезгіл көшеге шығып, демалған да пайдалы. Мәскеуге күнде келе бермейсіңдер. Соны есте ұстаңдар», – дейтін кейде қазақ жастарын демде ұйымдастырып. Ағаның айтқаны біздерге орындалуы тиісті заң. Сол кезде Мәскеуде аспирант болып жүрген Шәри Мамаев, Мұқатай Немеребаев (қазір екеуі де белгілі ұстаз-ғалымдар, Тараз қаласындағы университеттерде қызмет атқаруда) және де басқа жамбылдық жігіттер межелеген уақытта Қызыл алаңға келеміз. Сәкең бізді түгендеп алып, сол маңдағы туристік топқа қосып, автокөлікке отырғызып, қаладағы тарихи орындарды аралататын арнайы маршруттық саяхатқа шығарады. Кейде қала төңірегіндегі тарихи елді мекендерді де аралап кетеміз. Кешке қарай театрларға барып, концерт немесе спектакль тамашалайтынбыз. Сонда бір байқағанымыз, Сәкең өнерге бір табан жақын, сезімтал екен. Көкірегінде бір сырлы сезім әндетіп тұратындай. Орайы келгенде қолына домбыра алып, қос ішекті бебеулетіп, құлаққа жағымды қоңыр үнімен аздап «әу» дегенді жаны сүйетін. Спартак ағамыз кей кезде өзінің балалық шағы, жетімдіктің азабы, өмірінің ащылығы мен тұщылығы жайлы сыр қозғайтын. Сол сәттерде жүзін мұң торлап, даусында аздап діріл пайда болатын, көздеріне мөлтілдеп ыстық жас келетін. Бір жасқа толар-толмастан майданға аттанған әкесі Смайыл оққа ұшып, туған елге оралмапты. Әкеге деген балаң сағынышы оның жүрегінде мәңгі қалып қойған секілді. Сәкеңнің кез-келген әңгімесінен сонысы сезіліп тұратын. Біз де бала үшін ер жетіп, атқа қонса да, өмірде әке мен ананың орны ерекше боларын, олардың мейірімді алақандарының жылуын, ата-аналық ыстық ықыласын мәңгі аңсап өтерін сол кез анық ұғынған едік. Әкені арқа тұтуды аңсаған сезімін Сәкең соңғы демі шыққанға дейін көкірегінде аялап ұстады-ау деймін. Оған дәлелім де жоқ емес. Әлі есімде, 2001 жылдың жазында Сәкеңмен бір ұшырасқанымызда ол ашық-жарқын үнмен: – Інім, мына ағаңды құттықта, – деп қолымды әдеттегіден ерекше қатты қысты. – Иә, Сәке, құтты болсын. Ол не қуаныш, не жаңалық?.. – Түу, сонау қарғадай балалық шағымнан бері көкейімде жүрген парызды таяуда орындадым. Өзің білесің, мен 1941 жылы Жамбыл ауданының Ерназар ауылында дүниеге келдім. Менің туғаныма 30 күн болғанда әкем Смайыл өз өтінішімен соғысқа кетті де, содан оралмады. Отан үшін жанын қиды. Шешем Рымбала қандай қиындық көрсе де, қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әкемнің қай жерде жерленгені көп уақыт беймәлім болды. Ес білгеннен кейін іздестіріп, әр жерге хат жазумен көп жылдарды жоғалттым. Әйтеуір, бақытымыз жанып, тоқтаусыз іздестіріп жүріп, биыл таптық. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Содан жолға жиналып, үлкен ұлым Асқар мен келінім Ұлжанды қасыма ертіп Ресейдің Псков облысындағы Отрадное селосының маңындағы зиратына барып, туған жерден ала барған бір қалта топырақты көп бейіттің үстіне шашып, әкемнің рухына тағзым етіп, Құран оқып қайттым. Несін жасырайын, лықып келген ыстық көз жасқа да ерік бердім. Зират басындағы бір бұтағы соғыс өртіне шалынған кәрі ақ қайыңды құшақтап егіл-тегіл жыладым. Мен білсем, сол сәтте марқұм әкем бір аунап түсті-ау деймін. Тәубе, әкемнің мәңгілік тыныштық тапқан мекенін көріп, басына зират еттім. Сол маған күш-қуат, дем берді. Содан кейін-ақ жүрегімдегі шемен болған шер тарқап, иығымнан ауыр жүк түсіп, бойым жеңілдеп, көңілім сергіп қалғандай. Сапарым жайлы ой-пікірімді, сезім иірімдерімді, әкеме деген сағынышым мен жүрек түбіндегі ескі «запыранымды» қағазға түсіріп, облыстық «Ақ жол» газетіне тапсырдым. Жақын күндері шығып қалар. Оқып шыққаннан кейін пікіріңді айтарсың... Тағы бір кездескенімізде Сәкең: – Сағындық, бауырым! Таңданба, ағаң тағы бір «өнер» шығарды – сазгерліктің «есігін қақтым». Жақында әкеме арнап бір ән жаздым. Оның сөзін арқалы ақын, таластық Серік Томановтың өзіне жаздырдым. Тіпті, нотасын қағазға түсіртіп алдым. Жалпы айтқанда, өнер адамдарының пікірі бойынша, дүниеге жақсы саз келген секілді. Қолың бос болса, ертең түсте біздің үйге келсеңші. Үзімкүл жеңгеңнің ыстық бауырсағынан, қазы-қартасы мен шұжығынан дәм татып, қою шайын іше отырып асықпай әңгімелеселік, – деді. – Сәке, «сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіт» деп тура сіз секілді жігіттерді атаған болар. Өнеріңіз өрге жүзсін. Құтты болсын, әніңіз! Өміршең әрі баянды болсын! – дедім Спартак ағаның жаңа өнеріне тәнті болып. Спартак ағамыз көпшіл, бауырмал, кішіпейіл, ортаның гүлі еді. Көптеген басқосуларда біраз әңгіменің басын қайырғаннан кейін, әдетте кезек әнге келетін. Сол кезде Сәкеңнің өнерін білетін азаматтар оған қолқа салатын. Ондай кезде ол басқалар тәрізді бұлданып, бағасын көтермей, «қамшы бастырмай» қолына екі шекті домбыраны алып, өзінің «репертуарындағы» жаны ұнататын бір сырлы әнді қоңыр дауыспен бастап кететін. Спартак аға бірер әннен кейін-ақ, жұртшылықты баурап алатын. Соңғы жылдарда өзі шығарған әндерін де орындап жүрді. «Жазған әндерім мен күйлерімді реттеп, біразының ноталарын жаздырып, өңдеуден өткізіп, ән-күй жинағын кітап немесе жеке диск етіп шығарсам, деген ойым бар» деп те қоятын. Ол арманын кейінірек ұлдары мен қыздары іске асырды, әндері мен күйлерін дискіге түсіріп, «Тағылымы мол ғұмыр» атты естелік-кітап шығарды (Тараз, 2008). Сол бір шуақты, нұрлы күндер, қазір ойлап отырсам, бір күнгідей болмапты. Шіркін, ұршықтай тоқтаусыз шыр айналған дүние-ай! Кім сенен опа тапты екен?! Кеудеде мұң мол, айтар сөз де баршылық. Уақыт – керуен. Адам – көш. Сол керуеннен сырттап, көштен қалып қоймайын деген пейіл, жанталас, үрдіс кімді болса да, алға жетелей береді, жетелей береді... Тіршілік заңы солай... Кейде ойлаймын, мына жарық дүниеде қай күні, қай жаста аттанып кетеріңді, тоқтар жеріңді білмейтінің жақсы-ау деп. Ол да адамға Алланың сыйлаған үлкен бақыты болар. Спартак Смайылұлы соңғы 5-6 жылда мезгіл-мезгіл ауруханаға жатып жүрді. Бірде жүрегі.., бірде қан қысымы.., бірде бүйрегі... Соған қарамастан, бір сәт те жайдары мінезінен танған емес. Кездескен сайын әзіл-қалжың айтып, елді көңілдендіріп, күлдіріп жүретін. Бірде мен оған: – Жүрегім ауырады дейсіз. Сазгер Шәмші ағамыз «Жүрегі бар адамдардың ғана жүрегі ауырады» деген сөзін естен шығармаңыз. Сіз үлкен жүректі азаматсыз. Сондықтан Сіздің жұдырықтай жүрегіңіздің ауыруына толық правосы бар. Сондықтан, оған тым кінә арта бермеңіз, Сәке! – дедім ойын-қалжыңды араластырып. – Сөз тапқанға қолқа жоқ. Сен мені сөзден ұттың, інім. Оның емін енді кімнен іздеймін? Соны айтшы... – деп өзіме қарсы сұрақ қойды. – Е, оның жолы біреу-ақ. Тезірек бір сұлу келіншекке ғашық болуыңыз керек. Сонда барлығы ұмытылып, бүкіл әлем жаңарып, жасарып жүре береді... Жүрек те сыздауын қойып, жастық шаққа қайта оралады. – дедім. Ол менің қалжыңымды орынды қабылдап, кең кұшағына қысты... Сәкең екеуміз 2005 жылдың қоңыр күзінің бір жанға жайлы әдемі кешінде қала орталығына жақын «Аю» мейрамханасынан тойдан шықтық. – Машина ұстап, үйге жеткізіп салайын, – деген менің ұсынысыма: – Жоқ, қажеті жоқ. Одан да екеуміз аға-іні болып, таза ауа жұтып, жаяу жүрелік. Оның үстіне үйлеріміз де қашық емес. – Жаңағы шу-даңғырадан шаршаған жоқсыз ба? Олай болса, жүрелік, – дедім. – Өзіңмен сыр бөліспегелі біраз уақыт болыпты. Жүр, жаяу жүрелік. Тек сен тым жылдам жүрме. Менің жүрегімнің оған шыдамайтынын өзің білесің, - деді. Сол жолы үйге жеткенше біраз әңгіме айтылды. Сонда маған жаңа ғана шыққан даңғазаға толы тойға қарағанда екеуміздің әңгімеміз анағұрлым мәнді, тұшымды, құнарлы, пайдалырақ болғандай көрінген. Екеуара әңгіме екі сағаттан астам уақытымызды алды. Бірақ, оған еш өкінбедік. Жаны сұлу, адами қасиеті жоғары, білімі мен білгені мол жанмен дидарласып, ой бөлісу де біле-білгенге бір ғанибет дүние емес пе?! Әңгіменің де естісі бар, есері бар. Оны айту үшін, басқаға жеткізе білу үшін жоғары түйсік, терең сана болуы тиіс. Сонда ғана айтылған сөз жүйелі орнын тауып, адамға әсер етеді, санасына сәуле шашып, жүрегіне нұрлы ой тастайды. Сәкең мына қазіргі қарама-қайшылығы мол сырлы, жұмбаққа толы өмірге, жарық дүниеге ғашық еді. Елі мен жерін, ұрпағын сүйді. Егер олай болмаса, мамандығы инженер-ұстаз, ғалым бола жүріп, топ алдында қысылмай домбыра шертіп, ән салып, ондаған әндер мен күйлер жазбас еді. 2007 жылдың мамыр айында жолыққанымызда: «Сағындық інім, туған жерге біз мәңгі қарыздар емеспіз бе? Туған ауылына қалталылар мешіт соққызып бабаларының, көшелерге көкелерінің, ауылдарға аталарының атын бергізуде. Менің олармен тайталаса алатын қауқарым жоқ. Бірақ, мен де ауылымның өркендеуіне өзімнің кішкентай болса да үлесімді қосқым келеді. Қомақты, көп іс атқаруды жоспарлауға қол қысқа. Оның несін жасырамын. Бала-шағаммен ақылдаса келе, туған ауылымдағы мектептің бір оқу бөлмесін өз қаржыма күрделі жөндеуден өткізіп, оны қажетті оқу құралдарымен, бірнеше компьютермен қамтамасыз етуді мойныма алдым. Менің бұл ұсынысымды мектеп ұжымы жылы қабылдады», – деп тағы бір азаматтық істі қолға алғанын айтқан болатын. Онысын орындады да. Бұл да Сәкеңнің туған елге, келешек ұрпаққа деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілігі еді. Көңілі хош күндердің бірінде ол қалжыңдап: – Сағындық! Сен осы қашан бір ауруханаға бастық боласың? Оған сенің барлық қырың, яғни, біздің тілімізде параметрің келіп тұр емес пе? Атақ десең атағың бар, абырой-құрметтен де кенде емессің, тәжірибең де бірнеше адамға жүк бола алады, – дегені ағынан жарылып. – Ол маған бұйырмаған дүние болар. Сәке, қазіргі заманның үрдісін өзіңіз көріп те, біліп те жүрсіз емес пе? Сондықтан «аш құлақтан, тыныш құлақ» деп, «барына – береке» деген пейілмен жүріп жатырмыз. Оған еш өкінбеймін де. Ел аман, жұрт тыныш, отбасымызда бақ-береке болғаннан артық ештеңе жоқ. – Өмір осылай жалғаса беруі мүмкін емес. Сана мен пейілдің тазаланар кезеңі де туар. Көресің, әлі-ақ сондай жақсы заман туады. «Күні біткен бәйтерек күмістен құрсау салсаң да тұрмайды» деген дана сөзді мен жиі еске аламын. Болашақта, меніңше, бәрібір адалдық, жоғары адами қасиет жеңеді, – деп ол да тәтті, таңғажайып қиялға ерік берді. – «Адам тіліне аспандағы бұлт азады» деген сөз бар емес пе, Спартак аға. Ендеше, мына сөздеріңіз періштелер мен Алла тағаламыздың құлағына шалынсын, - деп мен оған өзімше жауап бердім. Жылдар өткен сайын заманның күрделеніп, ал адамдардың пиғылы мен мінез-құлқы өзгеріп бара жатқанын, оны қалың ел түгел сезінгенін ол ішінде бүгіп қалды. Сірә, менің оны сөзсіз ұққанымды түсінгенінен болар. Өйткені, кісілік туралы әңгіме – бір сағаттық емес, тереңнен қозғар қордаланған, шиеленісе түскен шексіз проблема. Кейін ойласам, қазақ «Биік таудың тұманы да биік» деген сөзді бекер айтпаған екен. Ойы биік, санасы тұнық адамдардың сөз қозғауы, байыптауы, тіпті, пікірі де заңғар биік болады екен-ау! Спартак аға талайларды уыс торынан шығармаған дертпен айқасып жүріп, ол 2008 жылдың басында, қытымыр қыстың бел ортасында 67 жасында бақилыққа аттанды. Суық хабар қабырғамызды сөгіп, жүрегімізді сыздатты. Бірақ, біздің қолдан келер не шара бар? Тағдырдың ісіне көндік... Жер қойнауы жүрегі «елім, жерім» деп соққан тағы бір асыл азаматты өзінің суық құшағына мәңгілікке алып кетті. Сәкеңнің мамандығы – экономист болғанымен, барлық саналы өмірін жастарды білім мен өнерге баулу, жақсы мамандарды даярлау ісіне жұмсады. Осы жолда бір кісідей еңбек еткен абзал ұстаз-ғалым. Ол – бүкіл білімін, күш-қуатын жас ұрпаққа сарқа арнаған жан. Бұл салада табыссыз да емес еді. Еңбегімен ғылым кандидаты, ғылым докторы, доцент, профессор, «Жоғары білім беру ісінің озаты», диссертациялық кеңестердің белсенді мүшесі, ғылыми еңбектердің кеңесшісі атанып, жас ғалымдардың ұстазы болды. Жүзден аса ғылыми еңбек жазып, 4 монография, 5 оқу құралын баспадан шығарды. Ойлап отырсаң, ол құрмет пен атақтар, сый мен абырой нағыз қажырлылық пен ерен еңбектің арқасында келген жетістіктер еді. Бедел, құрмет, елдің сыйы тектен-тек келе салмайтыны белгілі. Абыройды, көпшіліктің сүйіспеншілігін ақшаға сатып ала алмайсың. Оны жұрт бағалап, халық өзі құрметке бөлейді, елге жақсы атағын жаяды. Спартак аға жүрген ортасы мен отбасының берекесі еді. Бірін-бірі толықтырып тұратын жібек мінезді жеңгеміз Үзімкүл екеуі Асқар, Қайрат сияқты ұлдарды, Гүлмира және Сандуғаш атты қыздарды өсіріп, жоғары білім беріп, олардан немере сүйді, замандастарының арасында беделді, сыйлы болды. Уақыт бір орнында тұрмайтыны, аялдамайтыны хақ. Айлар аттап, жылдар жылжып тоқтаусыз өтіп жатыр. Спартак ағамыздың пәни дүниеден аттанып кеткеніне биыл, міне, жеті жыл болыпты. Бірақ, әлі жанымызда жүргендей. Күні кешегідей қоңыр даусы, бет-бейнесі, жарасымды әзіл-қалжыңы... бәрі, бәрі жүрегімізде.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз қаласы.