Әлеумет

Вагондар жолдан шығып кетті

Вагондар жолдан шығып кетті

6 қаңтар күні сағат 23:45-те Жамбыл теміржол бөлімшесіне қарасты Жамбыл-Түлкібас учаскесіндегі Маймақ-Күркіреусу өткелінде, теміржолдың 3469-шақырымында №2007 жүк пойызының 12 вагоны жолдан шығып кетті. Меншік иесі – Ресейдің «Федералдық жүк компаниясы» АҚ. Келген шығын жүк вагонының меншік иесінен талап етілмек. Оқыс оқиғаға жолдың қисық учаскесінде бір тіркеменің бұрылмай қалуы себеп болған көрінеді. Апатты қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, «ҚТЖ» АҚ Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Д.Есімбеков бастаған тиісті қызмет орындары мамандарының қатысуымен жүргізілді. Оқиға салдарынан «Алматы-Ақтөбе», «Алматы-Атырау», «Атырау-Алматы», «Сарыағаш-Астана» жолаушы пойыздарының қозғалысы тоқтады. Олар аялдап қалған стансаларында азық-түлік, ауыз сумен қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем қызметі де кезекшілікте тұрды. Тек 7 қаңтар күні сағат 10:45-те қалпына келтірілген теміржолда пойыздардың қозғалысы жанданды. Ал жолаушылардың өтемақылары төленетін болды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.