Көздегендері тәртіп пе, теңге ме?!.
Көздегендері тәртіп пе, теңге ме?!.
Құрметті редакция! Осыдан аз уақыт бұрын Астана қаласынан Түркістан қаласына бару үшін «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы пойызға отырған едім. Осы сапар кезінде кездескен көңілге кірбің ұялатқан оқиғаны көпшілік назарына ұсынғанды жөн санадым.
Осы сапар барысында аталған пойыз Шу стансасына келіп тоқтағаннан кейін бой жазу мақсатымен перронға шығып, жан-жағыма көз жүгірттім. Айнала толған адамдар. Жергілікті тұрғындар қолдарында бар түрлі азық-түлікті жолаушыларға ұсынып зыр жүгіріп жүр. Күнкөрістің қамы ғой. Вагоннан түскен адамдардың арасында темекі шегіп тұрғандар да жетерлік екен. Мен де қалтамнан темекі шығарып, шеге бастадым. Темекіні тартып болған соң, қалдығын өшіріп, жан-жағыма қарасам, масқара болғанда, бірде-бір қоқыс тастайтын жәшік көзіме түспеді. Перронды бойлай шашылып жатқан қоқыстан, темекі қалдықтарынан көз сүрінеді. Еріксіз мен де темекі қалдығын аяғымның астына тастауыма тура келді. Сол-ақ екен, о керемет, қасыма екі полиция қызметкері жетіп келді. Біреуі еңгезердей, ал екіншісі одан екі есе кіші біреу. Әлгілердің еңгезердейі қабағын түйіп, беті сұрланып (дәл бір қандықол қарақшыны қолға түсіргендей) өздерін таныстырмастан, менің құжаттарымды сұрады. Не болып қалғанын түсінбей қалтамнан жеке куәлігімді алып қолына ұстаттым. Куәлігіме көз жүгіртті де, бұрынғыдан бетер сұрланып, «неге темекі қалдығын жерге тастайсыз. Заңды білмейсіз бе?» деп зекіп сөйледі. Содан кейін екеуі екі жағыма шығып, вагондағы жолсеріктің бөлмесіне алып кірді де «темекі қалдығын жерге тастағаныңыз үшін 3-5 сөткеге қамаласыз, қазір құжат толтырамыз», – деп қыспаққа алды. Мен де: – Айнала толған қоқыс, темекі қалдықтары шашылып жатыр ғой. Қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылмаған, темекі қалдығын қайда тастауым керек? – деп түсіндіріп жатырмын. – Онда біздің шаруамыз жоқ, заңды бұзғаныңыз үшін жазаланасыз, – деп еңгезердейі қасындағысына: «толтыр құжаттарды», – деп, өзі сыртқа шығып кетті. Екіншісі маған қарап «өзіңіз «солидный» киінген адамсыз, байқамайсыз ба?» – деген сияқты сөздерді айта бастады. Амалым қалмаған мен де «кешіріңіздер» деп төменшіктей сөйледім. Сол-ақ екен әлгі «жарайды, шай-пұл тастап кете беріңіз» деді. Әлгі сөзді естіп мен қалтамнан бір мың теңге алып қолына ұстата қойып едім, оны жып еткізіп қалтасына салып алған ол жеке куәлігімді қайтарып беріп жөніне кетті. Сонда ғана жаңағы екеуінің заңдылықтың сақталуы емес, өз құлқындарын ойлап жүргендерін түсіндім. Осы екі полиция қызметкерінің қылығын көріп, С.Торайғыровтың: Құйрық сорып борсық жүр, Түлкі бикеш жортып жүр. Я, Құдайым сақта, – деп, Қой мен ешкі қорқып жүр, – деген өлең жолдары және халқымыздың «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалы ойыма орала кетті. Адамдардың тыныштығын қорғау жолында өз өмірлерін қиюға әзір тұратын, ары да, жаны да таза полиция қызметкерлерінің атына кір келтіріп жүрген жоғарыда аталған екі полиция қызметкері сияқтылардан арылу жолындағы жұмыстарды одан әрі жақсартуды тиісті орындар қатаңырақ қолға алса екен.
Ахмет Мақсұтұлы.
Шу ауданы.