Жаңалықтар

Облыс әкімі БАҚ өкілдерінің мәселелерін тыңдады

Облыс әкімі БАҚ өкілдерінің мәселелерін тыңдады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізіп, журналистердің мәселелерін тыңдап, түрлі сауалдарына жауап берді. Айта кету керек, бұған дейін өткен кездесуде аймақ басшысы журналистермен тоқсанына бір рет кездесіп тұруға уәде берген болатын. Соған сәйкес, ұйымдастырылған дәстүрлі басқосу барысында облыс әкімі алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды.

Басқосуға келген БАҚ өкілдері аймақ басшысына идеология, әлеумет, білім, спорт, экономика және ауыл шаруашылығы салаларындағы көкейде жүрген сауалдарын қойды. Мәселен, кездесуде ҚР Журналистер Одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ақпарат саласындағы мамандарды тұрақты оқытудан өткізу, мал шаруашылығында жүн өндеу ісін қайта қолға алып, жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне күш салуға қатысты мәселелерді жеткізді. Ал, белгілі қаламгер, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы облыстық мемлекеттік архиві орналасқан ғимараттың ескіргенін, жаңа нысан салу қажеттігін көтерді. Сондай-ақ, белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық жайылым жерлердің аздығы мәселесін көтерсе, «Қазақстан» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл тілшілер қауымын ынталандыру бағытында түрлі шаралар өткізуді ұсынды. Бұдан бөлек, бірқатар журналистер ақпараттық ашықтық, мемлекеттік тапсырыс беру, өңірдегі сала басшыларының тұрақты түрде журналистермен жүздесуін ұйымдастыруды айтып, өз ойларын ортаға салды. Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға атқарылып жатқан шаруалар мен жоспарлы жобаларды негізге ала отырып жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, облыс әкімі БАҚ өкілдері тарапынан көтерілген барлық мәселе назарға алынатынын баса айтты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі