ҚАРАОЙ АУЫЛЫНА КӨМЕК ҚАЖЕТ
ҚАРАОЙ АУЫЛЫНА КӨМЕК ҚАЖЕТ
Біздің Қараой ауылы аудан орталығынан отыз шақырымдай жерде, таудың бөктерінде орналасқан. Қысы қатал, көктем, жаз, күзі салқын ерекше аймақ. Әсіресе, қыс келсе ауыл халқының сыртпен қатынасы қиындап қалады. Себебі, қалың қардан жолымыз жабылып, ол аршылғанша апта, ай өтіп қиналамыз. Оның үстіне жығылған үстіне жұдырық дегендей, былтыр көктемгі қардан көшкін жүріп, ауылға кіре берістегі ілекерлеп тұрған көпіріміз бен көшеден көшеге өтетін ілме көпірлерімізді де су жұлып кетіп, таза масқара болдық. Ауданнан, ауылдан келген басшылар «алаңдамаңдар, барлығын қалпына келтіреміз» деп уәделерін беріп-ақ кеткен. Жыл өтті, жол да, көпір де жөнделген жоқ. Ауыл тұрғындары аудан орталығына жету үшін «Қызылжалау», не Есейхан арқылы сандалып жүргендері. Жолды айтсақ, ауыл әкімі «ол картада жоқ» дегенді айтады. Көпірдің жағдайы анау. Осыларды көріп-біліп отырып, ауылға көгілдір отын келеді деп армандау айға қол созғанмен бірдей ме деп қаламыз. Елбасы Жолдауында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартыңдар деп тапсырма беріп келеді. Сол тапсырмаға жергілікті басшылар құлақ асып, Қараой ауылына көмектессе дейміз. Ауыл тұрғындарының осы өкпе-ренішін облыстық «Ақ жол» газеті арқылы билікке жеткізгіміз келді. Әзірге басқа амалымыз жоқ болып тұр...
Дүйсенбай Жұмабеков, Қараой ауылының тұрғыны.
Талас ауданы.