Жаңалықтар

Батыр оқыған мектепте

Батыр оқыған мектепте

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілмек. Оған еліміз бойынша дайындық шаралары жүруде. Біздің ауданда да елді мекендердегі Мәңгілік алау, Жауынгерлік даңқ ескерткіштеріне қаржы қарастырылып, жөндеуден өткізілуде, айналасы абаттандырылуда. Осындай игілікті іс даңқты батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Мыңбұлақ ауылдық округінде де атқарылуда. Таяуда Батыр оқыған мектептің дәл алдына Баукеңнің портреті мен тақтайша ілінген көрнекті естелік-белгі орнатылды. Онда «Бұл мектепте 1921-1922 жылдары Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы оқыған» деген сөз ойылып жазылған. Белгінің қойылуына орай А.Гайдар атындағы орта мектепте өткен салтанатты жиынға оқу орны ұжымымен қатар, Бауыржан Момышұлының ағайын-туыстары, Батырдың көзін көрген ауыл қариялары, еңбек ардагерлері қатысып, естеліктерін айтты. «Әрине, ауданда Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштер де, ерлігін ұлықтауға қатысты іс-шаралар да аз емес. Бірақ, Батыр Бауыржан – қай жерде де құрметтелуге лайық тұлға. Бұл белгі алдымен жас жеткіншектер, келер ұрпақ үшін қажет. Олар бүкіл ел мақтаныш тұтатын Батырдың осы ауылдан түлеп ұшқанын, өздері сияқты бала болып, осы мектепте оқығанын біліп өссін. Елін, жерін, Отанын Бауыржан батырдай сүйетін болсын. Оған ұстаздардан бастап бәріміз атсалысқанымыз жөн», – дейді Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Анар Ахметова.

Сәбит Күзембаев.

Жуалы ауданы.